home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары СОТТАР АДВОКАТТАРДЫҢ ТАҒДЫРЫН ЖЕКЕШЕ ҚАУЛЫЛАРМЕН ШЕШПЕУ КЕРЕК

СОТТАР АДВОКАТТАРДЫҢ ТАҒДЫРЫН ЖЕКЕШЕ ҚАУЛЫЛАРМЕН ШЕШПЕУ КЕРЕК

СОТТАР АДВОКАТТАРДЫҢ ТАҒДЫРЫН ЖЕКЕШЕ ҚАУЛЫЛАРМЕН ШЕШПЕУ КЕРЕК
18.07.2024

Алматы қалалық соты Түрксіб аудандық сотының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы Абай облысы адвокаттар алқасының адвокаты Жуаспаева Гульнара Рымгалиевнаны адвокаттық лицензиясынан айыру туралы жеке қаулысының күшін жойды. Оған «қылмыстық іс материалдарын бірнеше рет жариялау, адвокаттардың кәсіби этика Кодексін бұзу» және басқа да заң бұзушылықтар үшін айып тағылды.

РАА адвокаттардың тағдырына жекеше сот қаулылары нұқсан келтірмеуі тиіс екенін атап көрсетеді. Сот жеке қаулымен адвокатты қандай да бір бұзушылық үшін айыптаған жағдайда, бұл адвокаттың өзін қорғауға мүмкіндігі бар толық сот талқылауында дәлелденуі керек.

РАА мұндай шешімдер адвокаттар алқасының назарын адвокаттың әрекетіне аударуы керек екеніне нық сенімді. Кінәлі және мүмкін болатын тәртіптік шаралар туралы шешімді құрамында сот жүйесі мен қоғам өкілдері бар адвокаттардың тәртіптік комиссиялары қабылдауы керек. РАА-ның бұл ұстанымы 2022-2025 жылдарға арналған қазақстандық адвокатураның даму Тұжырымдамасында көрсетілген.

Адвокаттардың құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалатынын және заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, шектеулерге жатпайтынын атап өткен жөн. Адвокаттың заңды қызметіне араласу заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

Қылмыстың алдын алу жөніндегі БҰҰ-ның сегізінші Конгресі қабылдаған заңгерлердің рөлі туралы Негізгі қағидалар заңгерлердің өздері құрған бейтарап тәртіптік комитеттердің маңыздылығын атап көрсетеді.

Осылайша, адвокатты тәртіптік жауапкершілікке тартуды қараудың объективтілігі мен әділдігіне кепілдік беретін адвокаттардың тәртіптік комиссиясы жүзеге асыруы керек. Осыған байланысты РАА Г.Р.Жуаспаеваға қатысты істі қарау шеңберінде Алматы қалалық сотына тиісті шағым түсірді.

Республикалық адвокаттар алқасы Алматы қалалық сотына дұрыс және әділ шешім қабылдағаны үшін алғысын білдіреді. Бұл шешім прецедентке айналуы керек. Біз соттарды адвокатты лицензиясынан айыру туралы жекеше қаулы шығармауға шақырамыз. Лицензиядан айыру – тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жазаның бір түрі ғана. Нақты мән-жайларды ескере отырып, нақты жазаны адвокаттардың тәртіптік комиссиясы белгілеуі керек. Республикалық адвокаттар алқасының тәртіптік комиссиясының құрамына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының құрметті отставкадағы екі судьясы, үш елге танымал заң профессорлары кіреді, олардың бірі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып табылады. Істің барлық мән-жайларын әділ және объективті түрде қарау арқылы ғана сот процесіне барлық қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға және сот төрелігіне деген сенімді нығайтуға болады.