home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары Республикалық адвокаттар алқасы Англия және Уэльс заң қоғамымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Республикалық адвокаттар алқасы Англия және Уэльс заң қоғамымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Республикалық адвокаттар алқасы Англия және Уэльс заң қоғамымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады
01.07.2026

2026 жылғы 2 шілдеде Республикалық адвокаттар алқасына жұмыс сапарымен Англия және Уэльс заң қоғамының (The Law Society of England and Wales) өкілдері, Еуропа және Орталық Азия бойынша халықаралық саясат жөніндегі кеңесші Беатрис Мартинес пен халықаралық саясат жөніндегі менеджер Марко Чилларио келді.

 

Аталған сапар Англия және Уэльс заң қоғамы өкілдерінің Орталық Азия елдеріне жасаған жұмыс сапары аясында өтті. Пандемияға байланысты бірнеше жылдық үзілістен кейін ұйым өңірдің заң қауымдастығымен белсенді өзара іс-қимылды қайта жандандыруда. Қазақстаннан бөлек, сапар бағдарламасына Өзбекстан мен Қырғызстанда кездесулер өткізу де енгізілген.

 

Кездесу барысында ағылшын тарапы Англия және Уэльс заң қоғамының қызметі туралы ақпарат берді. Ұйым шамамен 200 мың солиситорды біріктіреді, олардың кәсіби мүдделерін қорғайды, мүшелеріне әдістемелік қолдау көрсетеді және халықаралық ынтымақтастықты дамытады. Қазіргі уақытта шамамен 8 мың солиситор Англия мен Уэльстен тыс жерлерде қызмет атқарады. Осыған байланысты ұйым шетелдік заң қауымдастықтарымен кәсіби байланыстарды дамытуға ерекше мән береді.

 

Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері қонақтарды Қазақстан адвокатурасының қалыптасу тарихымен, қазіргі жүйесімен, ұйымдастырушылық құрылымымен, адвокаттық өзін-өзі басқару ерекшеліктерімен, заңнамадағы соңғы өзгерістермен, сондай-ақ адвокатура мәртебесінің Конституцияда бекітілуімен таныстырды.

 

Тараптар Қазақстан мен Англия және Уэльстегі заңгерлік кәсіптердің ерекшеліктерін, кәсіби әдеп мәселелерін, адвокатураның тәуелсіздігін, адвокаттарды қорғауды, заң практикасында жасанды интеллектіні қолдануды, сондай-ақ әдістемелік және ақпараттық материалдармен алмасу перспективаларын талқылады.

 

Кездесу барысында заңгерлік кәсіптің тәуелсіздігі мәселесіне ерекше назар аударылды. Англия және Уэльс заң қоғамының өкілдері қазіргі заманғы адвокатураның негізгі қағидаттарының бірі – адвокатты оның сенім білдірушісімен теңестіруге жол бермеу екенін атап өтті. Адвокат қоғамдық пікірге, саяси көзқарастарға немесе өзі өкілдік ететін клиенттің ұстанымына қарамастан, кәсіби қызметін еркін әрі тәуелсіз жүзеге асыруға тиіс.

 

Талқылау барысында Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері Қазақстандағы адвокаттық қызметті реттеудің қолданыстағы жүйесі туралы айтып, адвокаттық қызметті лицензиялау және кәсіби әдепті реттеуге қатысты жекелеген мәселелер мемлекеттік органдардың құзыретінде екенін әрі кәсіби қоғамдастықтың тұрақты талқылау нысаны болып отырғанын атап өтті.

 

Кездесуде ағылшын солиситоры біліктілігін алу тәртібі де ерекше қызығушылық тудырды. Англия және Уэльс заң қоғамының өкілдері Solicitors Qualifying Examination (SQE) біліктілік емтиханына шетелдік заңгерлердің, оның ішінде қазақстандық адвокаттардың да қатыса алатынын және азаматтыққа қатысты талаптар қойылмайтынын хабарлады. Басқа мемлекетте заңгерлік біліктілігі бар тұлғалар үшін емтиханның жекелеген кезеңдерінен өтудің жеңілдетілген тәртібі қарастырылған. Қазақстанда емтихан орталығы болмағандықтан, емтиханды Дубай мен Әбу-Дабидегі халықаралық орталықтарда тапсыруға болады.

 

Сондай-ақ Англия және Уэльс заң қоғамының өкілдері қазақстандық адвокаттарға арналған бірлескен білім беру іс-шараларын, оның ішінде ағылшын солиситоры біліктілігін алу мәселелері бойынша тегін ақпараттық вебинар ұйымдастыруға, сондай-ақ заңгерлік кәсіптің өзекті даму бағыттарына қатысты материалдар ұсынуға дайын екендерін білдірді.

 

Кездесу барысында халықаралық коммерциялық қызметтегі ағылшын құқығының рөлі де талқыланды. Англия және Уэльс заң қоғамының өкілдері ағылшын құқығы халықаралық шарттарда бейтарап құқық ретінде кеңінен қолданылатынын, әсіресе әртүрлі мемлекеттердің тараптары олардың бірінің ұлттық құқығын қолданудан бас тартқан жағдайларда жиі таңдалатынын атап өтті. Ағылшын юрисдикциясына деген жоғары сенім құқық үстемдігінің көпғасырлық дәстүрлеріне, судьялардың тәуелсіздігіне және әділ сот төрелігінің жоғары беделіне негізделген. Сондықтан Ұлыбританиямен тікелей байланысы жоқ компаниялардың өзі дауларды шешу үшін ағылшын соттарын немесе Лондонды халықаралық коммерциялық төрелік орталығы ретінде жиі таңдайды.

 

Ағылшын тарапының өкілдері Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан институционалдық және құқықтық реформаларға, оның ішінде жаңа Алатау қаласының құрылуына ерекше қызығушылық танытты. Олардың пікірінше, мұндай жобалар халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, инвестициялар тартуға және Қазақстан мен шетелдік мемлекеттердің заң қауымдастықтары арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға қосымша серпін береді.

 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кәсіби байланыстарды одан әрі дамытуға, тәжірибе алмасуға, бірлескен білім беру жобаларын іске асыруға және Қазақстан мен Англия және Уэльс адвокаттық қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделі екендерін растады.

 

Англия және Уэльс заң қоғамы – Ұлыбританиядағы ең көне кәсіби ұйымдардың бірі. Ол 1825 жылы құрылған. 2025 жылы ұйым өзінің 200 жылдық мерейтойын атап өтті.