2026 жылғы 13 наурызда Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының міндетін атқарушы Аманжол Мұхамедьяров Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында өткен «Адвокатураның қазіргі жағдайы және оны одан әрі дамыту перспективалары» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысына қатысты.
Іс-шараны Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Евгений Больгерт жүргізді. Талқылауға Сенат депутаттары, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің, Бас прокуратураның, Жоғарғы Соттың Сот әкімшілігінің өкілдері, сондай-ақ ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында адвокатураны дамыту, мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесінің (МКЗК) жұмыс істеуі, адвокаттық қызметтің тәуелсіздігін қамтамасыз ету және көрсетілетін заң көмегінің сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Сенатор Евгений Больгерт мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесінің жұмыс істеуіндегі өзекті мәселелерге, адвокаттардың еңбекақы деңгейіне және адвокатура тәуелсіздігінің кепілдіктерін нығайту қажеттілігіне назар аударды.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Бекболат Молдабеков өз сөзінде заң көмегінің сапасын арттыру, кәсіби стандарттарды дамыту және адвокат пен клиент арасындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелеріне тоқталды.
Ғылыми қауымдастық пен құқық қорғау органдарының өкілдері де адвокаттардың тәртіптік практикасына, адвокаттық қызметтің кәсіби стандарттарына және адвокатура мен сот төрелігі органдары арасындағы өзара іс-қимылдың жекелеген аспектілеріне қатысты ұсыныстарын білдірді.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының міндетін атқарушы Аманжол Мұхамедьяров адвокатураның одан әрі дамуы үшін қағидатты маңызы бар бірқатар жүйелі мәселелерді атап өтті.
Атап айтқанда, ең өзекті мәселелердің бірі ретінде мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесінің тиімді жұмыс істеуі көрсетілді. Оның әлеуметтік маңыздылығына қарамастан, адвокаттар еңбекақының төмен деңгейі мен төлемдердің жүйелі түрде кешіктірілуі сияқты мәселелерге тап болып отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік саясат деңгейінде кешенді шешімдер қабылдауды талап етеді.
Сонымен қатар азаматтардың білікті заң көмегін алу жөніндегі конституциялық құқығын қамтамасыз етудің негізгі шарты ретінде адвокатураның институционалдық тәуелсіздігін одан әрі нығайту қажеттігі ерекше атап өтілді.
Республикалық адвокаттар алқасының өкілі адвокатураға қол жеткізу тетіктерін жетілдірудің және адвокаттық әдеп пен кәсіби жауапкершіліктің жоғары стандарттарын сақтаудың маңыздылығына да назар аударды.
Дөңгелек үстел қатысушылары адвокатура мәртебесін Конституциялық деңгейде бекітудің сот төрелігі жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретіндегі маңызын атап өтті.
Сонымен қатар адвокатураны одан әрі дамыту адвокаттық қызмет тәуелсіздігінің кепілдіктерін нығайтумен, заң көмегін көрсету тетіктерін жетілдірумен және мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесінің тиімділігін арттырумен қатар жүруі тиіс екені айтылды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар адвокатураны дамыту және азаматтардың қорғану құқығының кепілдіктерін нығайту мәселелері бойынша мемлекеттік органдар мен адвокаттық қауымдастық арасындағы өзара диалогты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.