home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары РАА АДВОКАТУРАНЫҢ ТӘРТІПТІК КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЛАУАЗЫМЫНА БЕС КАНДИДАТ ҰСЫНЫЛДЫ

РАА АДВОКАТУРАНЫҢ ТӘРТІПТІК КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЛАУАЗЫМЫНА БЕС КАНДИДАТ ҰСЫНЫЛДЫ

РАА АДВОКАТУРАНЫҢ ТӘРТІПТІК КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЛАУАЗЫМЫНА БЕС КАНДИДАТ ҰСЫНЫЛДЫ
09.11.2026

Республикалық адвокаттар алқасына бес кандидатураны ұсыну туралы құжаттар келіп түсті. Үміткерлер туралы ақпарат өтініштер мен ұсынымдардың келіп түсу ретімен жарияланып отыр.

Құжаттарын алғаш болып Шымкент қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Усетов Бахыт Сеилханович ұсынды. Адвокаттық практика өтілі: 11 жыл. Ол 2022 жылғы қарашадан бері РАА Төралқасының мүшесі. Төралқадағы өкілеттік мерзімі 2026 жылғы қарашада аяқталады. Кандидатурасы Шымкент қаласы адвокаттар алқасы конференциясының 2026 жылғы 31 қазандағы шешімімен ұсынылды.

Келесі болып Хамитов Тлек Нурович, Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокатын ұсыну туралы құжаттар келіп түсті. Адвокаттық практика өтілі: 15 жылдан астам. 2025 жылғы наурыздан бастап Адвокатураның тәртіптік комиссиясының мүшесі. Бұған дейін Атырау облыстық адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясын алғаш болып басқарды, сондай-ақ сол алқаның Төралқа құрамына кіреді.

Евниев Рашид Бекитович, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, алқа төрағасының орынбасары және осы алқаның Төралқа мүшесі. Адвокаттық практика өтілі: 7 жылдан астам. Ол 2022 жылғы қарашадан бері РАА Төралқасының мүшесі, өкілеттік мерзімі 2026 жылғы қарашада аяқталады. Бұған дейін РАА Ғылыми-консультативтік кеңесі хатшысының міндетін атқарды, Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмысына қатысты.

Демесинов Алмас Аманболович, Жетісу облыстық адвокаттар алқасының адвокаты. Адвокаттық практика өтілі: 10 жылдан астам. Ол 2022 жылдан бері РАА Төралқасының мүшесі және Жетісу облыстық адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясының құрамына кіреді. РАА Төралқасындағы өкілеттік мерзімі 2026 жылғы қарашада аяқталады.

Соңғы болып Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Абдулина Эльвира Махсатовнаның кандидатурасы ұсынылды. Адвокаттық практика өтілі: 11 жылдан астам. Ол 2021 жылғы қарашадан 2025 жылғы қарашаға дейін РАА Төралқасының мүшесі болды және адвокаттық өзін-өзі басқару органдарында жұмыс тәжірибесі бар.

Адвокатураның тәртіптік комиссиясы адвокаттардың тәртіптік комиссиялары шешімдеріне берілген шағымдарды қарайды, адвокаттар алқалары мен Республикалық адвокаттар алқасының басқару органдары мүшелерін тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселелерін шешеді, сондай-ақ тәртіптік практиканы қорытады. Комиссия жұмысының сапасы тәртіптік практиканың бірізділігіне, кәсіптік әдептің сақталуына және адвокатураның өзін-өзі басқару тетіктеріне деген сенімге тікелей ықпал етеді.

13 қарашада Адвокатураның тәртіптік комиссиясы төрағасы лауазымына кандидаттармен адвокаттардың онлайн кездесуі өтеді. Қатысушылар кандидаттарға комиссия жұмысына көзқарасы, тәртіптік практика, кәсіптік әдеп және адвокатура тәуелсіздігінің кепілдіктері туралы сұрақтар қоя алады.

Нақты шағымдарға, аяқталған не қаралып жатқан тәртіптік істерге қатысты сұрақтар қою ұсынылмайды. Мұндай мәселелер барлық қатысушылардың құқықтары сақтала отырып, белгіленген рәсім шеңберінде қаралуға тиіс.

Тіркелу және онлайн кездесуге қосылу тәртібі туралы ақпарат Республикалық адвокаттар алқасының сайтында апта ішінде қосымша жарияланады.

Адвокатураның тәртіптік комиссиясы төрағасын 2026 жылғы 21 қарашада Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясының делегаттары сайлайды.