Бүгін Қазақстанның ең көрікті өңірлерінің бірі - Бурабайда адвокаттардың республикалық спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биылғы спорт мерекесінің орны ерекше. Себебі адвокаттар қауымдастығы республикалық спартакиаданы өткізудің 10 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы жылдар ішінде бұл жарыс адвокатураның корпоративтік мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды.
Биылғы Спартакиадаға еліміздің 18 аумақтық адвокаттар алқасы қатысуда. Спорт алаңдарына 400-ден астам адвокат шықса, жанкүйерлер мен қонақтарды қоса алғанда Бурабайға еліміздің барлық өңірлерінен шамамен 500 адвокаттар қауымдастығының өкілі жиналды. Жарысқа қатысушылардың ең үлкені - 73 жаста, ең жасы - 23 жаста, ал спортшылардың орташа жасы 43-ті құрайды.
Төрт күн бойы қатысушылар спорттың әртүрлі түрлерінен сынға түсіп, өздерінің дене дайындығын, командалық бірлігін және жеңіске деген жігерін көрсетеді.
Спартакиада қатысушыларына Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мади Жомартұлы Мырзағараев құттықтау сөз сөйледі. Ол он жыл ішінде Спартакиада адвокаттар қауымдастығының игі дәстүріне айналғанын атап өтті. Егер алғашқы жарысқа 2016 жылы 10 адвокаттар алқасы мен шамамен 200 адвокат қатысса, бүгінде Спартакиада еліміздің 18 аумақтық адвокаттар алқасының өкілдерін біріктіріп отыр. Оның басты мақсаты өзгерген жоқ - корпоративтік бірлікті нығайту, спорттық дәстүрлерді дамыту және адвокаттар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы төрт күнге созылатын жарыс форматы қатысушыларға спорттық бәсекемен қатар тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарын нығайтуға және өзара сыйластық пен достық қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Спартакиада қатысушыларын сондай-ақ Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Астана қаласы адвокаттар алқасының төрағасы Руслан Узканов құттықтады. Ол іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтып, спортшыларға сәттілік тіледі және жарыстың қауіпсіз әрі жоғары деңгейде өтуі үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын жеткізді.
Жарыстардың әділ өтуін кәсіби төрешілер алқасы қамтамасыз етеді. Сонымен қатар барлық спорттық сайыстар фото және бейнетүсіріліммен, оның ішінде әуеден түсіру арқылы толықтай қамтылатын болады. Спартакиаданың екінші күні қатысушылар мен қонақтарға арналған дәстүрлі шығармашылық кеш жүргізіледі.
Он жыл ішінде адвокаттардың республикалық спартакиадасы тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар адвокаттар қауымдастығы арасындағы кәсіби байланысты нығайтатын, корпоративтік мәдениетті дамытатын және қалыптасқан дәстүрлерді жалғастыратын маңызды алаңға айналды.
Спартакиада жаңалықтарын біздің ресми ақпарат көздерімізден бақылаңыздар. Алда әлі бірнеше күнге созылатын тартысты жарыстар мен қызықты спорттық кездесулер күтіп тұр.