Үшінші тұлғалармен заң көмегін көрсету туралы шарт жасасу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Адвокаттар алқасының ұстанымы

Үшінші тұлғалармен заң көмегін көрсету туралы шарт жасасу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Адвокаттар алқасының ұстанымы
12.12.2025

Мәселенің сипаттамасы

Күдіктінің, айыпталушының (сотталғанның), жәбірленушінің (талапкердің), сондай-ақ қорғау құқығына ие өзге де процеске қатысушылардың мүддесінде әрекет ететін үшінші тұлғамен заң көмегін көрсету туралы жазбаша шартты ресімдеу (жасасу) мүмкіндігін құқықтық реттеу.


Заң көмегін көрсету туралы шарт жасасуды заңнамалық реттеу

Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағына сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының (бұдан әрі – бейіндік Заң) 1-бабының 1-тармағында мынадай негізгі ұғымдар айқындалған:

  • заң көмегі – Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 3-тармағында бекітілген әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығын іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған, соның ішінде арнайы заңи білім мен дағдыларды қолдану арқылы көрсетілетін қызмет;

  • адвокаттық қызмет – жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және оларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында адвокаттар жүзеге асыратын кәсіби заң көмегі;

  • клиент – заң көмегін алу үшін жүгінген жеке немесе заңды тұлға (өкілі).

Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі. Бейіндік Заңның 14-бабында әркімнің заң көмегіне қолжетімділікке құқығы бекітілген, ал 31-баптың 3-тармағында адвокаттардың заң көмегін көрсетуі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайтыны айқындалған.

Бейіндік Заңның 17-бабына сәйкес ақылы негізде көрсетілетін заң көмегі – егер заңда өзгеше көзделмесе, заң көмегін көрсету туралы жазбаша шарттың негізінде жүзеге асырылады.

33-баптың 1-тармағы адвокатқа жүгінген тұлғаға қажетті кез келген заң көмегін көрсету құқығын береді.
33-баптың 2-тармағына сәйкес адвокат заң көмегін көрсету туралы жазбаша шартты өзі атынан жасайды. Мұндай шарт жасасу міндетті болып табылады.

46-бапқа сәйкес адвокаттың нақты істі жүргізу жөніндегі өкілеттігі адвокат куәлігімен және қорғау (өкілдік) туралы жазбаша хабарламамен расталады. Ал 46-баптың 3-тармағында бұл хабарламада қорғалатын тұлғаның деректері және заң көмегін көрсету туралы шарттың күні мен тіркеу нөмірі көрсетілуі тиіс екені белгіленген.

47-бапқа сәйкес заң көмегіне ақы төлеу мөлшері мен шығындарды өтеу тәртібі адвокат пен заң көмегіне жүгінген тұлға арасындағы шартта айқындалады.

Азаматтық кодекстің 165-бабына сәйкес өкілеттігі жоқ немесе өкілеттігін асыра пайдалана отырып жасалған мәміле, кейіннен ол тұлға мақұлдаған жағдайда ғана заңды күшке ие болады.

Ал 857-бапқа сәйкес, егер бір тұлға басқа біреудің тапсырмасынсыз, бірақ оның мүддесі үшін әрекет жасап, ол бұл әрекеттерді кейіннен мақұлдаса, тараптар арасындағы қатынастарға тапсырма шарты немесе соған ұқсас шарт нормалары қолданылады.


Қазақстан Республикасы Адвокаттар алқасының ұстанымы

Білікті заң көмегіне құқықты конституциялық тұрғыда қамтамасыз ету жүйесінде бұл құқықты нақты іске асыруға жағдай жасау шешуші маңызға ие. Заң көмегі, соның ішінде сот ісін жүргізудің барлық нысандарында (конституциялық, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық) көрсетілетін көмек, негізгі құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз етуші мәнге ие.

Қазақстан Республикасында бұл құқық Конституциямен және халықаралық адам құқықтары жөніндегі құжаттармен кепілдендірілген және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.

Конституцияның 12-бабының 2-тармағына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын айқындайды. Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 10 маусымдағы №8 қаулысында бұл қағида құқықтық мемлекеттің негізгі белгісі ретінде көрсетілген.

Конституцияның 13-бабының 2 және 3-тармақтары әркімнің сот арқылы қорғалуға және білікті заң көмегін алуға құқығын бекітеді. «Әркім» ұғымы бұл құқықтың барлық адамдарға, олардың құқықтық мәртебесіне қарамастан, тең дәрежеде тиесілі екенін білдіреді.

Осы құқықтарды шектейтін заңдар айқындық, дәлдік және болжамдылық талаптарына сай болуы тиіс және ерікті түсіндіруге жол бермеуі қажет.

АК-тің 165-бабы мен ҚПК-тің 68-бабы үшінші тұлғалар арқылы шарт жасасу мүмкіндігін құқықтық тұрғыда жеңілдетеді.

Заңнамалық, азаматтық-құқықтық және кәсіби өзін-өзі реттеу нормаларын кешенді талдау Қазақстанда заң көмегін көрсету қолжетімділік қағидатына негізделгенін және заң көмегін бастамалауға құқылы тұлғалар шеңберіне шектеу қойылмағанын көрсетеді.

Бейіндік Заңның 35-бабы адвокаттардың құқықтарын заңда тікелей көзделмеген жағдайларда шектеуге тыйым салады. Сондықтан үшінші тұлғалар арқылы шарт жасасуға жасанды кедергілер қою адвокаттық қызметке заңсыз араласу болып табылады.

Заңнамада:

  • «клиент»,

  • «заң көмегіне жүгінген тұлға»,

  • «көмек көрсетілетін тұлға»

ұғымдарының саналы түрде ажыратылуы – заң көмегін икемді әрі өмірлік жағдайларға сай көрсетуге бағытталған.

Азаматтық заңнама шарттарды үшінші тұлғаның мүддесінде жасасуға жол береді. Бұл – жалпы құқықтық қағида.

Адвокаттардың кәсіби әдеп кодексі де осы ұстанымды бекітеді. Атап айтқанда, Кодекс адвокатқа:

  1. шартты өзі жасасқан тұлғаға;

  2. шартты басқа тұлға жасасқан, бірақ өзі көмек алатын адамға;

  3. уәкілетті орган тағайындаған тұлғаға
    заң көмегін көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, адвокат үшінші тұлғалардан ақы алуға құқылы және төлеуші мен сенім білдіруші арасындағы қатынасты тексеруге міндетті емес.


Қорытындылар

  1. Адвокат басқа тұлға жасасқан шарт негізінде заң көмегін көрсетуге құқылы.

  2. Адвокат шарт жасасқан үшінші тұлғаның өкілеттігін, сондай-ақ тараптар арасындағы қатынастар мен себептерді тексеруге міндетті емес.

  3. Үшінші тұлғамен жасалған шарт негізінде заң көмегін көрсету бейіндік Заң талаптарын бұзбайды және заңды болып табылады.

23.04.2026

21.04.2026