2026 жылғы 11 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізілді. Заңның жаңа атауы - «Адвокаттық қызмет және білікті заң көмегі туралы» Заң болып белгіленді.
Аталған түзетулер Қазақстан Республикасы заңнамасын Конституция талаптарына сәйкестендіру мақсатында қабылданды. Заң мәтіні бойынша, заң техникасының ерекшеліктеріне байланысты жекелеген жағдайларды қоспағанда, «заң көмегі» термині «білікті заң көмегі» терминімен алмастырылды.
Республикалық адвокаттар алқасы бұл өзгерістердің адвокатура туралы заңнаманы одан әрі дамытудағы маңыздылығына назар аударуды қажет деп санайды.
«Білікті заң көмегі» терминінің заң жүзінде бекітілуі тек редакциялық сипаттағы өзгеріс ретінде қабылданбауы тиіс. Қазіргі кәсіби түсінік тұрғысынан алғанда, біліктілік дипломмен, лицензиямен немесе кәсіпке формалды түрде жіберілумен ғана шектелмейді. Ол кәсіби даярлықтың расталуын, қажетті құзыреттерді меңгеруді және кәсіби функцияларды белгіленген сапа деңгейінде орындау қабілетін білдіреді.
Заң көмегі саласында мұндай сапа нақты кепілдіктерсіз қамтамасыз етілмейді. Олардың қатарына кәсіби тәуелсіздік, адвокаттық құпияны қорғау, қысым көрсетуге және заңсыз араласуға жол бермеу, тиімді процестік мүмкіндіктердің болуы, сенім білдіруші алдындағы жауапкершілік және оның мүддесі үшін әрекет ету құқығы жатады.
Адвокатураның конституциялық мәртебесі заңның атауында ғана емес, адвокаттық қызметтің нақты кепілдіктерінде де көрініс табуға тиіс. Бұл адвокаттарға артықшылықтар беру туралы емес, адамның қорғану құқығын қамтамасыз ететін кепілдіктер туралы сөз. Сондықтан заңнаманы одан әрі жетілдіру адвокаттық құпияны нығайтуға, адвокаттардың кәсіби қызметіне негізсіз араласудан қорғауға, адвокаттық сауалдың тиімділігін қамтамасыз етуге, іс материалдарына қол жеткізуге, тараптардың процестік теңдігін сақтауға, сондай-ақ адвокаттық құпияға әсер етуі мүмкін процестік әрекеттер жүргізілген кезде ерекше кепілдіктерді белгілеуге бағытталуға тиіс.
Жаңа терминология заңдағы формалды өзгеріс болып қана қалмауы маңызды. Егер заң көмегі «білікті» деп аталса, заңнама оның іс жүзінде де шын мәнінде білікті көрсетілуіне мүмкіндік беретін жағдайларды қамтамасыз етуі қажет.
Республикалық адвокаттар алқасы қабылданған түзетулерді адвокатура туралы заңнаманы жүйелі түрде одан әрі дамытуға негіз болатын маңызды қадам ретінде қарастырады. Білікті заң көмегінің конституциялық тұрғыдан танылуы адам құқықтарын тәуелсіз, кәсіби және тиімді қорғауды нақты қамтамасыз ететін құқықтық нормаларда өзінің практикалық жалғасын табуға тиіс.