home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары РАА Адвокатураның тәртіптік комиссиясы адвокаттарға қатысты тәртіптік материалдарды қарады

РАА Адвокатураның тәртіптік комиссиясы адвокаттарға қатысты тәртіптік материалдарды қарады

РАА Адвокатураның тәртіптік комиссиясы адвокаттарға қатысты тәртіптік материалдарды қарады
13.05.2026

2026 жылғы 08 мамырда Республикалық адвокаттар алқасының Адвокатураның тәртіптік комиссиясының отырысы өтті, онда аймақтық адвокаттар алқаларынан келіп түскен материалдар қаралды.

Ақмола облыстық адвокаттар алқасынан келіп түскен материалдардың бірі адвокаттың өзінің кәсіби мәртебесін жеке мүліктік қатынастарда пайдалануы және адвокат мәртебесімен сәйкес келмейтін қызметті жүзеге асыруы туралы шағымға қатысты болды. Қарау барысында кәсіпкерлік қызметпен айналысу және өзге де бұзушылықтар туралы уәждер расталмады, осыған байланысты аймақтық комиссияның шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Қарағанды облыстық адвокаттар алқасынан келіп түскен материал адвокаттың салық заңнамасын бұзуы мүмкін деген мәселеге байланысты соттың жекеше ұйғарымына қатысты болды. Бұған дейін тәртіптік іс жүргізу аймақтық комиссиямен тоқтатылған болатын. Қарау қорытындысы бойынша Адвокатураның тәртіптік комиссиясы бұл шешіммен келісті, сонымен қатар аумақтық алқаға тиісті нұсқама жолдады.

Павлодар облыстық адвокаттар алқасынан келіп түскен материалға ерекше назар аударылды, ол адвокаттың тергеу әрекеттері кезіндегі мінез-құлқына қатысты болды. Өтінішке процессуалдық жанжал жағдайында тергеушінің атына айтылған сөздер себеп болған. Адвокатураның тәртіптік комиссиясы бұзушылықты елеусіз деп танып, тәртіптік іс жүргізуді тоқтатты және кәсіби әдеп нормаларын сақтау қажеттігін көрсетумен шектелді.

Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасынан келіп түскен тағы бір материал заң көмегін көрсету кезінде сот дауында кепілді нәтижеге уәде беруге жол берілген мәселеге қатысты болды. Қарау барысында адвокаттың әрекеттерімен қатар, сенім білдірушімен өзара байланысы кезіндегі адвокат көмекшісінің рөлі де бағаланды. Нәтижесінде тәртіптік іс жүргізу тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылды.

Жалпы отырыста 4 материал қаралды. Оның екеуі бойынша аумақтық комиссиялардың шешімдері өзгеріссіз қалдырылды, тағы екеуі бойынша шешімдер өзгертіліп, тәртіптік іс жүргізулер тоқтатылды.

Қаралған материалдар адвокаттық практикада туындайтын әртүрлі жағдайларға қатысты болды. Олардың бір бөлігі тергеу әрекеттері кезіндегі адвокаттың мінез-құлқына, енді бір бөлігі кәсіби әдеп мәселелеріне, соттардың жекеше ұйғарымдарына және сенім білдірушілермен өзара байланыс жасау кезіндегі рұқсат етілген шектерге байланысты болды. Бірқатар жағдайларда комиссияға шағым мән-жайларын ғана емес, ұсынылған дәлелдемелердің жеткіліктілігін, сондай-ақ процессуалдық жанжалдың іс қатысушыларының әрекеттеріне ықпалын да бағалауға тура келді.