home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары Тәуелсіз Қазақстан Парламенті тарихындағы адвокаттар

Тәуелсіз Қазақстан Парламенті тарихындағы адвокаттар

Тәуелсіз Қазақстан Парламенті тарихындағы адвокаттар
01.07.2026

2026 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті сессиясының жабылуына арналған салтанатты рәсім өтті. Оған Парламенттің өткен шақырылымдарында депутат болған азаматтар қатысып, оларға «Қазақстан Республикасының Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалі табысталды.

Марапатталғандардың қатарында есімі қазақстандық адвокатура тарихында айрықша орын алатын Роза Сақтағанқызы Қуанышбаева да болды.

Роза Сақтағанқызы Парламент депутаты болып сайланғанға дейін, 1991–1996 жылдары Торғай облыстық адвокаттар алқасын басқарды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің I шақырылымының депутаты болып сайланып, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы қызметін атқарды.

Дәл осы кезеңде Парламентте тәуелсіз Қазақстандағы адвокаттық қызметтің заңнамалық негіздерін қалыптастыру мәселелері қаралды. Адвокаттық қызметтің қыр-сырын жетік білетін маманның осы заң шығару жұмысына қатысуы адвокатураның қоғамдағы рөлін, оның тәуелсіздігін және адвокаттардың кәсіби қызметіне берілетін кепілдіктерді терең түсінуге мүмкіндік берді.

Парламенттің I шақырылымында адвокатура тек Мәжілісте ғана емес, Сенатта да өз өкілдігіне ие болды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып заң ғылымдарының докторы, профессор, кәсіби ортада мықты заңгер әрі ғалым ретінде танылған адвокат Сергей Михайлович Жалыбин сайланды.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Парламенті құрамында адвокаттар қауымдастығы өкілдерінің болуы тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, тарихи әрі символдық тұрғыдан да маңызды еді. Бұл адвокатураның егемендіктің алғашқы күндерінен бастап ұлттық құқықтық жүйені қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың заңнамалық негіздерін орнықтыруға тікелей атсалысқанын айқын аңғартады.

Ұзақ жылдарға созылған үзілістен кейін адвокаттар қауымдастығының Парламенттегі өкілдігі 2023 жылы қайта жалғасын тапты. Сол жылы адвокат Абзал Темірғалиұлы Құспан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты болып сайланды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығы атап өтіліп отырған жылы бұл сабақтастықтың мәні ерекше. Өйткені қазақстандық адвокатураның тарихы отандық парламентаризмнің қалыптасуымен, тәуелсіз мемлекеттің алғашқы заңдарының қабылдануымен және бүгінгі таңда білікті заң көмегіне берілетін кепілдіктерді одан әрі нығайту мәселелерімен өзара тығыз сабақтас.

Адвокаттар қауымдастығы үшін заң шығарушы билік тармағында қызмет атқарып, елдің құқықтық жүйесінің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан әріптестердің есімдерін ұлықтау айрықша маңызды. Олардың қызметі қазақстандық адвокатураның да, тәуелсіз Қазақстан Парламентінің де тарихының ажырамас бөлігіне айналды.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Парламентінің тәжірибесі адвокаттардың заң шығару ісіне қатысуы әділетті, теңгерімді әрі өміршең заңдарды қабылдауға елеулі үлес қоса алатынын көрсетті. Адвокатураның конституциялық мәртебесі жаңа деңгейге көтерілген бүгінгі кезеңде бұл сабақтастықтың мәні бұрынғыдан да айқындала түсуде. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай құрамында да азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мол тәжірибесі бар, сот төрелігінің мәні мен құқық қолдану практикасын терең меңгерген, құқық үстемдігі қағидаттарына адал адвокаттардың болуы қоғамдық диалогтың мазмұнын байытып, заңнамалық бастамалардың сапасын арттыруға өз үлесін қосары сөзсіз.