home-img Медиа Республикалық адвокаттар алқасы жаңалықтары АДВОКАТ ДАУЛЕТБЕК ТАМПИЕВТІ ҰСТАП АЛУ ФАКТІСІ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ АШЫҚ ҮНДЕУІ

АДВОКАТ ДАУЛЕТБЕК ТАМПИЕВТІ ҰСТАП АЛУ ФАКТІСІ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ АШЫҚ ҮНДЕУІ

АДВОКАТ ДАУЛЕТБЕК ТАМПИЕВТІ ҰСТАП АЛУ ФАКТІСІ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ АШЫҚ ҮНДЕУІ
13.05.2023

Республикалық адвокаттар алқасының Төралқасы астаналық алқаның адвокаты Д.С. Тампиевке қатысты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің ҚР Қылмыстық кодексінің 432-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша (Қылмысты жасырып қалу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеуіне және оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шараларын қолдануға байланысты қатты алаңдаушылығын білдіреді.

Көрсетілген қылмыс құрамы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеудің негізділігіне күмән туындап отыр, өйткені адвокат өзінің құқықтық мәртебесіне байланысты ҚР қолданыстағы заңнамасының нормаларына сәйкес:

  1. Заң көмегін көрсетуге байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді құпия сақтауға тиіс;
  2. Көмек сұраған адамның келісімінсіз оларды жария етуге құқығы жоқ;
  3. Қорғауындағы адамның ұстанымына қарамай оның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар екенін тануға құқығы жоқ;
  4. Қорғауындағы адамның мүдделеріне қарсы қандай да бір іс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ;
  5. Заң көмегіне жүгінген адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың заңмен тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсілдерін пайдалануға құқылы.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты клиенті жасады деп тағылып отырған қылмысты жасырып қалды деген күдік бойынша адвокатқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеу төтенше жағдай болып табылады.

Республикалық адвокаттар алқасы бүкіл адвокаттық қоғамдастықтың өкілді органы ретінде адвокат Д.С. Тампиевке қатысты Петропавл қаласының Мамандандырылған тергеу сотының тергеу судьясы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын негізсіз қолдануына да назар аударады. 

Бұл жағдай Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына қарамастан тергеу соттары қылмыс жасады деген күдіктің негізділігін тексермей, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаудың кең таралған практикасының классикалық мысалы болып табылады. Мәселен, тергеу судьясының қаулысында күдікті жасаған ықтимал қылмыс оқиғасының сипаттамасы жоқ, күдіктінің қылмысты қандай түрде жасырғаны және онымен қалай айналысқанын көрсететін нақты деректерге нұсқау жоқ. Осылайша, қылмыс жасады деген күдіктің негізділігін көрсететін адвокаттың нақты әрекеттері туралы ешқандай мәліметтер болмасада сот оны екі ай күзетпен ұстауды санкциялады.

Бұл жағдай күдіктінің жеке басының оң сипаттамалары және істің басқа мәндері сот тарапынан ауырлататын мән-жайлар деп танылатын практиканың мысалы болып табылады. Істің материалдарында Д.С. Тампиев жасырынуға немесе қылмыстық істі объективті тергеуге кедергі келтіруге тырысты деген мәліметтер жоқ. Сонымен қатар, сот күдіктінің бұрын сотталмағанын, 54 жасқа толғанын, ресми некеде тұрғанын, жылжымайтын мүлікке ие екенін, жоғары білімі бар екенін және адвокат болып жұмыс істейтінін анықтады. Алайда, сот жасалған іс-әрекеттің ауырлығы күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын сайлауға жалғыз және сөзсіз негіз бола алмайтындығын көрсетсе де, келесі даулы деректерді қосымша негіздеме ретінде келтіре отырып, бұл шараны санкциялады:

  1. Күдіктіні көлікте құқық бұзушылық жасағаны үшін бір жыл ішінде әкімшілік жауаптылыққа тарту. Бұл ретте сот адвокат Д.С. Тампиевтің  көлік жүргізушісі болмағанын, оны басқа адам сенімхат негізінде пайдаланғанын ескерген жоқ. Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелері бойынша жекелеген және шамалы бұзушылықтар жасауды қылмыс жасауға бейімділік деп тұжырымдау этикаға жатпайды;
  2. Күдіктінің «жеткілікті берік әлеуметтік байланыстары» болуы. Бұл ретте сот адамның мұндай мінездемесі, керісінше, күдіктінің оң қасиеттерін, оның ішінде адам жатақханасының заңдары мен нормаларын сақтауға бейімділігін айғақтайтынын ескермеген;
  3.  Күдіктінің құқық қорғау органдарындағы көп жылдық жұмыс тәжірибесі. Бұл ретте сот бұл күдіктіні оң сипаттайтынын және оның заңға бағынатынын куәландыратынын ескермеген.

Жоғарыда айтылғандардан бөлек, сот Д.С. Тампиевтің құқық тәртібін бұзуға бейімділігінің дәлелі ретінде оның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің аумағына заңсыз кіргенін көрсетті. Бұл ретте «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңының 33-бабына сәйкес адвокат соттардың, прокуратураның, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың әкімшілік ғимараттарына еркін кіру құқығын пайдаланатынын сот елемеді. Адвокаттардың рөлі туралы негізгі Ережелердің 22-тармағына сәйкес (1990 жылы тамызда Нью-Йоркте БҰҰ-ның қылмыстың алдын алудың сегізінші Конгресі қабылдаған) Үкіметтер адвокаттың кәсіби міндеттерін орындауына байланысты қатынастар шеңберінде адвокат пен клиент арасындағы байланыс пен консультациялардың құпиялылығын мойындауы және сақтауы керек.

Адвокат құқық қорғау және басқа органдардың ғимараттарына өзінің клиентіне Конституциямен кепілдендірілген заң көмегін көрсету мақсатында келеді. Бар мәліметтерге сай адвокат Д.С. Тампиев Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің ғимаратына өзінің сенім білдірушісіне заңгерлік көмек көрсету үшін келген, оның ғимаратқа кіруге басқа мақсаттары болмаған. Бұл жағдайда, керісінше, сотқа дейінгі тергеу органы адвокаттың клиентпен кездесуіне жол бермей, оның құқықтарын бұзды және оның заңды адвокаттық қызметіне кедергі келтірді.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты ҚР Қаржылық мониторинг агенттігін және ҚР Бас прокуратурасын осы істі тергеп-тексеруді ерекше бақылауға алу және күдіктің негізділігі туралы куәландыратын жеткілікті негіздер болмаған жағдайда оны тоқтату және кінәлілерді жауапқа тарту, сондай-ақ адвокаттардың өз сенім білдірушілеріне заң көмегін көрсету үшін құқық қорғау органдарының ғимараттарына өтуіне жол бермеу бойынша кең таралған практиканы тоқтату жөнінде шаралар қабылдауға шақырамыз.

Республикалық адвокаттар алқасының Төралқасы сондай-ақ соттарды адвокат Д.С. Тампиевтің және оның қорғаушыларының Петропавл қаласының Мамандандырылған тергеу сотының тергеу судьясының қаулысына шағымдарын қарау кезінде қылмыстық-процестік заңнаманың талаптарын сақтауға шақырады.