2025 жылғы 18 тамызда Республикалық адвокаттар алқасының Президиумы Адвокаттар алқаларының кезектен тыс республикалық конференциясын өткізу туралы шешім қабылдады.
Конференция Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ақмола облыстарының адвокаттар алқаларынан сайланған РАА Төрағасы және Президиум мүшелерінің өкілеттік мерзімі 2025 жылғы 26 қарашада аяқталуына байланысты, 2025 жылғы 21 қарашаға тағайындалды.
Конференцияны өткізу, оған қатысу және дауыс беру тәртібі Заңға, РАА Жарғысына және конференция Регламентіне сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылады.
Барлық рәсімдік мәселелер, соның ішінде делегаттар тізімін қалыптастыру, жұмыс алгоритмі мен жасырын дауыс беруді өткізу тәртібі қатысушыларға белгіленген тәртіппен жеткізіледі.
Сайлауға дайындық күнтізбесі:
• 2025 жылғы 2 қыркүйек – РАА Төрағасы лауазымына кандидаттарды ұсыну басталады.
Ұсынылатын үміткер туралы өтініш, кандидаттың фотосуреті, толық өмірбаяны, сайлауалды бағдарламасы (бар болса) РАА-ның office@advokatura.kz электрон поштасына жіберілуі тиіс.
Кандидаттар туралы мәліметтер РАА-ның сайтында арнайы бөлімде және әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланады.
• 2025 жылғы 31 қазан – көрсетілген адвокаттар алқаларынан РАА Төрағасы және Президиум мүшелері лауазымдарына кандидаттарды ұсыну аяқталады.
• 2025 жылғы 7 қараша – кандидаттардың адвокаттар қауымдастығымен ZOOM форматында онлайн-кездесуі өтеді
• 2025 жылғы 14 қараша – кандидаттардың сайлауалды пікірталасы.
• 2025 жылғы 21 қараша – сайлау күні.
P.S. 2021 жылғы осыған ұқсас сайлау өте тартысты өтіп, келесі күні түнгі сағат екіде аяқталған еді. Биыл да бәсекелестік жоғары болады деп күтілуде.