home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ АДВОКАТ АДАМ МҰРАТ АДАМҰЛЫНЫҢ ЛИЦЕНЗИЯСЫНАН АЙЫРУ ТУРАЛЫ ІС БОЙЫНША

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ АДВОКАТ АДАМ МҰРАТ АДАМҰЛЫНЫҢ ЛИЦЕНЗИЯСЫНАН АЙЫРУ ТУРАЛЫ ІС БОЙЫНША

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ АДВОКАТ АДАМ МҰРАТ АДАМҰЛЫНЫҢ ЛИЦЕНЗИЯСЫНАН АЙЫРУ ТУРАЛЫ ІС БОЙЫНША
06.01.2026

Республикалық адвокаттар алқасы Адам Мұрат Адамұлының адвокаттық қызметпен айналысу лицензиясынан айыру туралы талап арыздың берілуіне байланысты қалыптасқан жағдай заңгерлік қауымдастықта, сондай-ақ құқық қорғаушылар мен белсенді азаматтар арасында кеңінен талқыланғанын атап өтеді.

Істің мән-жайларын жан-жақты зерделеу мақсатында Республикалық адвокаттар алқасы адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі Комиссияға аталған жағдайды адвокаттық қызмет кепілдіктерінің және адвокаттың кәсіби құқықтарының сақталуы тұрғысынан қарауды тапсырды. Сонымен қатар РАА-ның Ғылыми-консультативтік кеңесіне қолданыстағы заңнама нормалары мен адвокаттық қызмет стандарттарын ескере отырып, құқықтық қорытынды әзірлеу тапсырылды.

Аталған іс бойынша Республикалық адвокаттар алқасы атынан РАА Төрағасының орынбасарының міндетін атқарушы Аманжол Мұхамедьяров қатысуда.

РАА-ның принципті ұстанымы мемлекеттік органдар мен адвокатура өз құзыреттері шеңберінде әрекет ете отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі ортақ міндетті жүзеге асыратынына негізделеді. Осы тұрғыдан алғанда, адвокаттардың қызметі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған және мемлекеттің мүдделеріне сай келеді.

Осыған байланысты адвокаттың мәртебесіне және оның адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына қатысты кез келген шешімдер тек заң талаптарына сәйкес, әділдік, мөлшерлестік және құқықтық айқындық қағидаттарын сақтай отырып, сондай-ақ білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықты қамтамасыз ететін жария-құқықтық институт ретіндегі адвокатураның ерекше рөлін ескере отырып қабылдануы тиіс.

Республикалық адвокаттар алқасы қаралып отырған жағдайдың заңдылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға, адвокаттық қызметтің тәуелсіздігі кепілдіктеріне, сондай-ақ адвокаттың кәсіби қызметіндегі пікір білдіру еркіндігінің шектеріне қатысты принципті мәселелерді қозғайтынына назар аударады.

Осыған байланысты РАА істің заңдылық пен әділдік қағидаттарына негізделген, байыпты әрі құқықтық тұрғыдан дәлелді түрде шешілуі қажеттігін басшылыққа алады.

Республикалық адвокаттар алқасы істі қарау қорытындысы бойынша заңнама талаптарына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау міндеттеріне сай келетін шешім қабылданады деген үміт білдіреді.