2025 жылғы 19 қыркүйекте Республикалық адвокаттар алқасының кеңсесінде аумақтық адвокаттар алқаларының тәртіптік тәжірибесіне арналған кеңес өтті. Іс-шараға тәртіптік комиссиялардың төрағалары, РКА басшылығы және Әділет министрлігінің өкілдері қатысты.
Қатысушыларға құттықтау сөзін РКА Төрағасы Айдын Бикебаев және ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру комитетінің төрайымы Венера Калимова арнады. Негізгі баяндаманы РКА Адвокатураның тәртіптік комиссиясының төрайымы Әсел Токаева жасады.
2023 жылдан 2025 жылдың бірінші жартысына дейінгі кезеңде:
РКА Тәртіптік комиссиясының 64 отырысы өткізілді,
117 материал қаралды (адвокаттардың, азаматтардың, әділет органдарының шағымдары мен сот актілері),
аумақтық адвокаттар алқаларының деректері бойынша 646 тәртіптік іс қозғалды,
еліміз бойынша 307 адвокат тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұзушылықтар расталған жағдайда қатаң шаралар қолданылады:
тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың әр оныншысы дерлік алқадан шығарылды (екі жыл ішінде республика бойынша 23 жағдай),
қатаң сөгіс пен сөгістер барлық жазалардың 51%-ын құрайды,
ескертулер мен ескертпелер тек клиенттің құқығына нұқсан келтірмейтін формалды бұзушылықтар кезінде қолданылды.
Ең қатаң жаза — алқадан шығару төмендегідей бұзушылықтар үшін қолданылады:
сенім білдірушімен келісімшарттың болмауы,
төлем туралы қаржылық құжатсыз жұмыс істеу,
процессуалдық оппонентпен ынтымақтастық,
тергеу изоляторларына тыйым салынған заттарды алып кіру,
сотқа немесе клиентке өрескел құрметсіздік көрсету және тағы басқалар.
Кеңесте атап өтілгендей, комиссиялардың жұмысы — тек санкция ғана емес, сонымен қатар алдын алу шарасы. Ұсыныстар қатарында:
тәртіптік комиссиялар туралы жаңа Ережелерді қабылдау,
шешімдердің бірыңғай нысандары мен үлгілік келісімшарттарды енгізу,
адвокаттарға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірлеу,
бұзушылықтардың алдын алу үшін біліктілікті арттыру орталықтарында дәрістер мен оқыту жүргізу.