2026 жылғы 8 шілдеде Республикалық адвокаттар алқасының кеңсесінде электрондық қылмыстық істер мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуді Республикалық адвокаттар алқасы ұйымдастырды. Оны өткізуге АЖ СДТБТ, «Төрелік», «Сот кабинеті» арқылы электрондық қылмыстық істердің материалдарымен танысу кезінде туындайтын практикалық қиындықтарға, сондай-ақ «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесімен өзара іс-қимыл мәселелеріне қатысты адвокаттардың өтініштері негіз болды.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, сондай-ақ адвокаттар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесуді аша отырып, РАА Төрағасының орынбасары Аманжол Мұхамедьяров қылмыстық сот ісін жүргізуді цифрландыру тек жеделдік пен қолайлылықты ғана емес, сонымен қатар қорғану құқығының толыққанды іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. Адвокат үшін іс материалдарына қол жеткізу техникалық мәселе емес, дәлелдемелерді тексерудің, қорғау ұстанымын дайындаудың және процеске тиімді қатысудың қажетті шарты болып табылады.
Кездесу барысында адвокаттар іс жүзінде қорғау тарапы электрондық қылмыстық іске бірыңғай, құрылымдалған және тексеруге болатын құжаттар жиынтығы ретінде әрдайым қол жеткізе алмайтынына назар аударды. Бірқатар жағдайларда адвокатқа жеке файлдар, сканерленген көшірмелер немесе жүктелген материалдар ғана қолжетімді болып, оларда ыңғайлы навигация, интерактивті тізімдеме, томдарға байланыс және құжаттарды іс материалдарымен жылдам салыстыру мүмкіндігі болмайды.
Негізгі мәселелердің бірі ретінде электрондық қылмыстық іс, қағаз түріндегі қосымшалар және «Сот кабинетінде» орналастырылған материалдардың арақатынасы қаралды. Адвокаттар бұл құжаттар жиынтығының құрамы мен құрылымы әрдайым сәйкес келе бермейтінін атап өтті. Мұндай жағдайда қорғау тарабы электрондық қылмыстық іске нақты қандай материалдар енгізілгенін, олардың қашан жүктелгенін, кімнің қол қойғанын және сотта нақты қандай құжаттардың зерттеліп жатқанын әрдайым тексере алмайды.
Проблемалық мәселелер бойынша Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Хамида Айтқалиева сөз сөйледі. Ол нақты адвокаттық тәжірибе негізінде электрондық қылмыстық іс, қағаз материалдар және сот сервистері арқылы қолжетімді құжаттар процеске қатысушылар тарапынан әртүрлі қабылданатын жағдайларды атап өтті. Әсіресе, электрондық қылмыстық істерді қарау кезінде соттардың электрондық қылмыстық істің басып шығарылған көшірмесі болып табыла бермейтін қағаз қосымшаларды зерттеуге көшетін жағдайларға ерекше назар аударылды.
Адвокаттардың пікірінше, мұндай тәжірибе жарыспалылық және тараптардың теңдігі қағидаттарының бұзылу қаупін тудырады. Қорғау тарабы өзінің процестік мәртебесі шегінде сот пен айыптау тарапы пайдаланатын материалдардың дәл сол көлемін көруге және тексеруге мүмкіндік алуы тиіс.
Сонымен қатар электрондық қылмыстық істерге аудио-, бейне- және өзге де электрондық файлдарды жүктеу мәселесі талқыланды. Кездесуге қатысушылар тиісті функционал болғанына қарамастан, мұндай материалдардың электрондық іс құрамына әрдайым енгізіле бермейтінін, бұл электрондық қылмыстық істің бірыңғай процестік дереккөз ретіндегі толықтығын төмендететінін атап өтті.
Адвокаттар сондай-ақ бір электрондық файлдың құрамында көптеген әртүрлі құжаттар болуы мүмкін екенін, ал файлдың атауы оның нақты мазмұнын әрдайым көрсете бермейтінін айтты. Бұл құжаттарды іздеуді, тексеруді, оларды тізімдемемен салыстыруды және іс материалдарымен толыққанды танысуды қиындатады.
Маңызды мәселелердің қатарында электрондық қылмыстық істің қалыптасу тарихын көру қажеттілігі де аталды: құжаттардың жүктелген уақыты, құжатты орналастырған тұлға туралы мәліметтер, электрондық қолтаңба туралы деректер және материалдардың шығу тегі мен толықтығын тексеруге мүмкіндік беретін өзге де белгілер. Адвокаттардың пікірінше, мұндай функция электрондық форматқа деген сенімді арттырып, іс материалдарының құрамы жөніндегі дауларды болдырмауға мүмкіндік береді.
Кездесуге қатысушылар мәселелердің тек сот сатысында ғана емес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында да туындайтынына назар аударды. Атап айтқанда, адвокат туралы мәліметтердің ақпараттық жүйеге уақытылы енгізілуі, қорғаушының іс материалдарына қол жеткізуі, процестік мерзімдердің сақталуы, сондай-ақ адвокаттық сауалдар арқылы қорғау үшін қажетті ақпаратты алу мүмкіндігі мәселелері талқыланды.
Талқылауға Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, РАА Төралқа мүшесі Игорь Вранчев, Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты, РАА Адвокатураның тәртіптік комиссиясының төрағасы Асель Токаева, Маңғыстау облысы адвокаттар алқасының адвокаты, РАА Төралқа мүшесі Артур Төлегенов қатысты.
Адвокаттар электрондық қылмыстық іс бір-бірімен байланысы жоқ файлдардың формалды жиынтығына айналмауы тиіс екенін атап өтті. Ол толыққанды процестік құрал болуы қажет: толық, құрылымдалған, іздеуге ыңғайлы, тексеруге болатын және процеске қатысушылар үшін өз өкілеттіктері шегінде бірдей қолжетімді болуы тиіс.
Мемлекеттік органдардың өкілдері ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі, іс материалдарымен танысудың қолданыстағы бизнес-процестері, техникалық шектеулер, сондай-ақ сервистерді интеграциялау перспективалары жөнінде түсіндірме берді. Әділет министрлігінің өкілдері «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесін дамыту және оны басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру бағытындағы жұмыстар туралы хабарлады. Адвокаттар қауымдастығының ұсыныстары уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен қосымша пысықтауды талап ететіні атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша РАА көтерілген мәселелерді жүйелеп, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға жолдау үшін жинақталған хат дайындауды ұсынды.
Республикалық адвокаттар алқасы қылмыстық сот ісін жүргізуді цифрландыру тиімділік міндеттеріне ғана емес, сонымен қатар әділ сот төрелігінің кепілдіктерін нығайтуға да қызмет етуі тиіс екенін атап өтеді. Адвокаттың электрондық қылмыстық іске нақты қол жеткізуі қорғану құқығын іске асырудың және сот төрелігінің электрондық құралдарына деген сенімді қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады.
РАА адвокаттардың электрондық қылмыстық істердің материалдарына толыққанды, ыңғайлы және тексеруге болатын қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеу мақсатында мемлекеттік органдармен жұмысты жалғастырады.

.jpeg)
.jpeg)