home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары «МЫҚТЫ АДВОКАТУРА – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ» VII ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АДВОКАТТАР ФОРУМЫ ҚАРАРЫ

«МЫҚТЫ АДВОКАТУРА – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ» VII ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АДВОКАТТАР ФОРУМЫ ҚАРАРЫ

«МЫҚТЫ АДВОКАТУРА – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ» VII ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АДВОКАТТАР ФОРУМЫ ҚАРАРЫ
09.10.2023

«МЫҚТЫ АДВОКАТУРА – ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ» VII ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АДВОКАТТАР ФОРУМЫ

ҚАРАРЫ

 

1. Адвокаттық қызметке араласу қаупінсіз адвокаттар өз клиенттерінің мүдделерін қорғай алуы үшін адвокатураның тәуелсіздігін одан әрі дамыту қажет.

Ол үшін толыққанды өзін-өзі басқаруды қамтамасыз ету қажет, адвокаттардың тәртіптік жауапкершілігі және мамандыққа қабылдау және адвокат мәртебесін тоқтату мәселелерін адвокатураға толық беру керек, ішкі құжаттарды мемлекетпен келіспей қабылдау қажет.

 

2. Адвокаттардың тәуелсіздігі заңнама деңгейінде қамтамасыз етілуі тиіс. Атап айтқанда:

- адвокаттық кәсіпті реттеуді әлемдік тәжірибеде қабылданған стандарттарға сәйкес келтіру қажет;

- адвокаттың сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына, прокуратура мен сотқа тәуелділігін жою керек;

- адвокаттарды өмірі мен денсаулығына қауіп-қатерлер мен қол сұғушылықтардан қорғауды күшейту қажет;

- заң көмегін көрсетуге қатысты адвокаттарды қылмыстық немесе әкімшілік қудалауға, оның ішінде жария сөздері үшін қудалануына тыйым салуды енгізу қажет;

- адвокаттық сұрау салудың қолданылу аясын және адвокаттардың заң көмегін көрсету мүддесінде заңмен қорғалатын құпияға қол жеткізуін кеңейту керек;

- адвокатқа тиесілі мүліктер мен үй-жайларды тінту, тексеру және алудың ерекше тәртібін орнату қажет .

 

3. Айыптау мен қорғау тараптарының теңдігі туралы қылмыстық процесс қағидатын нақты қамтамасыз етуге бағытталған пәрменді шаралар қабылдау қажет.

Бұған басқалармен қатар мыналар қажет:

- барлық процестік құжаттардың, аудио - бейнежазбалардың, заттай дәлелдемелердің куәландырылған көшірмелерін қылмыстық процесті жүргізуші орган оларды алғаннан кейін адвокатқа дереу ұсыну арқылы адвокаттардың іс материалдарына дереу қол жеткізуін қамтамасыз ету керек;

- қылмыстық қудалау органдарының өз бастамасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері бар ақпаратты жариялауына тыйым салуды енгізу қажет;

- облыс прокурорымен келісілген қаулы бойынша тергеу судьясының адвокатқа қатысты жасырын тергеу әрекеттеріне санкция беруін енгізу керек;

- істегі адвокаттың құқықтық ұстанымын бағалауға қатысты ұсыным, жеке ұйғарым (қаулы) енгізуге тыйым салуды енгізу қажет.

 

4. Сот реформасы тараптардың нақты бәсекелестігін және судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы керек.

Бұл үшін басқалармен қатар мыналар қажет:

- сот ісін жүргізудің барлық түрлері бойынша және барлық істер үшін кемінде үш судьядан тұратын алқалы құрамда толыққанды кассациялық саты енгізу қажет, оған тараптар мен олардың адвокаттарының тікелей қатысу мүмкіндігін беру қажет;

- судьялардың тәуелсіздігіне кедергі келтіретін барлық тетіктерді жою;

- адвокатураның конституциялық мәртебесін бекіту;

- адвокаттың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту және ол орын алатын негіздердің тізбесін нақтылау;

- заң көмегін көрсету кезінде адвокаттардың техникалық құралдарды пайдалануына кедергілерді жою;

- барлық ауыр және аса ауыр қылмыстарға алқабилер сотының соттылығын кеңейту қажет.

 

5. Адвокаттарға қатысты әділ әлеуметтік және салық саясатын қамтамасыз ету қажет.

Бұл үшін әсіресе мыналар қажет:

- адвокаттың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына және өзге де ақы төленетін лауазымға орналасуына шектеулерді қайта қарау керек;

- адвокаттарға арнайы салық режимдерін пайдалану құқығын, салық салынатын кірістен шығыстарды шегеру құқығын беру қажет.