Адвокатура институтының даму перспективаларын, Өзбекстан мен шет елдердің тәжірибесін Ташкенттегі әртүрлі елдердің адвокаттар қауымдастығының өкілдері БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасымен және заң мамандықтары өкілдеріне арналған Адам құқықтары саласындағы еуропалық оқыту бағдарламасымен (HELP) бірлесіп ұйымдастырған халықаралық адвокаттар конференциясында талқылады.
Ауқымды форум жұмысына Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Армения, Молдова, Ресей Федерациясы, Үндістан, Корея Республикасының Адвокаттық қоғамдастықтарының басшылары қатысты. Қазақстанның Республикалық адвокаттар алқасы атынан Төраға Айдын Бикебаев, РАА Төралқасының мүшелері Гүлнар Байғазина және Әсел Тоқаева өкілдік етті.
Конференция Қазіргі әлемдегі адвокатура мен адвокаттық қызметті цифрландыру, Өзбекстан тәжірибесі мен халықаралық тәжірибесі аясындағы ақысыз заң көмегі, адвокаттар қызметінің кепілдіктері, кәсіпкерлікті құқықтық сүйемелдеу, адвокаттардың біліктілігін арттыру мәселелеріне арналған төрт сессиядан тұрды.
Өзбекстан Республикасы адвокаттар палатасының төрағасы Әлім Эрназаров конференция қатысушыларына өзінің құттықтау сөзінде адвокатура уақыттың сын-тегеуріндеріне жауап беретінін және оның дамуының жаңа үрдістері конференция тақырыбында көрініс тапқанын атап өтті.
Өзбекстан Республикасы Сенаты төрағасының бірінші орынбасары Содик Сафоев 2016 жылдан бастап Өзбекстанда адвокатура институтын нығайтуға бағытталған реформалар жүргізіліп жатқанын және осы жылдың басында Өзбекстан Республикасы Президентінің Жарлығымен жаңа Өзбекстанның 2022-2026 жылдарға арналған Даму стратегиясы қабылданғанын хабарлады.
РАА төрағасы өз сөзінде Адвокаттық қызмет кепілдіктерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және адвокатураны одан әрі дамыту перспективалары туралы айтты. Баяндама тезистеріне сілтеме.
Гүлнар Байғазина адвокаттардың біліктілігін арттыру жүйесі аясында Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті. Баяндама презентациясына сілтеме.
Өз кезегінде Әсел Тоқаева кәсіпкерлікті құқықтық сүйемелдеумен байланысты мәселелерді талқылау барысында осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.
Ресей Федерациясының Федералды палатасының президенті Юрий Пилипенко "Тегін заң көмегі" панельді сессиясында сөйлеген сөзінде жақыннан бері Ресей Федерациясының барлық аймақтарында мемлекеттік заң бюроларын құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын, бұл саланы мемлекеттің өзі монополиялау перспективасы бар екенін атап өтті.
Оның айтуынша, ресейлік адвокатура бұл тәсілдің жақтаушысы емес, өйткені бүкіл ел бойынша мемлекеттік заң кеңселерін құру "мемлекеттік адвокатураның" қалыптасуына әкелуі мүмкін, бұл сөзсіз білікті заң көмегінің табиғатын айтарлықтай бұрмалауға әкеледі.
Әзірбайжан Республикасының адвокаттар алқасының төрағасы Анар Багиров 2020 жылдан бастап Әзірбайжан Республикасының адвокаттар алқасы ақысыз заң көмегін көрсетуге арналған қаражатты есепке алумен және мониторингпен айналысатынын айтты. Ақысыз заң көмегін көрсету жөніндегі жұмысты үйлестіру үшін Әзірбайжан Республикасының адвокаттар алқасы ақысыз заң көмегін көрсету жөніндегі орталықты құрды.
Қырғыз Республикасы Адвокатурасының төрағасы Билим Райымқұлов өткен жылы Қырғызстан Президенті адвокаттар съезіне қатысқанын, оның шеңберінде адвокатураның проблемалық мәселелері бойынша жекелеген тапсырмалар берілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта Қырғыз Республикасының адвокатурасы ақысыз заң көмегін көрсетуге қатысу үшін ақы төлеу тарифтерін әзірлеуге қатысады. Бұл ретте қылмыстық істер бойынша ақысыз заң көмегін алуға Қырғызстан азаматтары да, шетел азаматтары да, ал азаматтық істер бойынша ақысыз заі көмегін тек Қырғызстан азаматтары ғана алуға құқылы.
Форумды ұйымдастырушылар конференцияның негізгі мақсаттарына қол жеткізілгенін атап өтті. Түрлі елдердің адвокатураларының өкілдері тәжірибе алмасты. Цифрландыру дәуіріндегі адвокаттық қызметтің болашағы туралы сараптамалық пікірлерге шолу жасалды, үздік тәжірибелер және тегін заң көмегін көрсету саласындағы проблемалардың шешімдерін іздеу қарастырылды.
Конференция соңында Өзбекстан Республикасы адвокаттар палатасының Қазақстанның Республикалық адвокаттар алқасымен ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойылды.