2026 жылғы 1 қазанда Республикалық адвокаттар алқасы және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекенмен» бірлесіп, кәсіпкерлерге арналған «Тінту, алу, жауап алу және ұстау кезінде қалай әрекет ету керек» атты Әдістемелік ұсынымдарды таныстырды.
Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Гульнара Қадыржанқызы Бижанова, Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Аманжол Нурланович Мухамедьяров, Ғылыми-консультативтік кеңестің төрағасы Сисенбай Сарсембаевич Дельманов және Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Артур Куанышевич Тулегенов қатысты.
Әдістемелік ұсынымдар Республикалық адвокаттар алқасы мен «Атамекен» ҰКП-ның бірлескен жұмысы аясында әзірленді және кәсіпкерлерге, ұйымдардың басшылары мен қызметкерлеріне арналған. Құжатта тінту, алу, жауап алу және ұстау кезінде жасалуы тиіс негізгі әрекеттер, сондай-ақ процестік құқықтарды іске асыру және адвокаттың қатысуына қатысты мәселелер жүйелі түрде баяндалған.
Құжатта болып жатқан жағдайларды тіркеуге, хаттамаға ескертулер енгізуге, құжаттармен және электрондық тасымалдағыштармен жұмыс істеу тәртібіне, сондай-ақ коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты қорғауға ерекше назар аударылған.
Жекелеген бөлімде тергеу әрекеттерін жүргізу кәсіпорынның жұмысына әсер етуі мүмкін жағдайлар қарастырылған. Ұсынымдарда қажетті деректерге қолжетімділікті сақтау, электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау және ұйым қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылған.
Практикалық қолдану үшін құжатқа чек-парақтар және процестік құжаттардың үлгілері (өтініштер, қолдаухаттар, қарсылықтар) енгізілген.
Әдістемелік ұсынымдар кәсіпкерлер мен ұйымдардың ықтимал процестік жағдайларға алдын ала дайындалуы, сондай-ақ тергеу әрекеттері тікелей жүргізіліп жатқан кезде практикалық тұрғыдан қолдануы үшін әзірленген материал болып табылады.