home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ АДВОКАТ: КӘСІБИ ПАЙЫМДАУ ЖӘНЕ СЕНІМ

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ АДВОКАТ: КӘСІБИ ПАЙЫМДАУ ЖӘНЕ СЕНІМ

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ АДВОКАТ: КӘСІБИ ПАЙЫМДАУ ЖӘНЕ СЕНІМ
14.10.2026

А.Н. Мухамедьяров

Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары

Астана қ., Қазақстан Республикасы

 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ АДВОКАТ: КӘСІБИ ПАЙЫМДАУ ЖӘНЕ СЕНІМ

 

Аңдатпа. Мақалада жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде адвокаттың кәсіби міндеттері қалай қолданылатыны қарастырылады. Бастапқы мысал ретінде Mata v. Avianca ісі алынған: ол дереккөздерді сол жүйенің өзінен сұрау тәуелсіз тексеруді алмастырмайтынын көрсетті. Автор қолданыстағы Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексі мен «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мұндай жұмыстың құқықтық негізін қазірдің өзінде құрайтынын, алайда жалпы міндеттерді түсінікті практикалық әрекеттерге айналдыру қажет екенін негіздейді. IBA, ABA, CCBE және Калифорния адвокаттар алқасының құжаттарын салыстырмалы талдау негізінде үш деңгейлі үлгі ұсынылады: Кодекстегі жалпы талап, әдістемелік ұсынымдар және оқыту. Негізгі практикалық мәселелер ашылады: бастапқы дереккөзге дейін тексеру, мәліметтерді сыртқы сервистерге берудің жол берілетіндігі, жүйенің пайдаланушы ұстанымына бейімделу қаупі, автономды жүйелерді бақылау, жауапкершілік негіздері және гонорар. Міндетті талаптар мен ұсынылатын ұйымдастырушылық шараларды ажырату қажеттілігі жеке негізделеді. Заңгерлерді даярлауға жасанды интеллект нәтижесін кәсіби тексеруге арналған тапсырмаларды енгізу жөнінде ұсыныстар тұжырымдалған.

Түйін сөздер: адвокатура, жасанды интеллект, кәсіптік әдеп, кәсіби құзыреттілік, адвокаттық құпия, құпиялылық, кәсіби жауапкершілік, заңгерлік білім беру.

 

Негізгі ережелер

  1. Жасанды интеллект (бұдан әрі – ЖИ) жүйелерін қолдану адвокаттың кәсіби міндеттерінің мазмұнын өзгертпейді және оны жауапкершіліктен босатпайды; өзгеретіні – осы міндеттерді орындау тәсілі.
  2. Адвокаттардың Кәсіби әдеп кодексі және Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» Заңы адвокаттың ЖИ-мен жұмыс істеуі үшін жеткілікті құқықтық негіз қалыптастырады; одан әрі дамытуға практикалық түсіндірмелер қажет.
  3. Үш деңгейлі модель оңтайлы болып көрінеді: Кодекстегі жалпы талап, практикалық мәселелер бойынша әдістемелік ұсынымдар және оқыту.
  4. ЖИ нәтижесін тексеру бастапқы дереккөзге дейін жүргізілуі тиіс, ал тексерудің тереңдігі нәтиженің заңдық маңызына және ықтимал қателіктің салдарына сай болуы қажет.
  5. Мәліметтерді ЖИ жүйесіне берудің жол берілетін-жол берілмейтіндігі оларды жүктегенге дейін айқындалады; сенім білдірушінің келісімі басқа адамдар туралы мәліметтерге қатысты заңды негіздің орнын баспайды.
  6. Міндетті талаптарды ұсынылатын ұйымдастырушылық шаралардан ажырату қажет: жекелеген ұсынылатын шараны қолданбау өздігінен кәсіби міндеттердің бұзылғанын білдірмейді.

 

Кіріспе

ЖИ жүйелері қысқа уақыт ішінде заңгердің күнделікті жұмысына еніп кетті. Олар көлемді материалдарды тезірек зерделеуге, құжаттарды салыстыруға, жұмыс жобаларын дайындауға көмектеседі. Босаған уақытты адвокат сенім білдірушімен қарым-қатынасқа, дәлелдемелерді зерделеуге және процеске дайындыққа бағыттай алады. Технологияның пайдалылығын дәл осы нәтиже – заң көмегіне жүгінген адам алатын нәтиже арқылы бағалау қажет.

Сонымен бірге практика ЖИ нәтижесін тексермей пайдаланудың қандай салдарға әкелетінін көрсетті. Mata v. Avianca ісінде адвокаттар сотқа чат-боттың көмегімен дайындалған ойдан шығарылған сот шешімдерін ұсынған: істердің атаулары, деректемелері, соттардың есімдері мен дерексөздер көрсетілген. Дереккөздердің дұрыстығына күмән туындаған кезде адвокат сол жүйеден келтірілген істердің бірінің шынымен бар-жоғын сұрап, оң жауап алған. 2023 жылғы 22 маусымда сот екі адвокатқа және олардың фирмасына санкция қолданды; оған ойдан шығарылған дереккөздерді ұсыну және одан кейінгі адал емес мінез-құлық негіз болды. Бұл ретте сот сенімді ЖИ құралдарын жұмыста көмекші ретінде пайдалануға болатынын тікелей мойындады [1].

Бұл жағдай жалғыз мысал болып қалған жоқ. Зерттеуші Д. Шарлотин жүргізетін ашық дерекқорда 2026 жылғы қыркүйекке қарай әлемнің әртүрлі елдеріндегі соттар ЖИ жасаған ойдан шығарылған дереккөздерге және өзге де шынайы емес мазмұнға тап болған екі мыңнан астам сот шешімі жинақталған [2].

Осы мақала үшін Mata v. Avianca ісінде тексеру тәсілі ерекше маңызды: жүйе іс жүзінде өзін-өзі растаған. Осыдан жұмыстың бастапқы тезисі туындайды: кәсіби стандарт адвокаттың дайын жауаппен не істейтінінен – қандай дереккөздерді ашатынынан, қандай мән-жайларды нақтылайтынынан, қандай қорытындыларды қабылдамайтынынан және соңында қандай ұстамға келетінінен көрінеді.

Республикалық адвокаттар алқасында (бұдан әрі – РАА) Адвокаттардың Кәсіби әдеп кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар және ЖИ-ді қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар жобасы әзірленуде. Мақаланың мақсаты – қолданыстағы нормалармен қазірдің өзінде не реттелетінін және адвокатқа қандай практикалық түсіндірмелер қажет екенін айқындау, сондай-ақ осы ұсыныстардың негізіне алынған тәсілді негіздеу. Мәселенің өзектілігін екі жағдай күшейтеді: 2026 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» Заңы қолданысқа енгізілді [3], ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 86-бабында адвокатураның адамның сот арқылы қорғалуына және білікті заң көмегін алуына құқықтарын іске асырудағы рөлі бекітілді [4].

 

Материалдар мен әдістер

Зерттеудің нормативтік негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы [4], «Жасанды интеллект туралы» Заңы [3], «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңы [5], Қылмыстық-процестік кодекс [6], «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заң [7] және Адвокаттардың Кәсіби әдеп кодексі [8] құрады. РАА-ның адвокаттық қызметте ЖИ қолдану мәселелері бойынша ұстанымы [9], сондай-ақ Кодекске толықтыру енгізу жобасының және әдістемелік ұсынымдар жобасының жұмыс материалдары зерделенді.

Шетелдік тәжірибе кәсіби бірлестіктердің актілерімен ұсынылды: Халықаралық адвокаттар қауымдастығының (IBA) технологиялық құзыреттілік туралы мәлімдемесі [10], Америкалық адвокаттар қауымдастығының (ABA) № 512 қорытындысы [11], Еуропалық адвокаттар алқалары мен заң қоғамдары кеңесінің (CCBE) басшылық құжаттары [12; 13] және Калифорния адвокаттар алқасының практикалық басшылығы [14]. Эмпирикалық материал ретінде Mata v. Avianca ісі бойынша сот актісі [1] және сот шешімдерінің ашық дерекқорының мәліметтері [2] пайдаланылды.

Формалды-заң және салыстырмалы-құқықтық әдістер, ұсынымдық сипаттағы актілерді талдау, сондай-ақ типтік практикалық жағдайы қолданылды. Зерттеудің шектеуі – әдістемелік ұсынымдар жобасы әзірлену үстінде, сондықтан оның ережелері мақаланы дайындау күніндегі жағдай бойынша келтіріледі. Шетелдік құжаттар басқа құқықтық жүйелерді көрсетеді: олардан нақты нормалар емес, реттеу тәсілдері алынды.

 

Нәтижелер

1. Қолданыстағы құқықтық негіз

Адвокаттардың Кәсіби әдеп кодексі кәсіби шешімдердің дербестігін, құзыреттілікті, адалдықты және адвокаттық құпияны сақтауды талап етеді [8]. Бұл талаптар технологияларға байланыстырылмаған және сондықтан кез келген жұмыс құралын пайдалану кезінде қолданылады. «Жасанды интеллект туралы» Заңның 8-бабында жауапкершілік және бақылауда ұстау қағидаты бекітілген: жүйенің меншік иесі, иеленушісі және пайдаланушысы өз рөліне қарай оның жұмысын тиісті деңгейде бақылауды қамтамасыз етуге міндетті [3]. ЖИ жүйесін жұмыста қолданатын адвокат осы қағидаттың қолданылу аясына жатады.

Қолданыстағы нормалардың жеткіліктілігіне РАА-ның 2025 жылғы қыркүйекте жарияланған ұстанымында да сүйенілген; онда «Жасанды интеллект туралы» Заң күшіне енгеннен кейін әдеп ережелеріне қайта оралу қажеттігі атап етілген [9]. Демек, құқықтық негіз бар. Шешілмеген міндет басқа: жалпы міндетті түсінікті практикалық әрекеттерге айналдыру. Жүйенің жауабында нақты нені тексеру керек? Деректерді өңдеу шарттарын қалай бағалау қажет? Көмекшінің жұмысын қалай ұйымдастырған жөн? Адвокаттың жеке таңдауы қай жерде қажет? Бұл сұрақтарға кәсіби ұсынымдар жауап беруі тиіс.

2. Шетелдік бағдарлар

2024 жылғы мамырда IBA Кеңесі кәсіби құзыреттілік қағидатына түсіндірмені жаңартты. Онда технологиялық құзыреттілік электрондық коммуникацияларды тиімді пайдаланудан бастап ЖИ-мен жұмыс істеуге дейінгі ауқым ретінде сипатталған; заңгер технологиялардың мүмкіндіктерін, тәуекелдерін және этикалық салдарын түсінуі тиіс. Әзірлеушілер нақты құзыреттердің тізбесін белгілемеу үшін кең тұжырымдаманы мысалдармен қолдануды таңдаған, осылайша мәтіннің тез ескіруіне және шынайы емес талаптар белгіленуіне жол бермеуді көздеген [10].

2024 жылғы шілдеде ABA № 512 қорытындысын шығарды. Онда генеративті ЖИ-ге құзыреттілік, құпиялылық, клиентпен және сотпен қарым-қатынас, жұмысты ұйымдастыру және гонорар мәселелеріне қатысты қолданыстағы ережелердің қалай қолданылатыны көрсетілген [11]. CCBE-нің 2025 жылғы басшылығы да жаңа технологиялық жағдайларда негізгі кәсіби міндеттерді орындауды қарастырады [12], ал 2026 жылғы техникалық басшылық модельдерді орналастыру нұсқаларын және заңгердің жеткізушіден тексеруі тиіс шарттарды сипаттайды [13]. Бұл құжаттардың ортақ сипаты – тұрақты этикалық қағидаттарды, оларды нақтылайтын жекелеген ережелерді және практикалық түсіндірмелерді ұштастыру. Олардың ешқайсысы ЖИ үшін жаңа кәсіби әдеп жүйесін қалыптастырмайды.

 

3. Ұсынылатын модель

Қазақстан үшін де осындай тәсіл ұсынылады. Кодекстің 1-тармағына енгізілген толықтыру жобасында ЖИ қолдану кезінде заңнама мен кәсіби талаптарды сақтау қажеттігі тікелей көрсетіледі. Оның негізгі тұжырымы:

«Жасанды интеллект жүйелерін қолдану адвокатты Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Кодекске сәйкес кәсіби міндеттерді орындаудан және жауапкершіліктен босатпайды».

Практикалық мәселелерді әдістемелік ұсынымдарда және оқыту бағдарламаларында ашу ұсынылады. Осылайша модель үш деңгейден тұрады: Кодекстегі жалпы талап; технологиялардың өзгеруіне қарай толықтырылуы мүмкін әдістемелік ұсынымдар; кәсіби тексеру дағдысын қалыптастыратын оқыту. Төменде аса маңызды деп саналатын мәселелер қарастырылады.

 

4. Бастапқы дереккөзге дейін тексеру

Құқықтық сілтеме бойынша актінің бар-жоғын, оның қолданыста екенін және тиісті норма жасалған қорытындыны шынымен растайтынын анықтау қажет. Сот шешімін тексерген кезде істің мән-жайларын және сот ұстанымының мағынасын да тексеру қажет. Қолданыстағы сілтеме де дұрыс пайдаланылмауы мүмкін: ол басқа мәселеге, өзге юрисдикцияға қатысты болуы немесе реттеудің кейін өзгерген нұсқасына негізделуі ықтимал.

Ұсынымдар жобасында тексеруге пропорционалды тәсіл көзделген: тексерудің тереңдігі тапсырмаға, нәтиженің заңдық маңызына және ықтимал қателіктің салдарына байланысты болады. Тұжырымды редакциялау, процестік мерзімді есептеу және қорғау тәсілін таңдау әртүрлі көлемдегі жұмысты талап етеді. Адвокат қателіктің сенім білдірушінің құқықтарына тікелей әсер етуі мүмкін жағдайларды түсінуі маңызды.

 

5. Құпиялылық және мәліметтерді берудің жол берілуі

Деректер мәселесі жүйеден жауап алынғанға дейін туындайды. Типтік жағдай: адвокат қылмыстық іс материалдарының көшірмелерін алды және айғақтардағы қайшылықтарды анықтау үшін оларды ЖИ жүйесіне жүктегісі келеді. Іспен танысу және қорғау үшін оның материалдарын пайдалану құқығы бүкіл массивті сыртқы сервиске беруге автоматты түрде құқық бермейді.

«Жасанды интеллект туралы» Заңның 17-бабының 4-тармағында Қазақстан Республикасының заңдарымен қолжетімділігі шектелген деректерді өңдеу үшін жергілікті жүйелерді қолдану көзделген; мұндай жүйелерді оқыту және пайдалану иесінің (оператордың) инфақұрылымы шегінде, жалпы ортақ телекоммуникация желілеріне қосылмай жүзеге асырылады [3]. Нақты мәліметтерді желілік сервис арқылы өңдеуге жол берілетінін жеке құқықтық бағалау қажет.

Іс материалдары бір мезгілде адвокаттық құпияға, дербес деректерге [7] және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің қорғалатын мәліметтеріне қатысты болуы мүмкін. Сенім білдірушінің келісімі басқа қатысушылар туралы мәліметтерді берудің заңды негізін алмастырмайды және Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабында көзделген сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу талаптарын жоймайды [6].

Ақылы жазылымның болуы және сервистің «жабық жүйе» деп аталуы өздігінен құпиялылықты растамайды. Құжаттар модельді оқыту үшін пайдаланылмайтыны туралы шарттың болуы да жеткіліксіз: жеткізуші оларды ала ма, қай жерде және қанша уақыт сақтайды, кімдерге қолжетімді – осының бәрін тексеру қажет. Бұл шарттар жүктегенге дейін анықталуы тиіс. Ұсынымдар рұқсат етілетін жұмыс тәсілін таңдауға көмектесуі керек: қорғалған жергілікті өңдеу, іс материалдарын қолданбай жалпы құқықтық сұрақ қою немесе тек беруге болатын көлемдегі мәліметтерді пайдалану. Егер қорғау иесіздендіруге негізделсе, оны сыртқы сервиске бермей тұрып орындау қажет; бұл ретте тек тегі мен аты-жөнін алып тастау жеткіліксіз болуы мүмкін, ал тергеу құпиясы иесіздендіруден кейін де сақталуы ықтимал.

 

6. Жүйені пайдаланушының ұстанымына бейімдеу

Аз байқалатын, бірақ кем емес маңызды тәуекел – жүйенің пайдаланушының қате ұстанымына сенімді нысан бере алуы: сұраудың тұжырымына бейімделіп, ұсынылған қорытындыны қолдауы. Бұл тәуекелге CCBE тікелей назар аударады [12]. Егер адвокат өз пікірін растайтын дәлелдерді іздеуді сұраса, алынған жауаптың толықтығы мен негізділігі әлі де тексерілуі тиіс. Адвокат өз ұстанымының осал тұстарын көруі, қарсы тараптың дәлелдерін ескеруі және әрбір нұсқаның нақты салдарын сенім білдірушімен талқылауы қажет. Кәсіби шешім нақты адамның жағдайы мен мақсаттарын түсінуді қамтиды және жүйе дайын қорытынды ұсынғандықтан ғана бұл жұмыс орындалды деп есептеуге болмайды.

