home-img Позиции «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Республикалық адвокаттар алқасының Ғылыми-консультативтік кеңесінің ҰСТАНЫМЫ

«Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Республикалық адвокаттар алқасының Ғылыми-консультативтік кеңесінің ҰСТАНЫМЫ

«Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Республикалық адвокаттар алқасының Ғылыми-консультативтік кеңесінің  ҰСТАНЫМЫ
24.01.2023

БЕКІТІЛГЕН

Республикалық адвокаттар алқасы

2022 ж. 22 желтоқсандағы

Ғылыми-консультативтік кеңестің шешімімен

 

«Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша Республикалық адвокаттар алқасының ғылыми-консультативтік кеңесінің

ҰСТАНЫМЫ

 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы), сондай-ақ кейбір кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралып жатыр.

Заң жобасы өзінің бастапқы редакциясында еңбек нарығында кәсіптер бойынша еңбек функцияларын орындау үшін біліктіліктерді тану қажеттілігін көздеді және адвокатураның мүдделерін қозғамады.

Мәжілісте жобаны қарау барысында Заң жобасына түбегейлі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заң жобасының 1-бабында «кәсіп» ұғымы бұрын ұсынылғандай, еңбек қызметі шеңберіндегі кәсіптерді ғана емес, жеке тұлғалар жүзеге асыратын кәсіптердің барлық түрлерін қамту үшін кеңейтілді.

Ресми интернет-ресурстарда және басқа бұқаралық ақпарат құралдарында (Заң жобасына әлі енгізілмеген) кәсіптер тізілімі мемлекет реттейтін және реттелмейтін кәсіптерге бөлінетіні туралы ақпарат пайда болды. Реттелетін кәсіптерге қызметкерлерді міндетті аттестациядан өткізу қажет болады және бұл талаптар адвокаттарға да таралады (https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/475672?lang=kk ).

Заң жобасында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіптік біліктілікті міндетті негізде тануды көздейтін нормалар бар. Мәжілісте қаралған түзетулердің негіздемесіне сәйкес, адвокаттар кәсіби біліктілігін дәлелдеуден өткеннен кейін ғана адвокаттық қызметпен айналыса алады.

Заң жобасының 4-бабының 3-тармағында Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде кәсіптік стандарттарды әзірлеу және бекіту құзыреті көзделген кәсіптерді қоспағанда,  уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жұмыс берушілер қауымдастығының (қауымдастықтарының, одақтарының) салалық біліктілік шеңберлеріне негізделген Қазақстан Республикасының кәсіпкерлері Ұлттық палатасы бекітілетін кәсіптік стандарттарды әзірлеуі мен ұйымдастыруы құқығы көзделген.

Заң жобасының 7-бабына сәйкес, Кәсіптік біліктілік жөніндегі Ұлттық кеңестің ұсынымдары негізінде кәсіптер тізбесін бекітуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

Заң жобасының 11-бабында консультативтік-кеңесші органдарды – кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестерді құру көзделген, олар салалық мемлекеттік органдардың жанынан тиісті салаларда (бағытта) кәсіптік біліктілікті арттыру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді, олардың құрамына жұмыс берушiлердiң, кәсiподақтардың, жұмыс берушiлердiң салалық бiрлестiктерiнiң, салалық ұйымдардың, бiлiм беру ұйымдарының өкілдері және мемлекеттiк басқарудың тиiстi саласының  тәуелсiз сарапшылары кіруі мүмкін.

Кәсіптер тізбесіне енгізілген кәсіптер туралы заң жобасының 14-бабына сәйкес кәсіптік біліктілікті тану орталықтары осы Заңда белгіленген тәртіппен таниды деп күтілуде. Қарау барысында осы баптан Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен кәсіптік біліктілікті танудың өзге тәртібін заңнамалық актілермен белгілеу мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл ретте, Заң жобасына енгізілетін өзгерістердің негіздемесіне міндетті түрде кәсіптік біліктілікті тану тәртібін реттейтін Қазақстан Республикасының арнайы заңдарына «негіздік» сипат белгілеу ұсынылады. Яғни, бұл процедура бірінші кезекте «Кәсіптік біліктілік туралы» заңмен, содан кейін ғана адвокаттық қызмет туралы бейіндік заңмен реттелмек.

Заң жобасының 17-бабына сәйкес кәсіптік біліктілікті тану емтиханын немесе емтихандарын тапсыру үшін адвокат:

1) кәсіпке қойылатын талаптардың, өндірістің ерекшеліктері мен еңбекті қорғау жағдайларының негізінде белгіленген талап етілетін жасқа сәйкес келуге;

2) кәсіптік біліктілікті бекітілген тану қағидаларына сәйкес кәсіптік біліктілікті тану үшін қажетті құжаттар топтамасын ұсынуға;

3) еңбекті қорғау және қауіпсіздік, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамада белгіленген талаптарды, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауға міндетті.

Заң жобасының 22-бабында біліктілікті тану орталықтарын аккредиттеуді баламалы нұсқаларды көздемей, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыратыны көзделген.

Аккредиттеу немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім Заң жобасының 24-бабына сәйкес ұсынылған құжаттарды сараптау және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өтініш берушінің орналасқан жері бойынша сауалнама жүргізу нәтижелері негізінде қабылданады.

Заң жобасы ұсынылып отырған редакцияда қабылданса және адвокат мамандығы кәсіптер тізбесіне енгізілген жағдайда, адвокаттар тиісті заңда белгіленген кәсіпке қабылдаудың міндетті рәсімдерінен басқа тағы қосымша бір Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аккредиттеуден өтуі тиіс біліктілікті тану орталықтарында біліктілікті тану тәртібі бойынша тексеруден өтуі тиіс. Бұл процедура салалық заңнамаға және адвокаттық қызметті реттеудің халықаралық қағидаттарына мүлдем қайшы келеді.

Адвокаттардың рөлі туралы негізгі қағидаттардың 9-тармағына сәйкес (Біріккен Ұлттар Ұйымының Қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылармен қарым-қатынас жөніндегі Сегізінші Конгресінде қабылдаған, Гавана, 1990 ж) үкіметтер, адвокаттардың кәсіби бірлестіктері және оқу орындары адвокаттардың тиісті біліктілігін, дайындығын және кәсіби идеалдар мен моральдық міндеттемелерді, сондай-ақ ұлттық және халықаралық құқықпен танылған адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды  білуді қамтамасыз етеді.

Осы Негізгі қағидаттардың 24-тармағына сәйкес адвокаттар өз мүдделерін білдіретін, олардың үздіксіз білім алуы мен біліктілігін арттыруға жәрдемдесетін, кәсіби мүдделерін қорғайтын тәуелсіз кәсіптік бірлестіктер құруға және оларға мүше болуға құқылы.

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңда (бұдан әрі – Заң) адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алу арқылы кәсіпке қабылдаудың біршама күрделі тәртібі бар.

Заңның 41-бабына сәйкес адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия адвокаттық қызметпен айналысуға рұқсат болып табылады және өтініш беруші Қазақстан Республика заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда тағылымдамадан және аттестаттаудан өткеннен кейін беріледі.

Заңның 38-бабының 3-тармағына сәйкес белгіленген талаптарға сай келетін адам қажетті құжаттар тізбесін ұсыну арқылы тағылымдамадан өтуі тиіс.

Адвокаттар алқасында тағылымдамадан сәтті өткен тұлғалар Заңның 39-бабына сәйкес аумақтық әділет органдарының жанынан құрылған адвокаттық қызметке үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияда аттестаттаудан өтеді, ол екі кезеңнен тұрады:

1) заңнаманы білуге ​​және психологиялық дайындыққа кешенді компьютерлік тестілеу;

2) істің жағыдайларын талдауға арналған практикалық тапсырма.

Өтініш беруші тағылымдамадан және аттестациядан сәтті өткеннен кейін Заңның 41-бабында, сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңында белгіленген тәртіппен адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алады.

Заңның 12-бабына сәйкес заң көмектің сапасын қамтамасыз ету мақсатында оны көрсетуге тиісті кәсіптік даярлығы бар және біліктілігін кезеңді түрде арттыратын адамдар жіберіледі.

Адвокаттың өз біліктілігін ұдайы арттыру жөніндегі міндеті Заңның 33-бабы 7-тармағының 13) тармақшасында бекітілген.

Адвокаттар алқасының төралқасы адвокаттарды аттестациялауды және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты (Заңның 55-бабы 2-тармағының 8) тармақшасы) ұйымдастырады, ал адвокаттар алқасының Төралқасының Төрағасы адвокаттар алқасының Жарғысына сәйкес Адвокаттар алқасы адвокаттардың біліктілігін арттыру бағдарламаларының іске асырылуын қамтамасыз етеді (Заңның 56-бабы 2-тармағының 8-тармақшасы).

Заңның 60-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес адвокаттың адвокаттар алқасының мүшелігін адвокаттар алқасының төралқасы тоқтатады, оның ішінде адвокаттың өз кәсіби қызметін біліктілігінің жеткіліксіздігіне байланысты атқара алмайтыны анықталған жағдайларда.

Өз кезегінде Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы (Заңның 60-бабы 3-тармағының 18-1), 18-6) және 18-7) тармақшалары:

- уәкілетті органмен келісім бойынша заң көмегін көрсету стандарттарын бекітеді;

- уәкілетті органмен келісім бойынша адвокаттардың біліктілігін арттыру стандарттарын бекітеді;

- адвокаттардың біліктілігін арттыру тәртібін бекітеді.

Осылайша, бейіндік Заң адвокаттық қызметке қабылдауға қатысты барлық мәселелерді, оның ішінде адвокаттың біліктілігін тану, оны кезеңді түрде жетілдіру, адвокаттық қызметті кәсіби стандарттарға сәйкес жүзеге асыру және адвокаттың біліктілігінің белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруді толық реттейді.

Адвокат қызметін атқару үшін:

1) жоғары заңгерлік білім алу (4-5 жыл);

2) тағылымдамадан өту (6 ай – 1 жыл);

3) аттестаттау комиссиясында аттестаттаудан өту (орта есеппен 6 ай);

4) мерзімдік аттестациядан өту (5 жылда бір рет) қажет.

Осыған байланысты, кәсіптік біліктілігін тану орталықтарында адвокаттардың кәсіби біліктілігін тану адвокат мамандығына қабылдау үшін қажетсіз және қосымша кедергіге және адвокаттық қызмет барысында негізсіз шектеуге айналады.

Ұлттық кәсiпкерлер палатасының тану орталықтарының қызметiне мониторинг жүргiзуi адвокаттық қызметтiң кәсiпкерлiк емес сипатына (Заңның 31-бабының 3-тармағы) және аумақтық және республикалық Адвокаттар алқалары тәуелсiздiгi мен өзiн-өзi басқару қағидаттарына сәйкес келмейдi (Заңның 50-бабының 2-тармағы, 65-бабының 1-тармағы).

Адвокатураның өзінен басқа органдардың кәсіптік стандарттарды әзірлеуі және бекітуі заң көмегін көрсетушілердің тәуелсіздігі қағидатына қайшы келеді (Заңның 6-бабы).

Жоғарыда айтылғандардың негізінде адвокаттар «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң қолданылатын субъектілер бола алмайды.

Осыған байланысты Республикалық адвокаттар алқасы заң жобасының 2-бабының 3-тармағында аталған Заңмен қамтылмаған тұлғалардың тізіміне адвокаттарды енгізуді ұсынады.

11.12.2024

11.12.2024