Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашеваның ұйымдастыруымен «Сталкинг пен некеге тұруға мәжбүрлеудің алдын алу: заңнама, қорғау және бөлімаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сарапшылар және заң қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Республикалық адвокаттар алқасы атынан талқылауға РАА Адвокатурасының Тәртіптік комиссиясының төрайымы Асель Токаева мен РАА Төралқаның мүшесі Анар Кусаинова қатысты.
Қатысушылар сталкинг пен некеге тұруға мәжбүрлеу үшін жауаптылықты көздейтін Қылмыстық кодекс нормаларын қолданудың алғашқы нәтижелерін талқылады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ағымдағы жылдың бес айында сталкинг фактілері бойынша 83 қылмыстық іс және некеге тұруға мәжбүрлеу фактілері бойынша 12 іс сотқа жолданған.
Асель Токаева өз сөзінде аталған әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықтың енгізілуі азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды күшейту жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті. Сонымен қатар, жаңа нормаларды қолдану тәжірибесі заң шығарушы мен құқық қолданушылардың қосымша назарын қажет ететін жекелеген мәселелерді анықтап отырғанын айтты.
Атап айтқанда, киберсталкингті, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануды, бопсалауды және психологиялық ықпал етудің өзге де түрлерін қоса алғанда, қудалаудың заманауи нысандарын ескере отырып, сталкинг туралы бапты жетілдіру қажеттігіне назар аударылды. Сондай-ақ профилактикалық шараларды дамыту, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және жәбірленушілерді қорғау тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар сталкинг пен некеге тұруға мәжбүрлеуге қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін одан әрі жетілдіру жөнінде пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді.