РАА төрағасы А.Ж. Бикебаевтың Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясында қорытынды сөйлеген сөзі (2025 жылғы 21 қараша)

РАА төрағасы А.Ж. Бикебаевтың Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясында қорытынды сөйлеген сөзі (2025 жылғы 21 қараша)
21.11.2025

РАА төрағасы А.Ж. Бикебаевтың Адвокаттар алқаларының республикалық конференциясында қорытынды сөйлеген сөзі

(2025 жылғы 21 қараша)

 

Құрметті делегаттар, құрметті әріптестер!

Төрт жыл бұрын, 26 қарашада Сіздер маған Республикалық адвокаттар алқасын басқаруыд сеніп тапсырдыңыздар.

Позитивті психология ғылымы бойынша адамның шынайы бақытты болуы – ол өз ісіне толық беріле отырып, ағынмен уақытты байқамай, бар күш-жігерін сарп еткенде деп саналады. Біз сол «ағын» жағдайында төрт жыл бойы өмір сүрдік. Адвокатура үшін әр күн күресіп, оны сыйлы, мықты әрі тәуелсіз етуге, беделін арттыруға талпындық.

Мақсатқа жету жол жеңіл болған жоқ. Біз жойқын қарсылықтарды кездестірдік. Принципшілдігіміз үшін көп қарсыластар таптық. Дегенмен, адвокаттардың басым бөлігі әрдайым біздің жағымызда болды.

Біз бәріміз адвокатпыз, бірақ әртүрліміз. Әрқайсымыздың мінезіміз, темпераментіміз, энергиямыз бөлек – әркімнің өз шындығы, өз принциптері, өз ішкі талаптары бар. РАА-да жұмыс істей отырып, мен көп нәрсені көрдім және көп нәрсені үйрендім.

Мен қиын сәтте қолдау көрсете білетін адамдарды да, жағымсыз шындықты айтуға батыл адамдарды да, жұмсақ әрекет ететіндерді де, қатал әрекет ететіндерді де көрдім. Барлығына алғысым шексіз – қолдау көрсеткендерге де, оппозицияда болғандарға да.

Мен РАА Төралқасының мүшелерін, органдары мен аппарат қызметкерлерін, сондай-ақ аумақтық алқалар төралқаларының Төрағаларын біртұтас командаға біріктіре алдым деп қазір сенімді түрде айта аламын. Бұл  100-ден астам адам, және бір ескеретін жайт, мен екі құрамдағы Төралқамен жұмыс істедім, оның әрқайсысында 40 мүшеден болды.

Менімен бірге күнделікті жұмысқа негізінен орынбасарым Игорь Вранчев, РАА-ның Ғылыми-консультативтік кеңес Төрағасы Сергей Сизинцев, сондай-ақ аппарат жетекшісі Айнаш Кудабаева қатысты. Алайда барлық оң нәтижелер — бұл РАА-ның үлкен командасының еңбегі: Төралқа мүшелері, аумақтық алқалар төралқаларының Төрағалары, сондай-ақ Ғылыми-консультативтік кеңес, Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі Комиссия және Адвокатураның тәртіптік комиссия мүшелерінің еңбегі.

Әр жыл сайын мен сіздердің назарларыңызға Төралқаның жұмысы туралы толық есеп ұсындым. Бұл үлкен құжаттар — 60–80 слайдтан тұрады. Есептердің бейнежазбалары РАА-ның ютуб-арнасында бар, ал слайдтар РАА сайтында орналастырылған. Сондықтан бүгін мен ең маңыздысына тоқталамын.

РАА командасы 2021 жылғы 27 қараша мен 2025 жылғы 21 қараша аралығында мынадай нәтижелерге қол жеткізді:

  1. Төралқа 2022 жылғы сәуірде қабылдаған 2022-2025 жж. Адвокатураны дамыту тұжырымдамасына негізделген нақты мақсаттар мен іс-қимыл жоспарына сәйкес жұмыс істедік.
  2. Тұжырымдаманы жүзеге асыру аясында ҚК, ҚПК, салалық заң және Салық кодексіне өзіміздің түзетулер пакеттерін жасап, тұрақты әрі жүйелі түрде ілгерілеттік.
  3. Адвокаттық қызметке кедергі жасау бойынша қылмыстың формальды құрамын бекітуге қол жеткіздік. (ҚР ҚК 435-бабы).
  4. Адвокаттың өміріне қол сұғуға қатысты қылмыстық жауапкершілікті енгізуге қол жеткіздік (сотқа немесе прокурорға қарастырылған тәртіпке ұқсас). (ҚР ҚК 408-бабы)
  5. Адвокатқа қатысты өлтiрумен, денсаулыққа зиян келтiрумен, мүлкiн бүлдiрумен немесе жоюмен қорқыту үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге қол жеткіздік (сот және прокурорға арналған тәртіппен бірдей). (ҚК 409-бап).
  6.  Адвокатқа қатысты жала жабу үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге қол жеткіздік (сот және прокурор деңгейінде енгізілді). (ҚР ҚК 411-бап).
  7. Адвокат қорғауға кірген сәттен бастап іс материалдарымен танысып қана қоймай, көшірмесін алу құқығын бекіттік. «Танысу/көшірме алу» деген жасанды бөлуді жойдық (ҚР ҚПК 70-бап). 
  8. Тергеу органдарының мәлімдемелерін жария түрде жоққа шығаруға «прокурордан рұқсат алу» талабын енгізу әрекетін болдырмадық. (ҚР ҚПК 201-бап).
  9. Қорғау актісін ұсынудың міндетті сипатына жол бермедік. Қорғау тарапының оны жасау қажеттілігі мен оның сәтін дербес анықтау құқығын қамтамасыз еттік. (ҚР ҚПК 305-1-бап).
  10. Қорғалуға құқығы бар куәнің көмек алу кезінде адвокаттың еңбекақысын мемлекет кепілдік берген заң көмегі  бағдарламасы бойынша төлеуді заңда бекітуге қол жеткіздік.
  11. Жәбірленуші мен оның адвокатының құқықтарының кеңейтілуіне қол жеткіздік: енді заң тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдарынан кез келген мәліметтерді техника қолдану арқылы түсіріп алуға және хаттамалардың көшірмелерін жасатып алуға тікелей мүмкіндік береді, сондай-ақ тергеу мен прокуратура әрекеттеріне қатысты шағымдарды қарауға қатысу құқығын қамтамасыз етеді.
  12. Кәсіпкерлердің құқығын қорғауға қол жеткіздік: ҚК-тің 31-бабы бойынша бизнес құрылымына ғана қарап, компания басшылығы мен қызметкерлерін «қылмыстық топ» деп жариялауға енді жол берілмейді.
  13. Прокуратура мен тергеу органдарының бұрынғы қызметкерлеріне берілген жеңілдіктің алынып тасталуына қол жеткіздік: 10 жылдық еңбек өтілі болған жағдайда оларды адвокатураға қабылдау үшін аттестациядан босататын норма жойылды. Енді бәрі бірыңғай тәртіппен қабылданады. (Салалық заңға енгізілген түзету Мәжіліс депутаттары тарапынан мақұлданып, Сенатқа жолдануы күтілуде).
  14. Төралқаның шешімімен құқық қорғау органдарының қызмет атқарып жүрген қызметкерлеріне адвокатурада тағылымдамадан өтуге тыйым салдық.
  15. Аумақтық адвокаттар алқаларының төралқаларына тағылымдама қорытындылары бойынша сұхбат жүргізу құқығын бекіттік.
  16. Табыс ақысын (гонорар успеха) бекітуге қол жеткіздік: енді заң тараптарға, қылмыстық істер мен ӘҚБтК (КоАП) істерін қоспағанда, нәтижеге байланысты ақы төлеуді қарастыруға мүмкіндік береді. (Салалық заңға енгізілген түзету Мәжіліс депутаттары тарапынан мақұлданып, Сенатқа жолдануы күтілуде).
  17. Лицензиядан айыру туралы іс қозғалғанда лицензияны автоматты түрде тоқтата тұру нормасын алып тастауға қол жеткіздік — енді сот шешімі қабылданғанға дейін адвокатты әділет органдарының талаптары бойынша автоматты түрде шеттетуге болмайды. (Салалық заңға енгізілген түзету Мәжіліс депутаттары тарапынан мақұлданып, Сенатқа жолдануы күтілуде).
  18. Адвокаттық қызметке үміткерлер үшін императивті түрде міндетті бір жылдық тағылымдама тағайындау жөніндегі түзетуді алып тастауға қол жеткіздік.
  19. Адвокаттық сұрау салуларды тек өз клиенттерімен шектеу жөніндегі түзетуді алып тастауға қол жеткіздік.
  20. Адвокатқа қатысты жасырын тергеу іс-шараларын (НСД) жүргізуге тыйым салу нормасының конституцияға сай еместігі туралы Конституциялық сотқа жолданған өтінішті қараудан алып тастауға қол жеткіздік. Осы процессуалдық иммунитеттің конституцияға сай еместігі жөнінде бірнеше ғалым-процессуалисттердің қорытындысына жауап ретінде ғылыми негіздеме даярладық.

 

  1. Адвокаттардың заң көмегін көрсету қызметін қосылған құн салығын (НДС) төлеуден босатуға қол жеткіздік.

 

  1. Адвокаттарға жеке табыс салығының мөлшерлемесін 10%-дан 9%-ға төмендетуге қол жеткіздік. Сонымен қатар, салық сомасы ай сайын 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) (129 750 теңге) және жыл сайын 360 АЕК (МРП) (1 557 000 теңге) мөлшеріндегі негізгі шегерімге сәйкес азаяды. Адвокаттың кірісі осы сомаға дейінгі мөлшерде жеке табыс салығына жатпайды және ешқандай растайтын құжаттарды талап етпейді.

 

  1. Адвокаттың салық салынатын табысынан (жеке табыс салығы мөлшерінен) төленген міндетті зейнетақы және әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдер (ОПВ, ОСМС) сомаларын шегеруге қол жеткіздік.
  2. Жоғарғы Сотта адвокат Аманжол Мухамедьяровқа лицензияны қайтару бойынша Әділет министрлігіне қарсы сот ісін жеңдік. Бұл адвокаттарға қарсы қуғын-сүргінге жол берілмейтіндігін растайтын маңызды прецедент болды.
  3. Лицензиядан айыруға қатысты әділет органдарының барлық маңызды істер бойынша соттарда жеңіске жеттік, оларға мен жеке қатыстым. Бұған Астанадағы Жумагулов Д.С. ісі және Абай облысындағы Толымғожинов С.К. ісі жатады.
  4. Біз Жоғарғы Сотта Әділет министрлігіне қарсы мемлекет кепілдік берген заң көмегі  бойынша минуттық есептеудің заңсыздығы туралы істі жеңіп, сағаттық тәсілге оралуға қол жеткіздік. Кейіннен Әділет министрлігінің бұйрықтарына адвокаттың жұмыс уақытын мемлекет кепілдік берген заң көмегі  бағдарламасы бойынша сағатқа дейін дөңгелектеуді бекіту жөніндегі түзетулер енгізуге қол жеткіздік.
  5. Жексенбі және мереке күндері мемлекет кепілдік берген заң көмегі   бағдарламасы бойынша жұмыс ақысын 2 есеге арттырдық.
  6. Міндетті ережелер қабылданды: тағайындалған адвокат келісім негізіндегі адвокатпен байланысып, клиентке мемлекет кепілдік берген заң көмегінен бас тарту құқығын түсіндіруге міндетті; келісімдегі адвокат – мемлекет кепілдік берген заң көмегі   бойынша тағайындалған әріптесін дереу хабардар етуі тиіс; іс жоғары тұрған соттарға өткен кезде тағайындалған адвокат бұрын қатысқан келісімдегі адвокаттарды міндетті түрде хабардар етуге, ал байланыс болмаған жағдайда – алқаны құлағдар етуге міндетті.
  7. РАА Төралқасының 20 ашық үндеуін әзірледік және жарияладық. Бір үндеу – әр 2-2,5 ай сайын. Негізгі үндеулер:
  1. Түрме реформасының қажеттілігі туралы (қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын шамадан тыс қолдану, тергеу изоляторларының толып кетуі, кінәсіздік презумпциясының бұзылуы, тиісті жағдайлардың жасалмауы, ұзын-сонар кезектер және өзге де мәселелер).
  2. Қылмыстық істер бойынша онлайн-процестерге жол бермеу туралы.
  3. Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде адвокаттарды жасырын тыңдауға жол бермеу туралы.

ІІМ-нің ҚАЖК басшылығы адвокаттар мен олардың қорғалушыларымен құпия кездесуге арналған бөлмелерге тыңдағыш құрылғылар орнатуға тыйым салу туралы өз бөлімшелеріне нұсқау бергенін хабарлады.

  1. Адвокаттық құпияны ашуға жол бермеу туралы (Тампиев ісі).
  2. Адвокатты қорғалушымен теңдестiруге тыйым салу туралы (Бишимбаев ісі).
  3. Адвокаттардың тағдырын алдын ала айқындап, «лицензиядан айыру» сияқты тұжырымдар енгізілген жеке қаулылардың жол берілмейтіні туралы (Жуаспаева Г.Р. ісі). Осы іс бойынша жеке қаулының күшін жою — маңызды прецедент болды.
  4. Ноутбуктарды қолдануды шектейтін ведомстволық бұйрықтардың конституцияға сай еместігі туралы.
  5. «құпияға» қол жеткізуге қатысты рұқсат беру тәртібін алып тастау қажеттілігі туралы.
  6. Адвокаттардың тергеу изоляторындағы кездесулерін шектеуге жол берілмейтіні туралы.
  7. ҚАЖК мекемелеріндегі санитарлық талаптардың бұзылуы және олардың шамадан тыс толып кетуі туралы.

 

  1. Адвокатура 120 құқықтық ұстанымды әзірлеп, қабылдады. Орта есеппен әрбір ұстаным — 10 күн сайын. Әр ұстаным 5–7 беттік аналитикалық құжат болып табылады. Адвокатура төрт жыл бойы әр маңызды құқықтық мәселе бойынша айқын құқықтық ұстанымға ие болды. Мемлекеттік органдар мен қоғам әр маңызды құқықтық мәселе бойынша РАА-ның жазбаша ұстанымын болатынын біледі. Ұстанымдар мыналарды қамтыды:

 

  1. адвокаттық құпияның кепілдігін бұзатын адвокатқа қатысты жасырын тергеу әрекеттерін (НСД) жүргізу мәселесі бойынша;
  2. адвокаттың іс материалдарын көшіруге құқығы бойынша;
  3. қылмыстық қудалау органдарының ведомстволық бұйрықтарының конституциялылығы мәселесі бойынша;
  4. адвокаттарды қорғалушыларға жіберу шарттары бойынша;
  5. ҚК, ҚПК, ҚАК негізгі ережелері бойынша.
  1. Адвокатураның жай-күйі туралы үш Ұлттық баяндама дайындап, шығардық. Бұл әр жылдың соңында шыққан екі тілдегі кітаптар. Оларда мыналар көрсетілді:
    1. статистикалық мәліметтер;
    2. адвокаттардың құқықтарын бұзудың нақты фактілері, олар бойынша РАА-ның құқықтық ұстанымы берілді;
    3. тергеу изоляторы проблемалары, жасырын тыңдаулар, қорғалушыларға жібермеу және т.б.;
    4. мемлекет кепілдік берген заң көмегінің жүйелік мәселелері;  
    5. заңнамалық бастамалар, оның ішінде адвокатқа қарсы бастамалар бойынша қарсылықтар.
  2. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияда адвокатура мәселелерін екі рет қарауға қол жеткіздік. Қорытындысы бойынша Комиссия Үкіметке ұсыныстар берді:
    1. адвокаттық қызметті жетілдіру туралы;
    2. Адвокатураны дамыту тұжырымдамасын қолдау туралы.

2025 жылғы 5 желтоқсанда (Адвокатура күні) адвокатура мәселелері ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында тағыда қаралатын болады.

  1. Адвокатураның мәртебесі мен кепілдіктері мәселелері бойынша 50 дөңгелек үстелдерге, конференцияларға және сараптамалық талқылауларға қатыстық.

 

  1. Мемлекеттік деңгейде кәсіби мереке – Адвокатура күнін белгілеуге қол жеткіздік.

 

  1. ҚР Конституциясына Адвокатура туралы бап енгізу туралы нақты негіздемесі бар ұсыныс әзірлеп, оны ҚР Президенті Әкімшілігіне ұсындық.
  2. 2024 жылы адвокаттарды Адвокатура күніне мемлекеттік наградалармен (ҚР Президентінің жеке жарлығымен) және ведомстволық наградалармен марапатталуы үшін жұмыс жүргізілді. Осы дәстүрді биыл да жалғастыруға күш салдық.
  3. Кең талқылау қорытындысы бойынша адвокаттың ерекше мәртебесін, оның арнайы құқықтары, артықшылықтары мен иммунитеттерінің болуын білдіретін ресми кәсіби атрибут ретінде адвокаттық мантия нысанын бекіттік.
  4. Халықаралық адвокаттар алқасының (IBA), LAWASIA, АҚШ, Германия, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Өзбекстан және Қырғызстан адвокаттар алқасының басшылары қатысқан Халықаралық адвокаттар форумын адвокаттардың демеушілік қолдауы есебінен өткіздік. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға өзінің ресми үндеуін жолдады. Форум жұмысына Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың, Жоғары Сот Кеңесінің төрағалары, Әділет министрі, Сенаттың Вице-спикері, Омбудсмен, Бас прокурордың 1-ші орынбасары, Парламент депутаттары және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
  5. РАА-ның жеке кеңсесін сатып алып, онда жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тиімді жұмыс істеу үшін барлық қажетті заттармен жабдықтадық.
  6. РАА-ның 12 ішкі нормативтік құжаттары жаңартылды (ережелер, регламенттер, есеп беру нысандары және т.б.).
  7. Республикалық адвокаттар алқасының мүшелігін Халықаралық адвокаттар қауымдастығында қалпына келтірдік. Еуропалық адвокатура ассоциациясына қосылдық, түркі адвокаттық ұйымдарымен ынтымақтастықты қалпына келтіріп, нығайттық.
  8. Екі ауқымды республикалық адвокаттар спартакиадасын өткіздік, оған барлығы шамамен мың адвокат қатысты, келіп көрді.
  9. РАА құрама командасын адвокаттар арасында футболдан Әлем және Еуропа чемпионаттарына қатысуға жібердік.
  10. Адвокаттардың проблемаларын шешу үшін мемлекеттік органдармен 150-ден астам кездесу өткізілді (ПӘ, ЖС, Әділетмині, БП – айына орта есеппен 1 рет).

 

  1. РАА-ның негізгі кеңестер мен органдарда тұрақты өкілдігін қамтамасыз еттік (Ұлттық құрылтай және ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, ҚР Әділет министрлігінің, ІІМ-нің және Ұлттық экономика министрлігінің Қоғамдық кеңестері, Жоғарғы Соттың ҒКК, Жоғарғы Сот Кеңесі, ЖСК жанындағы Квалификациялық комиссия, ЖСК жанындағы Судьяларды конкурс арқылы таңдау комиссиясы, ЖСК жанындағы Соттық жюри, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің жұмыс топтары, Әділет министрлігі жанындағы жобалық кеңсе құрамында).

 

  1. Мәжілісте, Сенатта және Әділет министрлігінде түрлі заң жобалары бойынша жұмыс топтарының 200-ге жуық отырысына қатыстық.
  2. РАА Төралқасының 99 отырысы өтті, онда 879 мәселе бойынша шешім қабылданды.
  3. Адвокаттар алқаларының 5 Республикалық конференциясы өтті. (2022 жылғы 15 ақпан, 2022 жылғы 22 қараша, 2024 жылғы 27 қаңтар, 2024 жылғы 15 шілде, 2025 жылғы 28 ақпан). Бүгінгі конференция алтыншы болып табылады. 2025 жылғы 28 ақпанда өткен конференцияда адвокатқа қарсы заңнамалық бастамаларға жол бермеу бойынша арнайы қарар қабылданды.
  4. РАА алаңында адвокаттардың келесі лауазымды тұлғалармен онлайн-кездесулерлді ұйымдастырдық:
  1. Конституциялық Соттың Төрағасымен;
  2. Жоғарғы Соттың Төрағасымен;
  3. Жоғарғы Соттың қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі алқаларының төрағаларымен;
  4. облыстық соттардың Төрағаларымен.

Жекелеген кездесулерге 600-700 адвокат қатысты.

  1. РАА-ның жаңа ресми сайты әзірленді және іске қосылды.
  2. 4 жыл бойы сайтта және әлеуметтік желілерде екі тілде барлық маңызды оқиғаларды егжей-тегжейлі тізімдей отырып, апта сайынғы РАА жаңалықтар дайджесті жарияланды.
  3. Бұқаралық ақпарат құралдарында және YouTube арналарында адвокатура мен адам құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық күн тәртібін қалыптастыра отырып, 20-дан астам сұхбаттар мен пікірлер бердік.
  4. Адвокатураның кәсіби сот өкілеттілігіндегі ерекше құқығына қатысты кітап жазып, жарияладым, сонымен қатар адвокаттық кәсіптің ғылыми доктринасына қатысты бірнеше мақалалар жариялап, адвокаттарды арнайы артықшылықтар мен иммунитеттермен қамтамасыз ету қажеттілігін негіздедім.
  5. РАА аппаратының қызметкерлері мен аумақтық алқалар басшыларымен бірге Қазақстан адвокатурасының тарихы туралы алғашқы кітапты жаздық (басылым – 2025 жылғы желтоқсан).
  6. Адвокатураның құқықтық негіздері бойынша оқулық әзірлеуге конкурс өткіздік. Оны адвокат және ғалым Д.К. Канафин және Т.Т. Балашов жеңіп алды.
  7. Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңға түзетулер бойынша Әділет министрлігінің алдын ала келісімін алдық:
  1. тағылымдамаға жіберер алдында соңғы 3 жыл ішінде кандидаттардың кәсіптік әдепке сәйкестігіне мінез-құлқын тексеру;
  2. адвокаттық сауал салуларға жауап беру мерзімдерін 24 сағатқа, 3 тәулікке және 10 жұмыс күніне дейін қысқарту;
  3. адвокаттың сенімгерлік басқаруға тапсырудан бос мүліктің тізімін кеңейту;
  4. адвокаттарға жалдау және сенімгерлік басқарудан ғана емес, сондай-ақ инвестициялар үшін сатып алынған бағалы қағаздарды қоса алғанда, қаржы құралдары мен активтерден табыс алуға рұқсат беру;
  5. адвокат ұсталған кезде органдардың адвокаттар алқасын дереу хабардар ету міндеттері.
  6. «Заң Көмегі» жүйесін РАА-ға сенімгерлік басқаруға беруді жою.
  1. Премьер-Министрдің заң консультанттары қызметінің мәселелерін егжей-тегжейлі зерделеу жөніндегі тапсырманы қабылдауына ықпал еттік:
      1. олардың қызметіне бақылауды күшейту;
      2. олар көрсететін қызметтердің шектерін айқындау;
      3. шетел азаматтарының ҚР ішкі нарығында заң қызметтерін көрсетуге рұқсат беруді ықтимал шектеу.

Әділет министрлігі жақын арада осы жұмыстың қорытындысын ұсынып, Парламентке тиісті заң жобасын енгізуі тиіс.

 

Құрметті әріптестер,

РАА соңғы 4 жылда республикалық деңгейдегі ықпалды ұйымға айналды. Мұны мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мойындады, ол 2023 жылдың қазан айында Халықаралық адвокаттар форумына қатысушыларға жолдаған үндеуінде мынаны атап өтті:

«Құқық қорғау тәсілдерін нығайту жолында Республикалық адвокаттар алқасы маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік органдар осы ұйыммен бірлесе жұмыс жүргізіп, сот барысындағы тараптардың бәсекелестігі мен теңдігін қамтамасыз етеді.».

Бүгінгі күні РАА-ның Төралқасы, Ғылыми-консультативтік кеңес, Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі Комиссия және Адвокатураның тәртіптік комиссиясы құрамдары мықты, РАА заманауи кеңсенің иесі, адам ресурстары жеткілікті (РАА аппаратының штаттық қызметкерлері тобы қалыптастырылған) және қаржылық мүмкіндіктерге ие (РАА шотында 2025 жылғы 21 қарашада шамамен 138 млн. теңге мөлшерінде сома бар). Сонымен қатар, көп нәрсе жаңа сайланған РАА Төрағасының жеке қасиеттеріне байланысты.

Бүгін бізге РАА органдарына кіретін адвокаттардың үлкен тобын басқаруға қажетті қабілеті бар, адвокаттық қауымдастықты мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларымен қарым-қатынасында абыроймен таныта алатын, адвокаттардың құқықтарын қорғай алатын және адвокатура мүдделерін биліктің барлық деңгейінде ілгерілете алатын кәсіби маманды таңдауымызды тілеймін.

Тәуелсіз Қазақстан адвокатурасы жасасын!

Назарларыңызға рақмет!

14.05.2026

30.04.2026

БИКЕБАЕВ А.Ж. «Адвокаттар үшін маңызды: адвокатура туралы конституциялық норманың енгізілуіне байланысты не өзгереді»