2026 жылғы 21 сәуір мен 20 мамыр аралығында Республикалық адвокаттар алқасының Ғылыми-консультативтік кеңесі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары жобаларына, сондай-ақ қылмыстық, әкімшілік, азаматтық және корпоративтік құқық салаларындағы жекелеген заңнамалық бастамаларға қатысты бірқатар құқықтық ұстанымдар әзірледі.
2026 жылғы 21 сәуірде РАА Ғылыми-консультативтік кеңесі Жоғарғы Соттың «Сыбайлас қатысу арқылы жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы қолдану практикасы» нормативтік қаулысының жобасы бойынша ұстаным қалыптастырды.
Дайындалған қорытындыда сыбайлас қатысу нысандарын неғұрлым нақты ажырату, Қылмыстық кодекс ережелерінің қайталануын болдырмау және сот түсіндірмелерінің практикалық бағыттылығын күшейту қажеттігіне назар аударылды. Сондай-ақ Палермо конвенциясын қолдануға, халықаралық ынтымақтастыққа, сондай-ақ трансұлттық қылмыстық қауымдастықтардың қатысуымен қаралатын істер бойынша дәлелдемелерді бағалау ерекшеліктеріне қатысты мәселелер қозғалды.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 18 мамырда РАА өкілдері аталған жобаны қарау бойынша Жоғарғы Соттың Ғылыми-консультативтік кеңесінің отырысына қатысты.
2026 жылғы 23 сәуірде РАА Ғылыми-консультативтік кеңесі Жоғарғы Соттың «Әкімшілік қадағалау жөніндегі заңнаманы қолданудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының жобасы бойынша ұстаным дайындады.
Талқылау барысында қосымша нормативтік реттеуді талап ететін мәселелер, оның ішінде қадағалаудағы тұлғаның тұрғылықты жері өзгерген кезде шектеулерді өзгерту тәртібі, әкімшілік қадағалау кезеңіндегі шетел азаматтарының мәртебесі, сондай-ақ сот актілеріне шағым жасалған жағдайда қадағалау мерзімдерін есептеу мәселелері айқындалды.
2026 жылғы 29 сәуірде РАА Ғылыми-консультативтік кеңесі бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерін тағайындау жөніндегі сот практикасы туралы Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына өзгерістер енгізу жобасы бойынша ұсыныстар қалыптастырды.
Ұсыныстар жазаны өтеу жағдайларын өзгерту кезінде формалды тәсілден бас тартуға, тиісті мәселелерді жеке-дара қарауды қамтамасыз етуге, қайшылықты практиканы жоюға және шамадан тыс соттық дискрецияны шектеуге бағытталған.
2026 жылғы 14 мамырда РКА Ғылыми-консультативтік кеңесі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша ұстаным әзірледі.
Ұстаным Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің сұрау салу хаты бойынша Құқықтық саясат тұжырымдамасын 2030 жылға дейін іске асыру шеңберінде дайындалды. Қорытындыда РАА Ғылыми-консультативтік кеңесі корпоративтік қатынастарды азаматтық-құқықтық реттеу жүйесінде дербес бөліп көрсету, олардың заңнамалық анықтамасын бекіту, сондай-ақ заңды тұлғаны іс жүзінде бақылайтын тұлғалардың жауапкершілік тетіктерін жетілдіру қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ РАА Ғылыми-консультативтік кеңесің «Акционерлік қоғамдар туралы» және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңдарға енгізілетін түзетулер бойынша да ұстанымдар қалыптастырды.
Құқықтық ұстанымдармен РАА сайтындағы «РАА ұстанымы» бөлімінде келесі сілтеме арқылы танысуға болады: https://advokatura.kz/ru/pozicii