 

7. Автономды жүйелер

Бірнеше бірізді әрекетті өздігінен орындайтын құралдар кәсіби бақылаудың сақталуы мәселесін туындатады. «Жасанды интеллект туралы» Заң жүйелерді автономдылық дәрежесіне қарай ажыратады [3]. Калифорния адвокаттар алқасы 2026 жылғы мамырда практикалық басшылығын жаңартып, мұндай жүйелерді жеке қарастырды: адвокат олардың көмегімен дайындалатын және жіберілетін шешімдерге, кеңестерге және құжаттарға мазмұндық бақылауды сақтауы тиіс, ал жүйенің автономдылығы жоғары болған сайын бақылау мен тексеру тетіктерінің маңызы арта түседі [14].

 

8. Жауапкершіліктің негіздері

Жауапкершіліктің негіздері заңмен және Кодекспен нақты жағдайларды ескере отырып айқындалуы тиіс. Адвокаттың жұмысын бағалау кезінде қандай кәсіби міндеттің бұзылғанын нақты анықтау қажет; ЖИ-ді қолданудың өзі құқық бұзушылық болып табылмайды. Қолданыстағы Кодексте, атап айтқанда, сенім білдірушіден алынған мәліметтерге қатысты арнайы ескертпелер бар [8]; оларды да ескеру қажет. Сондықтан ұсынымдар жобасында міндетті талаптар ұсынылатын ұйымдастырушылық шаралардан ажыратылған. Жекелеген ұсынылатын шараны қолданбау өздігінен кәсіби міндеттердің бұзылғанын білдірмейді.

 

9. Гонорар

ABA-ның № 512 қорытындысында сағаттық ақы төлеу кезінде нақты жұмсалған уақыт, оның ішінде сұрау дайындау, алынған нәтижені тексеру және пысықтау уақыты ескерілетіні түсіндіріледі; гонорарды айқындаудың өзге тәсілдері оның ақылға қонымдылығына қатысты қолданылатын ережелер негізінде бағаланады [11]. Қазақстандық практика үшін бұл ең алдымен сенім білдірушімен жұмыстың мазмұны мен ақы төлеу шарттарын алдын ала талқылауға себеп.

 

10. Заңгерлерді даярлау

Оқыту бағдарламаларына ЖИ нәтижесін кәсіби тексеруге арналған тапсырмаларды енгізу ұсынылады. Студентке немесе тағылымдамадан өтушіге дайын құқықтық мәтін беріп, расталмаған тұжырымдарды табуды, нормалардың редакцияларын тексеруді, назардан тыс қалған тәуекелді анықтауды және өз шешімін түсіндіруді ұсынуға болады. Талқылау барысында ол неліктен бір сілтемеге сенетінін, ал екіншісін не себепті қабылдамайтынын көрсетуі тиіс. Мұндай оқыту тәжірибелі адвокатқа да қажет дағдыны дамытады: өз білімінің шегін түсіну, күмәнді тұстарды байқау және бастапқы дереккөзге дер кезінде жүгіну. Ұсынымдар жобасында ЖИ және адвокаттық құпияны қорғау мәселелері біліктілікті арттырумен байланыстырылады.

 

Талқылау

Бірінші пікірталас мәселесі – егжей-тегжейлі ережелерді тікелей Кодекске неге енгізбеу керек деген сұрақ. Технологиялар әдеп кодекстеріне қарағанда жылдамырақ өзгереді, сондықтан егжей-тегжейлі норма қабылданғаннан кейін көп ұзамай ескіріп қалуы мүмкін. IBA түсіндірмесін әзірлеушілер де нақты құзыреттердің тізбесін жасаудан бас тартқанда осыны басшылыққа алған [10]. Әдістемелік ұсынымдар жалпы талаптарға әсер етпей, практикалық бағдарларды нақтылауға мүмкіндік береді.

Ұсынымдардың ұсынымдық сипаты сенім білдірушінің кепілдіктерін әлсіретеді деген қарсылық болуы мүмкін. Бұл пікірмен келісу қиын. Міндетті өзек – шешімдердің дербестігі, құзыреттілік, адалдық, адвокаттық құпия – заңда және Кодексте сақталады. Міндетті талаптар мен ұсынылатын шараларды ажырату, керісінше, айқындылықты арттырады: сенім білдіруші өзіне не талап етуге болатынын, адвокат не үшін жауап беретінін, ал тәртіптік органдар қандай мәселені бағалайтынын түсінеді.

Тексеруге пропорционалды тәсілдің де қиындықтары бар: нақты бағдарлар болмаса, ол әртүрлі қолданылуы мүмкін. Сондықтан ұсынымдарда оны қателік сенім білдірушінің құқықтарына тікелей әсер ететін жағдайларды көрсететін типтік мысалдармен толықтырған орынды.

Бірқатар мәселелер ашық күйінде қалып отыр және кәсіби қоғамдастықтың одан әрі талқылауын қажет етеді: қандай жағдайларда сенім білдірушіге ЖИ қолданылғанын хабарлау қажет; жеткілікті иесіздендірудің өлшемдері қандай; жергілікті шешімдер жеке практикамен айналысатын адвокаттарға қаншалықты қолжетімді. CCBE-нің техникалық басшылығы модельдерді жергілікті орналастыру шағын практика үшін де нақты нұсқаға айналып келе жатқанын көрсетеді [13], алайда Қазақстан жағдайында бұл қорытынды жеке зерттеуді қажет етеді. Бұл мәселелерді адвокатура мен заң жоғары оқу орындары бірлесіп шешкені орынды.

 

Қорытынды

Қазақстанның қолданыстағы құқығында адвокаттың ЖИ-мен жұмыс істеуі үшін қажетті негіз қазірдің өзінде бар. Кәсіби қоғамдастықтың міндеті – Кодексте ЖИ қолдану адвокатты кәсіби міндеттер мен жауапкершіліктен босатпайтыны туралы жалпы талапты бекіту, ал практикалық мәселелерді әдістемелік ұсынымдар мен оқыту бағдарламаларында ашу.

Конституцияның 86-бабы адвокатураның адамның сот арқылы қорғалуына және білікті заң көмегін алуына құқықтарын іске асырудағы рөлін бекітеді [4]. Технологиялармен жұмыс істеу үшін бұл түсінікті бағдар береді: шешімдерді олардың нақты адамды қорғауға қалай көмектесетіні тұрғысынан бағалау қажет. Егер ЖИ-мен жұмыс істегеннен кейін адвокат сенім білдірушіге кеңестің қандай тексерілген деректерге негізделгенін, қандай тәуекелдердің сақталып отырғанын және неге дәл осы жол таңдалғанын түсіндіре алса, технология оған кәсіби міндетін орындауға көмектеседі.

 

Пайдаланылған дереккөздер

1. Mata v. Avianca, Inc., No. 22-cv-1461 (PKC), 678 F. Supp. 3d 443 (S.D.N.Y. June 22, 2023).

2. Charlotin D. AI Hallucination Cases Database. URL: https://www.damiencharlotin.com/hallucinations/.

3. Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 17 қарашадағы № 230-VIII ҚРЗ «Жасанды интеллект туралы» Заңы. URL: https://adilet.zan.kz/rus/docs/Z2500000230.

4. Қазақстан Республикасының Конституциясы: 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған.

5. Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 5 шілдедегі № 176-VI ҚРЗ «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңы (өзгерістер мен толықтырулармен).

6. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V ҚРЗ Қылмыстық-процестік кодексі (өзгерістер мен толықтырулармен).

7. Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 мамырдағы № 94-V «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңы (өзгерістер мен толықтырулармен).

8. Адвокаттардың Кәсіби әдеп кодексі: адвокаттар алқалары делегаттарының Екінші республикалық конференциясында 2014 жылғы 26 қыркүйекте бекітілген (өзгерістер мен толықтырулармен). URL: https://advokatura.kz/ru/document/182.

9. Қазақстан Республикасының Республикалық адвокаттар алқасының адвокаттық қызметте жасанды интеллектті пайдалану мәселелері бойынша ұстанымы. 2025 жылғы 15 қыркүйек. URL: https://advokatura.kz.

10. International Bar Association. Legal Technological Competence Statement for the IBA International Principles on Conduct for the Legal Profession (approved by the IBA Council on 25 May 2024). URL: https://www.ibanet.org.

11. American Bar Association, Standing Committee on Ethics and Professional Responsibility. Formal Opinion 512: Generative Artificial Intelligence Tools. July 29, 2024.

12. Council of Bars and Law Societies of Europe (CCBE). CCBE Guide on the Use of Generative AI by Lawyers. 2 October 2025. URL: https://www.ccbe.eu.

13. Council of Bars and Law Societies of Europe (CCBE). CCBE Technical Guide on the Use of AI Tools and Models by Lawyers. Edition 2026. 27 March 2026. URL: https://www.ccbe.eu.

14. The State Bar of California, Standing Committee on Professional Responsibility and Conduct. 2026 Practical Guidance for the Use of Generative Artificial Intelligence in the Practice of Law. May 2026. URL: https://www.calbar.ca.gov.