2025 жылғы 23 желтоқсанда Esil University-де заң ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Бахтияр Булеулиевтің 60 жылдық мерейтойына арналған «“Заң және Тәртіп” қағидаты: Қазақстандағы қылмыстық процестің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция жұмысына профессор Бахтияр Булеулиевтің арнайы шақыруымен Республикалық адвокаттар алқасының Төрағасы Мәди Мырзағараев қатысты. Пленарлық отырыс пен ғылыми пікірталастар барысында қылмыстық процесті дамытудың өзекті мәселелері, тергеу судьялары мен алқабилер сотының рөлі, сондай-ақ заңдылық қағидатын сақтау мен адам құқықтарын қорғаудың практикалық аспектілері кеңінен талқыланды.
Іс-шара бағдарламасында Бахтияр Булеулиевтің «Қазақстанның жаңа қылмыстық процесі: тергеу судьялары мен алқабилер сотына қарай. Қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» атты монографиясының екінші басылымының таныстырылымы ерекше орын алды. Автордың атап өтуінше, бұл еңбек көпжылдық ғылыми зерттеулер мен практикалық тәжірибенің нәтижелерін жинақтай отырып, қылмыстық сот ісін жүргізудің заманауи даму үрдістерін көрсетеді.
Конференцияға Ресей мен Қырғызстаннан келген шетелдік сарапшылар, отандық жетекші ғалымдар, Парламент депутаттары, сот және құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттық қауымдастық пен академиялық орта өкілдері қатысты.
Іс-шара қорытындысы бойынша конференцияның заң ғылымын дамыту, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру және ғылым, адвокатура мен мемлекеттік институттар арасындағы кәсіби диалогты нығайту тұрғысынан маңыздылығы атап өтілді. Сондай-ақ профессор Бахтияр Булеулиевтің Қазақстан Республикасындағы қылмыстық процесс доктринасын қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі жоғары бағаланды.