home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары АДВОКАТТАР КҮМӘНДІ МӘМІЛЕЛЕРДІ АНЫҚТАУ БОЙЫНША ТЕСТІЛЕУГЕ ЖАТПАЙДЫ

АДВОКАТТАР КҮМӘНДІ МӘМІЛЕЛЕРДІ АНЫҚТАУ БОЙЫНША ТЕСТІЛЕУГЕ ЖАТПАЙДЫ

АДВОКАТТАР КҮМӘНДІ МӘМІЛЕЛЕРДІ АНЫҚТАУ БОЙЫНША ТЕСТІЛЕУГЕ ЖАТПАЙДЫ
21.09.2023

Екі жыл бұрын Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы білуге арналған ​​оқыту және міндетті тестілеу туралы бұйрық қабылдаған болатын. Бұйрықтың қолдану аясына аудиторлар, нотариустар, бухгалтерлер, адвокаттар, сондай-ақ банкирлер, сақтандырушылар және риэлторлар кірді.

Оқуды сертификатталған тренерлерден өту қажет. Бірінші міндетті тестілеуден ағымдағы жылғы 26 ​​тамызға дейін «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-да өту керек болды. Әрі қарай күмәнді мәмілелерді анықтау туралы білімді әр үш жыл сайын растау қажет.

Республикалық адвокаттар алқасы (РАА) адвокаттарды осындай міндетті тестілеуге жататын мамандар қатарынан шығару жұмыстарын жүргізді. РАА ұстанымы қолдау таппаған жағдайда, Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚMА) бұйрығының адвокаттарға тиістілігін сот тәртібімен дауласу жоспарда болды. Осы мақсатта Ғылыми-консультативтік кеңесінің (ҒКК) мүшесі адвокат ретінде ҚМА-не жеке жүгінуі тиіс еді. Ал тестілеуден өту міндеттілігі туралы жауап алған жағдайда, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі тәртібімен шағымдану қарастырылды.

Наурыз айынан бастап РАА қаржылық мониторинг субъектілерін тестілеу процесінен адвокаттарды алып тастау туралы негіздемелер және ұсыныстармен ҚМА-не бірнеше рет ресми хатпен жүгінді, сондай-ақ оқытуды аумақтық адвокаттар алқалары негізінде адвокаттардың біліктілігін арттыру бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылдады.  

РАА Төралқасының тапсырмасы бойынша РАА Ғылыми-консультативтік кеңесі осы мәселе бойынша ұстаным дайындады (сілтемені басыңыз). РАА-ның бұл ұстанымы ҚР Президентінің Әкімшілігі мен ҚР Әділет министрлігінің назарына жеткізілді.

Бастапқыда, РАA-ның сұрау хаттарына адвокаттарды міндетті тестілеуге жататын субъектілер тізімінен шығаруға негіз жоқ деген ҚМА-нің жауабын алдық.

Ресми жүгінуден бөлек РАА басшылығы тамыз және қыркүйек айларында адвокатура үшін маңызды мәселені егжей-тегжейлі талқылау үшін ҚМА басшылығымен бірнеше жұмыс кездесулерін өткізді.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде РАА Төралқасы ҚМА басшылығымен өткізілген кездесулерді ескере отырып, РАА ұстанымын ҚМА-не жолдау қажеттілігін анықтады. Күмәнді операцияларды анықтау бойынша заңнаманы білуге арналған сұрақтарды адвокаттық лицензияны алу кезінде кешенді тестілеуге енгізу ұсынылды.

Жүргізілген барлық жұмыстардың нәтижесінде «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 3-бабының 1-тармағы 7) тармақшасында көзделген қызметті адвокат егер де бүгінгі күні жүзеге асырмаған жағдайда, «Мемлекеттік қызметтің персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ-да тестілеуден өтуге адвокат міндетті емес екенін Қаржылық мониторинг агенттігі мойындады.

Республикалық адвокаттар алқасы ақшаны жылыстататын қылмыстық мәмілелердің жоғары қоғамдық қауіптілігі мен жаһандық салдарын түсінеді. Өз тарапынан қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) тәуекелдерін және терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын тарату тәуекелдерін Ұлттық бағалаудан өту кезінде еліміз жоғары көрсеткіштерді алуына жәрдемдесуге дайын, алайда адвокаттық кәсіптің тәуелсіздігін қамтамасыз ету адвокатураның  жеке басты ұстанымы болып табылады.