2026 жылғы 10 маусымда Республикалық адвокаттар алқасы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қол қою рәсіміне Республикалық адвокаттар алқасы атынан Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мади Жомартович Мырзағараев, Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары А.Н. Мухамедьяров, Адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы А.К. Тулегенов және Республикалық адвокаттар алқасы Төралқа мүшесі А.Б. Кусаинова қатысты.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан іс-шараға «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев және «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова қатысты. Сондай-ақ меморандумға қол қою рәсіміне Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Канат Ильич Нуров қатысты.
Қол қою рәсімінде сөз сөйлеген Қанат Шарлапаев бизнестің құқықтарын қорғау Палата қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Өз кезегінде Гүлнар Бижанова кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тиімділігі проблемалық мәселелерді уақтылы анықтауға және оларға жедел әрекет етуге тікелей байланысты екенін айтты.
Меморандумға қол қою адвокатура, бизнес-қоғамдастық және Бизнес-омбудсмен институты арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болды. Құжат тараптардың кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу тәуекелдерін уақтылы анықтау және олардың алдын алу, білікті заң көмегінің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ бизнесті қорғау мәселелері бойынша жүйелі шешімдер әзірлеу бағытындағы күш-жігерін біріктіруді көздейді.
Ынтымақтастық аясында кәсіпкерлердің құқықтарын қылмыстық, әкімшілік және азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде қорғау, сондай-ақ мемлекеттік органдармен дауларды қарау және әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.
Республикалық адвокаттар алқасы білікті заң көмегін алу құқығының кепілдіктерін нығайтуды және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруді дәйекті түрде қолдап келеді. Меморандум ережелерін іске асыру адвокатураның, кәсіпкерлер қауымдастығының және мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстандағы заңдылық пен бизнестің құқықтық қорғалуын нығайтуға ықпал етеді.