Республикалық адвокаттар алқасының Төрағасы Айдын Бикебаев «Конституциялық өзгерістер. Заң және тәртіп» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, Жоғарғы Соттың Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров, Конституциялық Соттың судьясы, конституциялық реформалар жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Оңғарбаев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов, Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Марат Башимов, Мұрат Әбенов, Бақытжан Базарбек, сондай-ақ еліміздің жетекші ғалымдары мен заңгерлері қатысты.
Дөңгелек үстелде конституциялық реформаларды іске асырудың негізгі аспектілері, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту мәселелері, сондай-ақ құқықтық институттарды дамыту талқыланды.
Өз сөзінде РАА Төрағасы адвокатураның әділет жүйесінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Ол азаматтарға құқықтық қорғауға қолжетімділікті қамтамасыз ете отырып, жария-құқықтық функцияны орындайды. Адвокаттардың кәсіби қызметіне кепілдіктерді күшейткен заңнамадағы өзгерістерге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ сотта өкілдік ету саласындағы жария-құқықтық қызмет пен кәсіпкерліктің аражігін ажырату қажеттілігі талқыланды. Осыған байланысты Айдын Бикебаев адвокаттардың мәртебесін, иммунитеттерін және кәсіби артықшылықтарын олардың тәуелсіздігі мен өз міндеттерін тиімді орындаудың маңызды кепілдіктері ретінде одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.
Мәжіліс депутаты, профессор Марат Башимов пен директоры, профессор Индира Аубакирова басқаратын ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты ұйымдастырған дөңгелек үстел биліктің түрлі тармақтары мен құқықтық қауымдастық өкілдері арасындағы кәсіби диалог үшін маңызды алаң болды.