МИМАНОВА ГУЛЬНАР КОЙШИБАЕВНАДАН. РАА ТӨРАҒАЛЫҒЫНА ҮМІТКЕР КАНДИДАТТЫҢ САЙЛАУ АЛДЫ НАУҚАН БАҒДАРЛАМАСЫ.

Миманова Гульнар Койшибаевна, 1963 жылы туған, ұлты қазақ, Қызылорда облысының тумасы, 2 жоғарғы білімді, қазақ-орыс тілдерін еркін меңгерген, 2 бала, 3 немере тәрбиелеп отырған ана, әже және Адвокат.

Миманова Гульнар Койшибаевна  Қазақстан ауылшаруашылығы институтының экономист мамандығымен және  Ортаазиялық университеттің юриспруденция мамандығының иегері. Еңбек жолын 1985 жылдан бастап Қызылорда облысының ауылшаруашылығы ұйымдарында экономист мамандығымен қызмет атқарып, 2005 жылдан бастап заңгерлік фирмаларда юристконсульт, директор қызметтерін атқарып,  2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының мүшесі болып табылады. Қызылорда облыстық «QAZAQSTAN-QYZYLORDA» телеарнасындағы «Заң консультациясы » бағдарламаларындағы спикері.  


Құрметті әріптестер!

Республикалық адвокаттар алқасының төрайымы лауазымына кандидаттар қатарынан көрінуім, мен үшін үлкен мәртебе. Себебі, адвокатура саласындағы түйткілді мәселелер маған жете таныс. Ал, бұл мәселелерді шешу үшін көптеген жұмыстар жасау керек екенін де түсінемін.

Осы тұрғыда, мені Республикалық адвокаттар алқасының төрайымы етіп сайлаған жағдайда өзімнің барлық күш — жігерімді, кәсіби тәжірибемді, білімімді пайдалана отырып, төмендігідей мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге ұмтыламын:

— адвокатура институтын жетілдіру және адвокаттың процестік мәртебесін халықаралық стандарттар мен қазіргі заманғы үрдістерге сәйкес келтіру, сондай-ақ оның жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы рөлін арттыру;

— адвокатура институтының беделін арттыру және оның қатарына жас заңгерлердің келуі, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың білікті заң көмегіне тиімді қол жеткізуін қамтамасыз ететін елдегі адвокаттар санын арттыру;

— адвокаттың анықтау, тергеу және сот органдарымен іс жүзінде өзара іс-қимылын болдырмайтын автоматтандырылған жүйе арқылы мемлекет есебінен қорғаушыны тағайындау тәртібін енгізу;

— Адвокаттың өз өкілеттіктерін тиісті кәсіби деңгейде орындау мүмкіндігін қамтамасыз ететін бірқатар әлеуметтік шараларды қабылдауға назар аудару қажет. Мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын адвокаттардың еңбегіне ақы төлеу мөлшері айтарлықтай ұлғайтуды талап етеді. Сонымен қатар, бірқатар әріптестеріміздің мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде еліміздің азаматтары, мүгедектерге ақысыз түрде заңдық көмек көрсетіп отырғаны белгілі, осыған орай осындай осал жандарға қызмет көрсеткен адвокаттарға мемлекет есебінен қаржы төлеу мәселесін қарастыру. Сондай-ақ,  адвокаттардың кірістеріне салық салу жүйесі қайта қарауды қарастыру;

— Қазіргі әлемнің технологиялары мен инновацияларын дамыту адвокат мамандығына жаңа талаптар қояды. Осыған байланысты, жұмыс істеп жүрген адвокаттардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында оларды оқытудың әртүрлі нысандары мен кең мүмкіндіктерін ұйымдастыруға ниетті. Адвокаттық қоғамдастық құқықтық көмекті мемлекеттік тілде көрсетуге барынша дайын болуға тиіс. Адвокат өз қызметінің нәтижелері мен кәсіби этиканы сақтау үшін жауап беруі керек;

— «Заңтану» мамандығы бар жоғары оқу орындарында білім алушылардың адвокаттық қызметке қызығушылығын арттыруға және оны жүзеге асыру кезінде қажетті практикалық дағдыларды алуға бағытталған бағдарламаларды енгізу; заң Жоғары оқу орындары түлектерінің адвокат мамандығына қол жеткізуін жеңілдету үшін қажетті шаралар қабылдау;

— Адвокаттың сұрау салуын жіберу және адвокаттың сұрау салуына мемлекеттік құпияларды, банктік, салықтық, дәрігерлік және өзге де құпияны құрайтын мәселелер бойынша жауап беру тәртібін белгілеу;

— Қорғаушыны шақыру, тағайындау және одан бас тарту тетігін жетілдіру, сайланған қорғаушының іске кедергісіз кіруін қамтамасыз ету, мемлекет есебінен қорғаушыны негізсіз тағайындауды болдырмау және қорғаушының еркіне қарсы қорғаушыдан бас тарту мақсатында қорғаушының міндетті түрде жеке қатысуымен қорғаушыдан бас тартуды ресімдеу тәртібін енгізу.

— Қоргаушыны өз қызметін атқару барысында барлық тиісті органдарға, оның ішінде қылмыстық қудалауды іске астыратын органдарда, соттарға қызметтік куәліктің негізінде кедергісіз кіру және адвокаттың ұялы телефоны және ұйымдастыру техникаларын пайдаланып қызметін іске асыруға мүмкіндік беру мәселелерін қарастырып, жолға қою.

Бұл менің  Республикалық адвокаттар алқасының төрайымы болған жағдайда атқаратын жұмыстарымның  бір бөлігі ғана. Ең бастысы, Қазақстанның адвокатурасы – азаматтардың  құқықтарын қорғау саласында басты рөлге ие,  өз қызметін мемлекеттік органдармен бір бағытта жүзеге асырып тең сатыда тұратын, беделді және ықпалды ұйымға айналуы тиіс.

О Pressa

Пресс-секретарь Республиканской коллегии адвокатов

Добавить комментарий: