home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары РАА төрағасы жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған конференцияға қатысты

РАА төрағасы жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған конференцияға қатысты

РАА төрағасы жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған конференцияға қатысты
01.07.2026

30 маусым күні Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған «Жаңа Конституция: тұрақты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шараға Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мади Мырзағараев қатысты.

Конференция мемлекеттік органдардың, Парламенттің, сот жүйесінің, адвокатураның, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдерін біріктірді. Қатысушылар жаңа Конституцияның құқықтық жүйені одан әрі дамытудағы, заң үстемдігін нығайтудағы, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етудегі және құқықтық мәдениетті арттырудағы маңызын талқылады.

Конференция аясында Мади Мырзағараевқа Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының арнайы басылымы және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты табысталды. Мемлекет басшысы өз жолдауында Әділетті Қазақстанды құру ісіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, конституциялық құндылықтардың еліміздің одан әрі нығаюы, қоғамдық келісім мен тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі айрықша маңызын атап өтті.

Жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты. Адвокатура үшін бұл өзгерістің айрықша мәні бар. Өйткені Негізгі Заң адвокатураның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін конституциялық институт ретіндегі орны мен миссиясын айқындап берді.