Астана қаласында Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Отырыс барысында Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев баяндама жасап, құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар жүйелі бастамаларды ұсынды.
Өз сөзінде ол адвокатураның конституциялық мәртебесін қалпына келтіру мәселесіне ерекше назар аударды. Төрағаның айтуынша, адвокатура тек жекелеген мүдделерді білдіретін институт қана емес, сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық мемлекеттің негізгі институттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты адвокатураның мәртебесін Қазақстан Республикасының Конституциясында тікелей бекіту қажеттігі атап өтілді.
Сонымен қатар Мәди Мырзағараев «Миранда қағидатын» конституциялық деңгейде бекіту жөнінде бастама көтерді. Аталған қағидатқа сәйкес, әрбір адам ұсталған сәттен бастап өз құқықтары туралы толық әрі түсінікті ақпарат алуға, оның ішінде үнсіз қалу құқығы мен адвокаттың көмегіне жүгіну мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Бұл ұсыныс жеке тұлғаның құқықтық қорғалу деңгейін арттыруға, заңсыз әрекеттердің алдын алуға, қылмыстық процестің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметіндегі құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған.
Бұдан бөлек, Төраға сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа қысқарту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, адамның бостандығын шектеуге қатысты сот бақылауын неғұрлым ертерек енгізу заңсыз қысым көрсету, құқық бұзушылықтар мен теріс пайдаланулар тәуекелін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, аталған норма Қылмыстық-процестік кодекстің 14-бабының 2-тармағында көзделгеніне қарамастан, Конституцияда тікелей бекітілмегені айтылды.
Жалпы алғанда, ұсынылған бастамалар құқық қолдану жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, адам құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін нығайтуға және азаматтардың әділ сот төрелігіне нақты қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.