РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ АШЫҚ МӘЛІМДЕМЕСІ
Республикалық адвокаттар алқасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 19 наурызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындауына байланысты келесіні хабарлайды.
2021 жылғы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V-ші отырысында еліміздің Президенті өз сөзінде «Мықты және тәуелсіз адвокатурасыз құқықтық мемлекет құру мүмкін емес» деп атап өтті.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Азаматтардың құқығын қорғағанда құқық қорғаушылардың, соның ішінде адвокаттардың құқығы туралы ұмытпаған жөн. Олардың қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу қажет» деген болатын.
Адвокатура Мемлекет басшысының жоғарыда аталған бағдарламалық нұсқауларын үмітпен қабылдады. Өткен жылдың сәуір айында оларды іске асыру үшін адвокатура өзінің негізгі стратегиялық құжаты – «Жаңа Қазақстан – жаңа адвокатура» Қазақстан адвокатурасын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі және бекітті, сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға түзетулер жобасын дайындады.
Аталған құжаттар мемлекеттік органдарға, соның ішінде тиісті министрлік пен Парламентке жіберілді. Республикалық адвокаттар алқасының бастамасымен ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясында және ҚР Парламенті Мәжілісінде Тұжырымдаманың таныстырылуы өткізілді, оның нәтижесінде:
• ҚР Үкіметіне адвокаттардың процессуалдық және институционалдық мәртебесін нығайту мақсатында Қазақстандық адвокатураны дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде бірыңғай заң жобасын әзірлеу ұсынылды.
• ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің депутаттарына Парламент депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстандық адвокатураны дамыту тұжырымдамасын іске асыру туралы бірыңғай Заң жобасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Республикалық адвокаттар алқасы дайындаған заң жобасы ҚР Парламенті Сенаты жанындағы жұмыс тобында, сондай-ақ ҚР Әділет министрлігінің ҚР Қылмыстық кодексі мен Қылмыстық-процестік кодексін қайта қарау жөніндегі жобалық кеңсесінде алдын ала талқыланды.
Бір қарағанда жағдай өзгерді – күшті және тәуелсіз адвокатураны құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алайда, біз мыналарды айтуға мәжбүрміз:
Бірінші. Негізгі мәселелер бойынша адвокатураның ұсыныстары құқық қорғау органдары мен ҚР Үкіметі тарапынан қолдау таппай отыр. Бұл ретте, әртүрлі комиссиялар мен жұмыс топтарында мемлекеттік органдар өкілдерінің саны адвокатура өкілдерінен санынан көп екенін айту қажет. Мысалы, ҚР Қылмыстық кодексі мен Қылмыстық-процестік кодексін қайта қарау жөніндегі жобалық кеңсенің құрамы негізінен мемлекеттік құқық қорғау органдарынан тұрады. Осыған орай, құқық қорғау органдарының пікірі басым болып тұр. Аз ғана қоғам өкілдері – адвокаттар мен заңгер ғалымдардың көзқарастары елеусіз қалуда. Сонымен қатар заң шығару процесіне құқық қорғау органдарының да ықпалы зор. Жасыратыны жоқ, депутаттардың басым көпшілігі мемлекеттік қызметте көп еңбек өтілі бар тұлғалар. Олар құқық қорғау органдарының мүддесін білдіретін үкімет ұстанымын қолдауға бейім. Одан бөлек, Парламенттегі жұмыс топтарының жетекшілеріне құқық қорғау органдарында тәжірибесі басым депутаттар жиі тағайындалады. Соның салдарынан өткен жылдары Парламент қабырғасынан қылмыстық процесті жүргізуші органдардың мүддесін көрсететін бір жақты заңдар шыққанына талай рет куә болдық.
Екінші. Тиісті министрлік, өкінішке орай, біздің тұжырымдама мен заң жобамыз бойынша жұмысқа араласпады. Біз тұжырымдама мен заң жобасын таныстыратын жерлерде Әділет министрлігі құқық қорғау органдарының ұстанымын жиі қолдайды. Сонымен бірге, Әділет министрлігі халыққа заң көмек көрсету саласындағы уәкілетті орган болып табылады және, біздің күтуімізше, адвокаттардың мәртебесі мен өкілеттіктерін күшейтуге мүдделі болуы керек. Халыққа көрсетілетін заң көмегінің сапасы адвокаттың қандай құқықтарына, озбырлықтан қаншалықты қорғалғанына, қандай кепілдіктерге ие екендігіне, адвокаттық қызметке кедергі келтіргені үшін жазаның бұлтартпастығы қағидаты қамтамасыз етілгеніне тікелей байланысты.
Жоғарыда айтылғандардан көрініп тұрғандай, Мемлекет басшысының тәуелсіз әрі мықты адвокатура құру жөніндегі бағдарламалық нұсқаулары орындалмай тұр немесе бұрмаланған. Ақырында, іске асырылып отырған шаралар дұрыс және қажетті мақсатқа қол жеткізбеуі, бәрі өзгеріссіз сол күйінде қалуы мүмкін - заңнаманың басым бөлігі құқық қорғау органдарының мүдделерін көрсетуді жалғастырады.
Осыған орай, қоғамның құрметіне ие адвокаттар өкілдерін ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауына депутаттыққа кандидат ретінде қатысуға шақырамыз. Парламентте мемлекеттік емес сектордан күшті және тәуелсіз адвокаттар мен заңгерлер салмағы аспайынша, құқық қорғау органдары, адвокатура мен сот жүйесі реформалары сәтті болмайды.
Саяси партиялардың тізімі аз екенін түсінеміз, бірақ бірмандаттық округтерден де сайлауға қатысуға болады. Республикалық адвокаттар алқасы кәсіби ұйым ретінде саяси үдерістерге қатыса алмайды, бірақ, саяси көзқарастары мен қалауларына қарамастан, өз әріптестерін қолдауға дайын. Бүкіл адвокаттық қауымдастық әріптестеріміздің жағында болатынына сенімдіміз.
Республикалық адвокаттар алқасы өз қызметінде азаматтардың құқықтарын қорғау және оларға білікті заң көмегін көрсету саласындағы мәселелерді шешуге ерекше мән беруге дайын саяси партияларды және сайлауға түсетін қоғам қайраткерлерін ынтымақтастыққа шақырады.