Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті.
Отырыста елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралып, алдағы реформалардың негізгі бағыттары айқындалды.
Іс-шара аясында салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 17 қаңтардағы Жарлығына сәйкес адвокаттық қауымдастықтың бірқатар өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты, Республикалық адвокаттар алқасы президиумының мүшесі Айман Умарова III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты, Республикалық адвокаттар алқасының бұрынғы төрағасы Айдын Бикебаев «Парасат» орденіне ие болды.
Адвокаттық қауымдастық әріптестерінің бұл жоғары марапаттарына зор мақтаныш білдіреді. Аталған наградалар адвокатураның жария-құқықтық институт ретіндегі маңызын және адам құқықтарын қорғаудағы айрықша рөлін айқын көрсетеді.

