Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Республикалық адвокаттар алқасының Төралқасы Сізге адвокатура институтына тұрақты қолдау көрсеткеніңіз үшін шынайы алғысын білдіреді және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңды Парламенттің қарауына байланысты үндеу жасайды.
Аталған өзгерістер шетел азаматтарын қоса алғанда, заң консультанттарына әкімшілік істер бойынша қорғаушы ретінде, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен де қатысу құқығын береді.
2018 жылы заң консультанттары пайда болып, оларға қылмыстық және әкімшілік істерде қорғаушы болу құқығы берілмей, азаматтық істер бойынша кәсіби өкіл болу құқығына ие болды.
Аталған реформа қарсаңында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы, Еуропа Кеңесі, Халықаралық адвокаттар қауымдастығы және Халықаралық адвокаттар одағы (Достастық) өз қорытындыларын ұсынды. Бұл қорытындыларда мұндай сот өкілдерін енгізу және олардың реттеу моделі бойынша қарсылық негіздемелері көрсетілді. Алайда олардың ұсынымдары ескерілмеді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.А. Бектеновтың тапсырмасы бойынша жүргізілген реформаның нәтижелері талдануда, алайда оның қорытындылары әлі жарияланған жоқ. Соған қарамастан, заң консультанттарына қосымша өкілеттіктер беру жөніндегі түзетулер қабылдануда.
Біздің пікірімізше, заң консультанттарына кәсіби сот өкілі болу құқығын, әсіресе әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі істер бойынша қорғау құқығын беру, Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағына қайшы келеді. Аталған тармақ әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығын бекітеді.
Халықаралық стандарттарға сәйкес, кәсіби сот өкілі, судья мен прокурор сияқты, жеке тұлғалардан ерекшеленетін жария-құқықтық қызметті жүзеге асырады. Бұл мәртебе оған клиенттердің істері бойынша тінтулерден, тәркілеулерден, жауап алулардан иммунитет береді, адвокаттық құпияны қорғауды, соттарға еркін кіруді, сондай-ақ сот істерінің материалдары мен мемлекеттік органдардың қызметтік ақпараттарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Сондықтан, 1990 жылғы 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында БҰҰ қабылдаған «Адвокаттардың рөліне қатысты негізгі қағидалардың» 10-тармағына сәйкес, көптеген мемлекеттер бұл кәсіппен айналысуға тек өз азаматтарына ғана рұқсат береді.
Дәл осы кәсіби сот өкілінің жария-құқықтық мәртебесіне байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясының 13-бабында «құқықтық қызмет» емес «құқықтық көмек» алу құқығы белгіленген. Бұл адвокаттық көмектің кәсіпкерлік қызметтерден айырмашылығын көрсетеді, себебі кәсіпкерлік қызметтің мақсаты — пайда табу.
Конституцияда құқықтық көмектің білікті сипатының атап өтілуі тағы бір негізгі фактор болып табылады. Осыған байланысты, адвокаттық қызмет тарихи тұрғыда кәсіпкерлік емес деп танылады, және адвокаттарға қатаң талаптар қойылады, соның ішінде Қазақстан азаматтығының болуы, әділет органдарының қатысуымен үміткерлердің емтихан тапсыруы, қызметті лицензиялау, тәртіптік істерді құрамында қоғамдық өкілдері бар комиссиялардың қарауы, міндетті тәжірибе өту, мерзімдік аттестациядан өту, біліктілікті арттыру курстарынан өту, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметпен айналысуға және еңбек шартымен жұмыс істеуге шектеулер қойылады.
Заң консультанттарына адвокаттық құқықтар, артықшылықтар мен иммунитеттер беру жария-құқықтық өкілеттіктерді жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын негізгі сипаттамаларды бұзады. Заң консультанттарының қызметі кәсіпкерлік ретінде танылады, олар үшін Қазақстан азаматтығының болуы талап етілмейді, олар кез келген бизнес түрімен айналыса алады, сондай-ақ еңбек шарты бойынша жұмыс істеуге құқылы. Заң консультанттарын лицензиялаудың болмауы, сондай-ақ дайындау мен біліктілікті арттырудың бірізді стандарттарының жоқтығы олардың көрсетілетін құқықтық көмектің білікті сипатына сәйкес келуін қамтамасыз етпейді.
Қазіргі таңда осы кәсіпті реттеуші органдар болып табылатын 49 заң консультанттарының палатасы бар. Әр палата өз ережелері мен басқару органдарына ие. Палаталар мүшелерді тарту және ұстау қалу үшін бір-бірімен бәсекелеседі. Кейбір палаталарды шетел азаматтары басқарады. Палаталардың ортақ орталық ұйымы жоқ. Бұл адвокатура құрылымынан түбегейлі айырмашылықты білдіреді, өйткені адвокатурада кәсіби стандарттар, ұйымдар мен өзін-өзі басқару органдарының жүйесі бірегей болып табылады.
Заң консультанттарының азаматтық дауларға қатысуын әлі де болса белгілі бір дәрежеде негіздеуге болады. Алайда оларға әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қорғаушы болу құқығын беру, жария-құқықтық және жеке кәсіпкерлік қызметті одан әрі негізсіз араластыру болып табылады. Осыған ұқсас, заң консультанттарын мемлекеттік билік институтын қорғауға арналған ӘҚБтК-нің 33-бөліміне қосу, кәсіпкерлерді, соның ішінде шетел азаматтарын, жария-құқықтық кепілдіктерді иеленушілерге айналдырады.
Біз сондай-ақ мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесіне кәсіпкерлік уәждемесі бар 16 000 консультантты қосу бюджет шығындарын бірнеше есе арттыратынына сенімдіміз. Бұл ретте мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат қылмыстық істер бойынша қорғауды төлеу үшін де жеткіліксіз. Бүгінгі таңда адвокаттар алдындағы берешек жарты миллиард теңгені құрайды.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, осындай өзгерістердің салдарына назар аударуыңызды сұраймыз, өйткені олардан Қазақстан азаматтары зардап шегеді, еліміздің құқықтық тәртібі мен мемлекеттік қауіпсіздігі үшін елеулі тәуекелдер туындайды. Парламент осы заңды мақұлдаған жағдайда оны заң консультанттарына қосымша өкілеттіктер мен қорғау беру бөлігінде Конституциялық Сотқа Конституцияға сәйкестігін тексеру және Конституцияның 13-бабының 3-тармағына ресми түсініктеме беру мақсатында жіберуіңізді сұраймыз. Біз Конституциялық Соттың әділ шешім қабылдайтынына сенім білдіреміз, бұл құқықтық мемлекеттің құрылуы күшті және тәуелсіз адвокатурасыз мүмкін еместігі туралы 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында айтылған Сіздің бағдарламалық көзқарасыңызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.