2026 жылғы 3 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында азаматтың Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы жолданым бойынша іс қаралды. Жолданым Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы №6 «Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың, жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырудың және тағайындалған жаза мерзімін қысқартудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 9-тармағының бірінші абзацына қатысты берілген.
Отырысқа мемлекеттік органдардың, ғылыми және сараптамалық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Республикалық адвокаттар алқасының өкілі қатысты. РАА атынан Конституциялық Сот отырысында РАА Ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі М.Н. Налибаев сөз сөйледі.
Конституциялық қарауға аталған нормативтік қаулының 9-тармағының бірінші абзацындағы ереже негіз болды. Бұл нормаға сәйкес, сотталған адамның заңда белгіленген жаза мерзімінің белгілі бір бөлігін нақты өтеуі шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру үшін сөзсіз негіз бола алмайды.
Өтініш иесінің пікірінше, мұндай реттеу іс жүзінде сотталғандардың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу және жазаны ауыстыру құқығын жүзеге асыруына әсер етеді. Ал құқықтар мен бостандықтарды шектеуге қатысты мәселелер тек Парламент қабылдайтын заңдармен ғана реттелуі тиіс.
РАА Ғылыми-консультативтік кеңесі аталған мәселені қарастыра отырып, Жоғарғы Соттың 2015 жылғы 2 қазандағы №6 нормативтік қаулысының 9-тармағының бірінші абзацы қылмыстық заңда көзделмеген шектеуді енгізу арқылы сотталған адамның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылу құқығын іс жүзінде шектейді деген қорытындыға келді.
Аталған ұстаным Конституциялық Сот отырысында РАА өкілі тарапынан айтылды. Атап айтқанда, бұл норма заңды түсіндірудің рұқсат етілген нысаны ретінде қарастырылмайтыны, өйткені ол іс жүзінде заңның мазмұны мен құқықтық салдарын өзгертіп жіберетіні атап өтілді. Осылайша, бұл ереже Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабының бірінші бөлігінің және 73-бабының талаптарына қайшы келеді.
РАА Ғылыми-консультативтік кеңесінің пікірінше, мұндай реттеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабының 1-тармағына да сәйкес келмейді. Аталған нормаға сәйкес, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу тек заңдармен ғана белгіленуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл мәселе құқық үстемдігі, құқықтық айқындық және билік тармақтарының бөлінуі сияқты іргелі қағидаттармен де байланысты.
Конституциялық Соттың қорытынды шешімі белгіленген тәртіппен соттың ресми сайтында, сондай-ақ «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланады.