2026 жылғы 3–4 ақпан күндері Исламабад қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Пәкістан ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар іс-шаралар өтті. Қазақстан Республикасының Пәкістандағы ресми делегациясының құрамында Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мади Мырзағараевта болды.
Сапар барысында а.ж. 3 ақпан күні Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Пәкістан Жоғарғы сотының адвокаттар қауымдастығына барып, оның басшылығымен және заң қауымдастығының аға өкілдерімен кездесу өткізді. Сол күні Исламабад Жоғары сотының адвокаттар қауымдастығының басшылығымен де ресми кездесу өтті. Сонымен қатар Пәкістан Жоғарғы сотының аға адвокаты, құқық және парламенттік істер жөніндегі бұрынғы федералдық министр Бабар Аванмен, сондай-ақ Пәкістанның құқық және әділет мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Акил Маликпен жеке кездесулер ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Халықаралық дауларды баламалы шешу институтының басшылығымен кездесу өтіп, оның барысында дауларды баламалы жолмен шешу мәселелері мен кәсіби өзара іс-қимыл бағыттары талқыланды.
2026 жылғы 4 ақпанда Қазақстан–Пәкістан бизнес-форумы өтті. Форум жұмысына Қазақстан Республикасының Президенті мен Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі қатысты. Форумның ресми бағдарламасы аясында Қазақстан Республикалық адвокаттар алқасы мен Пәкістан Жоғарғы сотының адвокаттар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандумға қол қою мемлекеттік сапар барысында жасалған өзге де мемлекетаралық және коммерциялық келісімдермен қатар Қазақстан–Пәкістан бизнес-форумы алаңында жүзеге асырылып, екі елдің адвокаттық қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылдың институционалдық сипатын айқындады. Құжат адвокаттық қызмет саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, бірлесе отырып білім беру және сараптамалық іс-шаралар өткізуге, кәсіби ақпарат пен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ заң тәжірибесін цифрландыру және адвокаттардың кәсіби құқықтарын қорғау бағытындағы өзара байланыстың негізін қалайды.
Пәкістанның адвокаттық қауымдастығы жүз мыңнан астам тәжірибелі адвокатты біріктіреді және кәсіби өзін-өзі басқарудың дамыған инфрақұрылымы бар, оның ішінде жоғары сот инстанциялары жанындағы бар-қауымдастықтар кіреді. Пәкістанда Жоғарғы сотта адвокаттық қызмет атқаруға рұқсат беру арнайы біліктілік рәсімі арқылы жүзеге асырылады, ал мұндай адвокаттар Пәкістан Жоғарғы соты адвокаттары қауымдастығына біріктірілген.
Қазақстанның Республикалық адвокаттар алқасы сапар бағдарламасын және адвокатураға қатысты жұмыс кездесулерін ұйымдастыруға көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін Пәкістан Ислам Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшілігіне алғыс білдіреді.
Қазақстанның Республикалық адвокаттар алқасы мемлекеттік сапар аясында адвокатураның осылай қатысуын және меморандумға қол қойылуын халықаралық кәсіби ынтымақтастықты дамытудың және Қазақстан мен Пәкістанның адвокаттық қауымдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы деп біледі.