29-30 мамыр күндері Ташкент қаласында «Tashkent Law Spring» атты IV Халықаралық заң форумы өтті. Биылғы форумның басты тақырыбы – «Цифрлық технологиялар дәуірі: болашаққа құқықтық көзқарас».
Қазақстандық адвокатура атынан форумға Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев қатысып, Өзбекстан Адвокаттар палатасының төрағасы Шухрат Садықовтың арнайы шақыруымен «Қазіргі жағдайда адвокаттық қызметті ұйымдастыру моделі» тақырыбында баяндама жасады.
Форумға 40 елден 1000-нан астам қатысушы – заңгерлер, IT-мамандар, ғалымдар және бизнес-сарапшылар жиналды. Бағдарлама аясында цифрландырудың құқықтық аспектілері мен халықаралық ынтымақтастықты қамтитын 20-дан астам сессия өткізіліп, 120-дан астам спикер сөз сөйледі. Сонымен қатар, алғаш рет жастарға арналған форум ұйымдастырылды.
Форумда Әзербайжан, Грузия және Түркия адвокаттар ұйымдарының жетекшілері Анар Багиров, Давид Асатиани және Эрнич Сагкан да өз ойларымен бөлісті.
Ашылу салтанатында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің қатысушыларға арнаған құттықтауын Президент кеңесшісі Русланбек Давлетов оқып берді.
Форум барысында заманауи цифрлық технологиялардың әлемді тез өзгертіп, құқықтық жүйе үшін жаңа сын-тегеуріндер тудырып отырғаны атап өтілді. Құқықтық реттеудің негізгі тәсілдерінің әмбебаптығына қарамастан, оларды қазіргі шындыққа бейімдеу қажеттілігі айтылды. Бұл әр түрлі тараптардың — заңгерлердің, ғалымдардың, технологтардың және сарапшылардың цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына сәйкес келетін құқықтық нормаларды әзірлеу процесіне қатысуын талап етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форум осындай өзара іс-қимыл үшін маңызды алаңға айналып, әртүрлі елдердің әділет органдарының өкілдерін ғана емес, сонымен қатар құқықтану, цифрландыру және бизнес саласындағы халықаралық сарапшыларды біріктіреді.