Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мади Мырзағараев жаңа Азаматтық кодексті дайындау жөніндегі Жұмыс тобының алғашқы отырысына қатысты. Отырыс Құрылтайда 2026 жылғы 24 қарашада Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаровтың төрағалығымен өтті.
Отырыста жаңа Азаматтық кодекс қандай қағидаттар негізінде және қандай бағыттар бойынша әзірленетіні талқыланды. Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа құжатта адам құқықтары мен мүдделері бірінші орынға қойылатынын, сонымен қатар қолданыстағы заңнаманың тәжірибеде өзін жақсы көрсеткен нормалары сақталатынын атап өтті. Негізгі бағдарлар ретінде мыналар аталды:
- меншік нысандарының теңдігі;
- шарт еркіндігі;
- азаматтық айналымға қатысушылардың адалдығы;
- цифрлық экономиканың дамуы.
Құжат бойынша жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп, ғылыми және сарапшылық ортада кеңінен талқыланады. Жұмыс тобы Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауын іске асыру мақсатында құрылды және оған 35 адам кірді: Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың, адвокатураның, нотариаттың, бизнес қауымдастығының өкілдері және заңгер-ғалымдар.
Әділет министрлігінің сайтында «ҚР Азаматтық кодексінің жобасы» бөлімі ашылды. Барлық мүдделі тұлғалар болашақ Кодекстің мазмұнына қатысты өз ұсыныстарын civil.code@adilet.gov.kz электрондық мекенжайына жолдай алады.
Республикалық адвокаттар алқасы жаңа Кодексті әзірлеу жұмысына қатысуын жалғастырады және адвокаттарды азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау тәжірибесінде туындайтын мәселелерді ескере отырып, азаматтық заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жолдауға шақырады.