ПРЕСС-РЕЛИЗ
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелерінде адвокаттардың өз қорғауындағы адамдармен сөйлесулерін жүйелі түрде тыңдау фактілері бойынша Республикалық адвокаттар алқасы ашық үндеуіне мемлекеттік органдардан келіп түскен бірінші жауаптарға қатысты
Республикалық адвокаттар алқасы 01.11.2023 жылы өзінің сайтында
ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелерінде адвокаттардың өз қорғауындағы адамдармен сөйлесулерін жүйелі түрде тыңдау фактілері бойынша ашық үндеу жариялады.
Ашық үндеуде назар аударылған негізгі мәселе – адвокаттардың өз қорғауындағы адамдармен кездесулеріне арналған бөлмелерде сөйлеу немесе өзге де ақпаратты аудио-тіркеуге арналған арнайы құралдардың табылғаны.
Бұл бөлмелерде күн сайын әр түрлі адвокаттардың өздерінің қорғауындағы адамдармен кездесулері жүргізілетіндіктен, ондағы барлық сөйлесулер құқық қорғау органдарымен жүйелі түрде жазылатын болып тұр.
Соңғы күндері біз уәкілетті мемлекеттік органдардан алғашқы жауаптарды алдық.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ашық үндеуді ведомстволық бағыныстылығы бойынша қарау үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберді, яғни адвокаттардың өз қорғауындағы адамдармен кездесулеріне арналған бөлмелерде арнайы жабдықты орнатуға кім рұқсат бергенінеде қызметтік тексеру жүргізбеген. Бұл ретте олар, біріншіден, соттың санкциясы барлық басқа адвокаттар мен олардың қорғауындағы адамдардың әңгімелерін тыңдауға емес, нақты адамға қатысты берілгенін білді, екіншіден, халықаралық заңнамаға, сондай-ақ Қылмыстық-процестік кодексi мен Адвокаттық қызмет туралы заңының нормаларына сәйкес органдар қамауға алынған адамдардың адвокатпен құпия әңгімелесу құқығын қамтамасыз етуі керек. Бұл мызғымас құқық.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет берген жауапта олардың қызметкерлері тарапынан бұзушылықтар табылмағаны, жасырын тергеу әрекетіне қаулыны тергеу изоляторы жағдайында нақты тұлғаларға қатысты тергеу соты санкциялағаны, сондай-ақ Ақтөбе облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ақпараты бойынша №70 (тергеу изоляторы) мекемеде адвокаттар мен қорғауындағы адамдар үшін жеке үй-жай көзделмегені, тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған үй-жайлар ғана бар екендігі анықталды делінген.
Жоғарыда көрсетілген жауапқа сай қаулыда жасырын тергеу әрекеті тергеу изоляторы жағдайында жүргізіледі делінсе, онда арнайы құралдарды барлық жерде, оның ішінде санкция берілген іс бойынша өтпейтіндерді қоса алғанда адвокаттар мен олардың қорғауындағы адамдармен кездесулер өткізілетін бөлмелерде қоюға болады. Бұл адвокаттың өз қорғауындағы адаммен сөйлесулерін тыңдауға заңнамалық тыйым салуға қарамастан. Біз сондай-ақ хаттың мағынасынан мынаны түсіндік, егерде адвокаттардың өз қорғауындағы адамдармен кездесулеріне арналған бөлмелер тергеу әрекеттерін жүргізу үшін пайдаланылса, демек онда болып жатқан барлық сөйлесулерді жазуға және құпия кездесу құқығын бұзуға рұқсат етілген!
Біз Бас прокуратурадан азаматтардың өз адвокатымен құпия әңгімелесу құқығын жаппай бұзуға жол берген, сондай-ақ адвокаттардың адвокаттық құпияға құқықтарын жаппай бұзуға жол берген адамдарға қатысты тергеуді күтеміз. Кінәлілерді жауапкершілікке тартуды және бұдан былай адвокаттық қызмет кепілдіктерінің мұндай бұзылуына жол бермеуді талап етеміз.
Заңдылық қағидаты қамтамасыз етілуі керек!