Қазақстан адвокаттарының Республикалық Спартакиадасы 2026 жылы 1-4 тамыз аралығында Ақмола облысының Щучинск-Бурабай курорттық аймағында орналасқан «Жақсы» спорт кешенінде өтеді.
Республикалық Спартакиаданы РАА екі жылда бір рет өткізеді және ол адвокатураның корпоративтік бірлігін дамытуға, адвокаттар алқалары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға әрі адвокаттық қоғамдастықта салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Спартакиада бағдарламасына шағын футбол, ерлер және әйелдер волейболы, шахмат, үстел теннисі, армрестлинг, бильярд, 100 метрге жүгіру, гір көтеру, турникке тартылу және арқан тарту жарыстары енгізілді.
Бекітілген Ережеге сәйкес, жарыстарға тек аумақтық адвокаттар алқаларының адвокаттары ғана қатыса алады. Тағылымдамадан өтушілер, адвокат көмекшілері және өзге тұлғалар жарысқа қатыса алмайды.
Ережеде жарыстардың ашық және адал өтуін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылған. Команда құрамында тиісті аумақтық адвокаттар алқасының адвокаты болып табылмайтын тұлға анықталған жағдайда, команданың барлық нәтижелері жойылып, бүкіл командаға дисквалификация қарастырылған.
Жарыстар барысында туындауы мүмкін даулы жағдайлар мен наразылықтарды қарау үшін РАА Төралқасы Спартакиаданың Төрелік қазылар алқасының құрамын бекітті. Оның құрамына Спартакиаданың Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Астана қаласы адвокаттар алқасы Төралқасының төрағасы Руслан Узканов, РАА Төрағасының орынбасары Аманжол Мұхамедьяров, Қарағанды облыстық адвокаттар алқасы Төралқасының төрағасы Оқасбай Әбікенов, Алматы қалалық адвокаттар алқасы Төралқасының төрағасы Набира Неясова, сондай-ақ Спартакиаданың бас төрешісі кірді.
Спартакиадаға қатысу үшін аумақтық адвокаттар алқалары РАА-ға жарыс басталғанға дейін күнтізбелік 60 күннен кешіктірмей сандық өтінімдерді беруі тиіс, ал атаулы өтінімдерді жарыс басталғанға дейін 15 күннен кешіктірмей беру қажет.
Үлгілік кестеде жеребе тарту, салтанатты ашылу рәсімдері, жарыс күндері, шығармашылық кештер, ақтық ойындар және жеңімпаздарды марапаттау рәсімдері қарастырылған.
Спартакиаданың салтанатты ашылуы 2026 жылы 1 тамызда өтеді, ал оның жабылуы мен жеңімпаздарды марапаттау 2026 жылы 4 тамызда өтеді.