home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары Республикалық адвокаттар алқасының (РАА) РАА төрағасын сайлау тәртібіне қатысты түсініктемесі

Республикалық адвокаттар алқасының (РАА) РАА төрағасын сайлау тәртібіне қатысты түсініктемесі

Республикалық адвокаттар алқасының (РАА) РАА төрағасын сайлау тәртібіне қатысты түсініктемесі
29.10.2025

Республикалық адвокаттар алқасы делегаттар корпусын құру және РАА төрағасын сайлау тәртібін түсіндіреді.

1. РАА төрағасын сайлау Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңы, РАА Жарғысы және Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясының Регламентіне толық сәйкес түрде өткізіледі.

Конференция делегаттары заңға және аумақтық адвокаттар алқаларының жарғыларына сәйкес сайланған адвокаттардан, сондай-ақ РАА төралқасының мүшелерінен тұрады.

Конференция делегаттарының өкілеттігін айқындау мақсатында РАА төралқасы оның мүшелері арасынан аумақтық адвокаттар алқалары сайлаған делегаттардың өкілеттіктерін алдын ала тексеру үшін Мандаттық комиссия құрады.

Республикалық конференция делегаттарының тізімі РАА Төралқасына ұсынылған жиналыстар (конференциялар) немесе аумақтық адвокаттар алқалары төралқасының өз делегаттарын Конференцияға сайлау туралы хаттамаларынан үзінді көшірмелер негізінде жасалады.

Делегаттардың өкілеттіктерін тексеру нәтижелері бойынша Мандаттық комиссия аумақтық адвокаттар алқаларынан Конференцияға делегаттар тізімін және хаттаманы жасайды, оған мандаттық комиссияның Төрағасы, мүшелері қол қояды және Конференция басталғанға дейін РАА Төралқасының назарына жеткізіледі.

Мандаттық комиссия РАА Төралқасының таяудағы отырысында құрылатын болады. РАА-ға аумақтық адвокаттар алқаларынан делегаттардың тізімдері ол құрылғаннан кейін келіп түсе бастайды.

Осы уақытқа дейін әрбір адвокат өз алқасында сол өңірден болатын делегаттардың тізімімен таныса алады және оған құқылы.

2. «Сайлаудың ашық еместігі» және «делегаттардың жасырындығы» туралы айтылған мәлімдемелер шындыққа сәйкес келмейді.

Делегаттарға қатысты заңмен белгіленген рәсім барлық аумақтық алқалардың тең өкілдігін қамтамасыз етеді. Сайлаудың өзі жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі. Дауыстарды есептеуді Конференция делегаттарының дауысымен сайланатын Есеп комиссиясы жүзеге асырады. Барлық делегаттар адвокаттық қызметті жүзеге асырып жүрген адвокаттар болып табылады. Дауыс беру жәшігі залдың ортасына орналастырылады және оны барлығы бақылай алады.

РАА заңды тұлғалар – аумақтық адвокаттар алқаларының бірлестігі болып табылады. Мұндай жүйе әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істейді. Делегаттық жүйе – көптеген елдердің, соның ішінде Еуропа мемлекеттерінің адвокатурасында қалыптасқан халықаралық тәжірибе болып табылады, онда съездер аймақтық алқалардың өкілдері арқылы ұйымдастырылады.

3. Тәртіптік комиссия төрағасының сайлауға қатысуы заңды бұзбайды.

Тәртіптік комиссия алқалы орган болып табылады, оның мүшелері РАА Төрағасы мен РАА Төралқасына бағынбайды және аумақтық алқаларға әкімшілік ықпал етпейді. Тәртіптік органдардың тәуелсіздік қағидаты тек тәртіптік істерді қарау тәртібіне қатысты. Комиссия төрағасы мен мүшелері, сондай-ақ Төралқа мүшелері адвокаттар болып табылады және өзін-өзі басқару органдарының сайлауына қатысуға құқылы.

4. «Бір адвокат – бір дауыс» қағидаты осыған дейін «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға түзету ресми түрде ұсынылған болатын (адвокаттық референдум түрінде). Түзету Парламентке әлі енгізілген жоқ.

Қолданыстағы заңнама РАА құрылтайшылары – аумақтық алқалары арқылы қатысудың өкілдік нысанын көздейді. Бұл ретте РАА органдарын сайлауда адвокаттардың тікелей дауыс беруі үшін РАА-ға адвокаттардың тікелей мүшелігін енгізу қажет. Бүгінгі таңда аумақтық адвокаттар алқалары РАА құрылтайшылары болып табылады. Корпоративтік құқық тұрғысынан құрылтайшылар өздері құрған ұйымның барлық негізгі мәселелерін шешеді.

Қазақстанда адвокаттардың РАА-ға тікелей мүшелігі туралы мәселе әрқашан пікірталас тудырды. Бірнеше рет талқылаулар болды. Сонымен қатар, біздің елімізде тарихи тұрғыдан, әлемнің көптеген елдеріндегідей, адвокаттар аумақтық адвокаттар алқалары мүшелері болып табылады. Мұндай жағдайларда орталық ұйым құрылуы керек деген халықаралық ұйымдардың ұсыныстары бар. Қазақстандағы мұндай ұйым РАА болып табылады. Бұл ретте халықаралық ұйымдар аумағы үлкен елдерде адвокаттардың жергілікті адвокаттар алқасына мүшелігін қамтамасыз етуді ұсынады, ол олардың барлық мәселелерін сол жерде жедел шешуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл мәселе бойынша пікірталас жалғасуы керек және де адвокаттардың көпшілігі РАА-ға тікелей мүшелікке қатысуды қолдаған жағдайда, заңнамалық түзетулер қабылдануы тиіс.

Республикалық адвокаттар алқасы сайлаудың барлық қатысушылары мен кәсіби қоғамдастық мүшелерін фактілерге негізделмеген жария мәлімдемелерден бас тартуға және кәсіби этика нормаларын сақтауға және адвокаттық өзін-өзі басқару институттарын құрметтеуге шақырады.