home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары АДВОКАТ «СПОРТТЫҚ ПЫШАҚ ҰРЫСЫНАН» ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

АДВОКАТ «СПОРТТЫҚ ПЫШАҚ ҰРЫСЫНАН» ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

АДВОКАТ «СПОРТТЫҚ ПЫШАҚ ҰРЫСЫНАН» ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
18.05.2022

Жақында Әлия Сүлейменова Алматыда өткен спорттық пышақ ұрысынан Қазақстан Республикасы чемпионатының алтынын қанжығасына байлап, кезекті рет жеңімпаздар тұғырына көтерілді.

Үш жекпе-жектен кейін Қарағанды облыстық алқасының адвокаты пышақ ұрысынан Республика чемпионатында шешуші айқаста жеңіске жетті. Ең қызығы, адвокат бас жүлдені ізін басып, осы спорт түріне бет бұрған өз қызынан бір ұпайға озып, жеңіп алды. Әлия Сүлейменованың айтуынша, жекпе-жек оңайға түспеді, бірақ тәжірибе дегенін алды.

Әлия Сүлейменова қызы Даяна Сүлейменовамен бірге

Әлия Сүлейменованың бүгінгі жетістігінің барлығы өткен өмір иірімдерінің нәтижесі. Рухы мықты, жігері қайратты нәзік жанды ол өз өмірінің 25 жылын құқық қорғау органдарындағы қызметке, 10 жылын кәсіби жеңіл атлетикаға арнады. Омыртқасына күрделі ота жасалғаннан кейін мүгедектер арбасына таңылудан қорқып, спортқа ден қойды. Нәтижесінде тхэквондодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін әлем чемпионы, Еуропаның абсолютті чемпионы, тхэквондодан Қара белбеу әлем кубогының иегері (бірінші дан) және спорттық пышақ ұрысы бойынша Азия чемпионы атанды.

Отставкадағы полиция подполковнигі Әлия Сүлейменованы тхэквондо спортына беделді жоғары оқу орнында «Халықаралық қатынастар» мамандығына оқып жүрген қызы Даяна Сүлейменова алып келген екен. Айтып кету керек, Даяна да тхэквондодан Азияның үш дүркін чемпионы, спорт шебері.

Әлия Сүлейменова адвокаттық қызметін сәтті жүргізіп, спортпен кәсіби деңгейде айналысқанына қарамастан, қолы қалт еткенде картиналар жазып үлгереді, қуыршақтар дайындайды, спорттық садақ атысын меңгеруде және қызымен бірге жас таэквондошыларды жаттықтырады.

Адвокаттың айтуынша, оның барлық жетістіктері – ниет-тілегінің дұрыстығы. Бәрі ойымыздан болады, ал қалғанының бәрі еңбек пен талапқа байланысты, дейді. 49 жасында ол жаңа шыңдарға көз салып, оларды қалай да бағындырмақ ниетте. Яғни жақын болашақта Әлия Сүлейменованың әлі талай жеңісіне куә боламыз деген сөз.