Республикалық адвокаттар алқасы жанындағы Адвокатураның тәртіптік комиссиясы (РАА АТК) кезекті отырысында аумақтық тәртіптік комиссиялардың шешімдеріне қатысты төрт шағымды қарады. Екі материал Астана қаласының адвокаттар алқасының, қалған екеуі Алматы және Шымкент қалалық адвокаттар алқаларының адвокаттарына қатысты болды.
Материалдардың бірі сот ғимаратында болған жанжал кезіндегі адвокаттың әрекетіне байланысты қаралды. Адвокаттың сот процесіне қатысушыларға дөрекі сөйлеп, олардың ар-намысына тиетін сөздер айтқаны анықталды. Сондай-ақ оның әлеуметтік желіде басқа адвокаттың сыртқы келбетін келемеждеген жазбаларына баға берілді.
Тексеру қорытындысында адвокат жанжал кезінде де ұстамдылық танытып, әдеп сақтауға тиіс екені атап өтілді. Қарсы тараптың арандатушы әрекеті өзге адамның жеке басын қорлауға негіз бола алмайды. Аумақтық тәртіптік комиссияның қатаң сөгіс жариялау туралы шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Екінші материал қылмыстық іс бойынша апелляциялық сатыда заң көмегін көрсетуге қатысты болды. Адвокаттың тиісті шарт жасаспай, апелляциялық сот отырысына қатысқаны анықталды. Шағымды қарау нәтижесінде бұрын қолданылған сөгіс түріндегі тәртіптік жазаны өзгертуге негіз табылмады.
Үшінші материал бойынша РАА АТК ескертуді сөгіске ауыстырды. Тексеру барысында ақша қабылдау тәртібінің бұзылғаны және адвокаттың сенім білдірушінің мүддесіне қарсы әрекет еткені анықталды. Бұл әрекеттерге шағымды алғаш қараған кезде тиісті баға берілмеген. Атап айтқанда, адвокат хат алмасу кезінде білдірілген қарсылыққа қарамастан, сотқа талап қоюды қайтару туралы арыз берген. Осы мән-жайларды ескере отырып, комиссия бұрын қолданылған ескерту жасалған бұзушылықтарға сай келмейді деген қорытындыға келді.
Төртінші материал бойынша заң көмегін көрсету туралы шарттың мазмұнына және қорғау (өкілдік ету) туралы жазбаша хабарламаны рәсімдеуге қойылатын талаптардың бұзылғаны қаралды. Сонымен қатар адвокаттың заң көмегін көрсету кезеңінде коммерциялық ұйымның бас директоры болып, өзге ақылы лауазымды атқарғаны анықталды. Кейін бұл бұзушылық жойылған. Тексеру кезінде адвокат сұратылған кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру шартын да ұсынбаған.
Анықталған бұзушылықтардың жиынтығы мен сипатын ескере отырып, РАА АТК аумақтық тәртіптік комиссияның шешімін өзгертті. Адвокатқа бұрын жарияланған қатаң сөгістің орнына оны адвокаттар алқасының мүшелігінен шығару түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Осылайша, отырыс қорытындысы бойынша аумақтық тәртіптік комиссиялардың екі шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Қалған екі материал бойынша тәртіптік жазалар өзгертілді: ескерту сөгіске, ал қатаң сөгіс алқа мүшелігінен шығаруға ауыстырылды.
Тәртіптік шағымдарды қарау кезінде әр істің мән-жайларын толық зерттеп, қолданылатын жазаның анықталған бұзушылықтарға сай болуын қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмыс сенім білдірушілердің құқықтарын қорғауға, адвокаттардың кәсіби міндеттерін адал орындауына және адвокатураға деген сенімді сақтауға бағытталған.