Серік Ақылбай: Форумның қорытындылары мен ұсыныстары заңнаманы және құқықтық тәжірибені жетілдіруге ықпал етеді деп сенемін

Қайырлы күн, құрметті әріптестер, 

Адвокаттардың қазақстандық форумына қатысушылар!

Біріншіден, бүгінгі іс-шараға шақырғандарыңыз үшін алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер.

Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз егеменділік пен саяси беделін нығайтуға күш жігерін жұмсады. Бүгінгі таңда жетістіктерімізбен мақтана аламыз деп ойлаймын.

Қоғамымыз әрбір қадам сайын адамның құқықтары мен демократия саласында ең жоғары стандарттарға жақындап келеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда қоғамның барлық маңызды салаларындағы құқықтық қатынастарды реттейтін 280-нен аса заңдар, 17 кодекстер және 10 Конституциялық заңдар қолданыста бар.

Алайда еліміздің барлық заңнамасы мен құқықтық тәжірибесі негізделетін іргетасы мен өзегі Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады. Конституция заңнамадағы біртұтастықты сақтайтын және оның ережелері мен қағидаттарын үнемі сақтауды талап ететін негізгі құжат.

Осы орайда Мемлекет Басшысы конституциялық заңдылықтың кепілі ретінде, заңшығармашылық қызметінің бағыттарын анықтайды.

Осылайша 2015 жылғы қаңтардан бастап қолданысқа жаңа редакцияларда Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер енгізілді.

Осы аталған актілерді қабылдау, ең алдымен, тұлғаның құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін нығайту қажеттігіне негізделді, сондай-ақ сот өндірісінің тиімділігін және құқықтық жауаптылық шараларын жоғарлату себебінен туындады. Кодекстерде әлемдік қоғамдастықпен қалыптастырылған заманауи қылмыстық-құқықтық саясаттың барлық озық идеялары барынша шоғырландырылған.

Атап айтқанда:

— қылмыстық іс қозғау және тергеуге дейінгі тексеріс жүргізу сатылары алынып тасталды;

— процесуалдық келісім институты енгізілді;

— азаматтардың конституциялық құқықтарына қатысты процесуалдық әрекеттерді дербес қабылдау бойынша тергеу және анықтау органдарының өкілеттері тарылтылды;

— сотқа дейінгі өндіріс басынан бастап қорғаушы қатысуының құқықтық негіздері кеңейтілді;

— тергеу судьясы және процессуалдық прокурор және бірқатар қатысушылар енгізілді.

Одан басқа, қорғаушы ретінде іске қатысушы адвокаттың өкілеттері дәлелдемелерді жинау, процеске алғашқы кезеңнен бастап қатысу, іс материалдарының көшірмелерін алу құқығын бекіту, қылмыстық ізге түсу органдарының заңсыз әрекеттеріне сотқа шағым келтіру, қылмыстық іске қатысты ақпарат шамамен қолда бар деген тұлғалардан түсінік алу, сараптаманы бастамалау бөлігінде кеңейтілді және егжей-тегжейленді.

Осының барлығы, Өздеріңіз түсінгендей, қылмыстық процестегі бәсекелестік қағидатын, қорғау және айыптау теңгерімінің іске асыруға ықпал етеді.

Осы орайда «100 нақты қадам» Мемлекеттің бес институтционалдық реформаларын іске асыру бойынша Ұлт Жоспары аясында әділеттің үш кезеңдік жүйесіне ауыстық. Тергеу судьясына барлық тергеу әрекеттерін (қарау, тінту, алу) санкциялау бойынша өкілеттері берілді.

Сондай-ақ білікті заң көмегін ұсынудың тиімді жүйесін құру арқылы Конституцияның 13-бабын іске асыруға қабылданған «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Заңын еске алу керек.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Жоғары Сот Кеңесі, сот жүйесі және судьялардың мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының жобасына депутаттар судья лауазымына адвокат немесе прокурор ретінде бес жылдан кем емес жұмыс өтілі бар тұлғалардың қатырынан сайлауды ұсынды.

Баяндамамды аяқтай келе, жоғарыда айтылғанды түйіндей отырып, форумның қорытындылары мен ұсыныстары заңнаманы және құқықтық тәжірибені жетілдіруге ықпал етеді және адам мен азаматтың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау және мемлекет қызметін құқықтық қамтамасыз ету бойынша оң нәтижелерін береді деп сенемін.

Форум қатысушыларына табысты және нәтижелі жұмыс тілеймін.

Назарларыңыз үшін рахмет!

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенатының

Конституциялық заңнама,

сот жүйесі және құқық қорғау

органдары комитетінің төрағасы

С.Б. Ақылбай

Добавить комментарий: