home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары ҚР ЖС: АР-НАМЫС, ҚАДІР-ҚАСИЕТ ЖӘНЕ ІСКЕРЛІК БЕДЕЛДІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚР ЖС: АР-НАМЫС, ҚАДІР-ҚАСИЕТ ЖӘНЕ ІСКЕРЛІК БЕДЕЛДІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ҚР ЖС: АР-НАМЫС, ҚАДІР-ҚАСИЕТ ЖӘНЕ ІСКЕРЛІК БЕДЕЛДІ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
10.04.2026

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов «Цифрландыру жағдайында ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді құқықтық қорғаудың заманауи әдістері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға судьялар, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Мәдениет және ақпарат, Әділет министрліктерінің, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы, сондай-ақ заңгерлік қауымдастықтардың өкілдері қатысты.

Сондай-ақ дөңгелек үстел жұмысына Ғылыми-консультативтік кеңесінің төрағасы Сисенбай Сарсембаевич Дельманов және Республикалық адвокаттар алқасының төраға орынбасары Аманжол Нурланович Мухамедьяров қатысты.

РАА төрағасының орынбасары Аманжол Нурланович Мухамедьяров «Цифрландыру жағдайында ақпарат бостандығы мен материалдық емес игіліктерді қорғаудың теңгерімі» тақырыбында баяндама жасады, онда ақпаратты еркін тарату мен тұлғаның материалдық емес игіліктерін қорғау арасындағы теңгерім мәселелері, сондай-ақ цифрлық орта жағдайындағы құқық қолданудың қазіргі заманғы сын-қатерлері айтылды.

Сессияны аша отырып, Н.Шәріпов цифрлық ортада ақпараттың таралу жылдамдығы мен ауқымының жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, абайсыз айтылған пікір немесе жалған жарияланым жеке тұлғаның да, ірі ұйымның да беделіне елеулі зиян келтіруі мүмкін, ал оны қалпына келтіру ұзақ уақытты талап етеді.

Сонымен қатар, цифрлық кеңістікте авторлардың анонимділігі мен географиялық қашықтығы жазасыздық алдамшы көріністі қалыптастыратыны туралы айтылды.

Жоғарғы Сот судьясы Нұрия Сисенова осы санаттағы істер бойынша қалыптасқан сот практикасына шолу жасады.

Қарағанды облыстық сотының алқа төрағасы Ғалым Құлекеев жарияланым кеңінен таралған жағдайларда моральдық зиян мөлшерін айқындау мәселесіне тоқталды. Ал Ақмола облыстық сотының алқа төрағасы Алтын Шойынбекова дәлелсіз жарияланымдардың клиенттердің жоғалуына және бизнеске елеулі қаржылық шығын келтіруіне әкелетінін нақты мысалдармен көрсетті.

Талқылауға сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің департамент директоры Анар Мұқатаева, Астана қаласы Заң консультанттары палатасының төрағасы Әнуарбек Сқақов және Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының сот сараптама-филологы Назым Мұқанова қатысты. Қатысушылар өз көзқарастарын білдірді.

Әділет министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Зарина Өтепова сот актілерін орындау кезінде туындайтын практикалық қиындықтарға назар аударып, жарияланымды алып тастау немесе теріске шығару кей жағдайда сотта жеңіске жетуден де күрделі екенін атап өтті.

Талқылауды қорытындылай келе, Н.Шәріпов мәтіндерді толық көлемде кешенді лингвистикалық сараптаудың маңыздылығын, интернеттен ақпаратты алып тастау тетіктерін жетілдіру қажеттігін, сондай-ақ ақпараттың таралу ауқымын ескере отырып моральдық зиянды өтеу тәсілдерін нақтылау керектігін атап өтті.

Аталған ұсыныстар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты әзірлеп жатқан нормативтік қаулы жобасында ескерілетін болады. Құжат адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау құқығы мен сөз бостандығы, сондай-ақ ақпаратты еркін алу және тарату құқықтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, жобада жала сипатындағы мәліметтерді таратқан интернет-ресурстар мен аккаунт иелерімен дауларды реттеудің міндетті сотқа дейінгі тәртібі көзделген. Сондай-ақ тексерілетін фактілер мен сот қорғауына жатпайтын бағалау пікірлерін ажырату қажеттігі атап өтілген.