Алматы қаласы мен Қарағанды облысында соттар адвокаттарды лицензиясынан айыру туралы талап қоюларды қанағаттандырудан бас тартты. Екі жағдайда да адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау ісіне Республикалық адвокаттар алқасының (РАА) Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы қатысты.
2026 жылғы 26 тамызда Алматы қаласының Бостандық аудандық соты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокатын лицензиясынан айыру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартты.
Бұған дейін адвокат өзінің кәсіби құқықтарын қорғау мақсатында РАА-ның Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясына жүгінген болатын. Ұсынылған материалдарды зерделеген Комиссия 2026 жылғы 18 мамырда қорытынды дайындап, онда адвокаттың кәсіби құқықтарының бұзылғанын және сотқа талап қоюмен жүгінудің заңда белгіленген тәртібі сақталмағанын атап өтті.
Сот талқылауы барысында РАА мен Алматы қалалық адвокаттар алқасы Әділет министрлігінің талаптарын қанағаттандыруға қарсы ұстаным білдірді.
Сот талап қоюдың «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабында көзделген рәсім сақталмай берілгенін анықтады. Сонымен қатар адвокатқа бұрын қолданылған тәртіптік жаза РАА Адвокатураның тәртіптік комиссиясының шешімімен күшін жойған, ал құқық бұзушылықтардың болмауына байланысты тәртіптік іс жүргізу тоқтатылған.
Екінші іс Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Асхат Сулубекке қатысты болды.
Адвокатты лицензиясынан айыру туралы талап қою берілуіне байланысты Асхат Сулубек өзінің кәсіби құқықтарын қорғау үшін РАА-ға жүгінді.
Комиссия сот актілерін, тәртіптік іс жүргізу материалдарын және істің мән-жайларын зерделеді. 2026 жылғы 9 шілдедегі қорытындысында Комиссия адвокаттық қызметтің тәуелсіздігіне берілген кепілдіктерді сақтау және адвокаттың кәсіби қызметіне негізсіз араласуға жол бермеу қажеттігін атап өтті.
Комиссия адвокаттың кәсіби құқықтары бұзылған деген қорытындыға келіп, оларды қорғау жөнінде шаралар қабылдауды, оның ішінде сотта істі қарау барысында қолдау көрсетуді ұсынды.
2026 жылғы 13 тамызда Қарағанды облысының Шет аудандық соты Әділет департаментінің адвокатты лицензиясынан айыру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартты.
2026 жылғы 29 қазанда Қарағанды облыстық соты аталған шешімді өзгеріссіз қалдырып, Әділет департаментінің апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.
Сот Әділет департаментінің лицензия беруші органның өкілеттіктеріне ие емес екенін және мұндай талап қоюмен сотқа өз бетінше жүгінуге құқығы жоқ екенін анықтады. Сондай-ақ адвокаттың пайдасына өкілдің көмегіне ақы төлеуге жұмсалған 100 мың теңге мөлшеріндегі шығыстар өндірілді.
Сот шешіміне қатысты пікір білдірген Асхат Сулубек өзінің кәсіби құқықтарын қорғауға атсалысқан Республикалық адвокаттар алқасына, Қарағанды облыстық адвокаттар алқасына және барлық әріптестеріне алғысын жеткізді.
«Бұл іс біздің бірлігіміз бен кәсіби ынтымақтастығымыздың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетті. Біз тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана негізсіз талап қоюларға қарсы тұрып, адвокаттық қызметтің тәуелсіздігін қорғай аламыз», – деп атап өтті адвокат.
Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау РАА қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Комиссия адвокаттардың өтініштерін қарайды, құқықтық талдау жүргізеді, қорытындылар дайындайды және олардың кәсіби құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды ұсынады.
Республикалық адвокаттар алқасы алдағы уақытта да адвокатураның тәуелсіздігін қамтамасыз ету және адвокаттардың заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысын жалғастырады.